Ұлттық құндылықты ұлықтап, өңірдің мәдениетін және туған жердің танымал тұлғаларын дәріптеуді көздейтін облыстағы «Ауылым – алтын бесігім» атты байқау жақында өз мәресіне жетті. Оның нәтижесі Алматы облысындағы қала мен аудан мәдениет күндерінің қорытынды марапаттау шарасында айтылып, үздіктер құрметке бөленді.
Бұл салтанатты басқосуда сондай-ақ облыс әкімінің «Ақтаңгер» сыйлығын және өнер өлкесінде еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерге «ҚР Мәдениет саласының үздігі» атты төсбелгісін табыстау рәсімі де өтті. Айтулы мадақтауға ие болып, мерейлерін үстем еткен марапаттардың арасында қарасайлықтар да бар екенін мақтанышпен айта аламыз.
Мәдени мұра мен сан түрлі өнер саласының өкілдері жиналған игі шара облыс әкімдігінің қолдауымен Қонаев қаласында өтті. Оның ұйымдастыруына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйытқы болды.
Салтанатты кеште алдымен Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет пен өнер саласының өкілдеріне лайықты марапаттарын табыс етті. Жоғарыда атап өткендей ыстық ықыласқа бөленіп, аудан абыройын арттырған өнер адамдарының ішінде қарасайлықтар да бар. Атап айтқанда, Қаскелең мәдениет колледжінің арнайы пән оқытушысы Теип Бейсембеков ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен наградталса, ел мақтанышы, жас өнерпаз Шерхан Арыстан «Ауылым – алтын бесігім» атты мәдениет күндері аясында өткен байқауда «Үздік әнші» номинациясына лайық деп танылып, 100 000 теңгенің сертификатына ие болды. Сондай-ақ аталған байқауда «Үшқоңыр» ансамблі «Үздік фольклорлы-этнографиялық ансамбль» номинациясы бойынша үздік атанды. Өнер ұжымына 200 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық табыс етілді.
Ал мәдениет күндерін лайықты ұйымдастырып, байқау барысында бағы жанған Қарасай ауданы үздік үштіктен көрініп, ІІІ дәрежелі дипломмен және 300 000 теңгенің сертификатымен марапатталды. Бұл жүлдені Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев Қарасай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсеноваға табыс етті (суретте).
Салтанатты шараның соңы гала-концертке ұласты. Әуезді ән айтылған кеште Халықаралық балалар арасындағы «ВИТЕБСК-2023» байқауының Гран-При иегері Шерхан Арыстан «Молдабайдың әнін» шырқаса, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің әншілері Нұрғиса Тілендиевтің «Саржайлау» әнін орындады. Осылайша қарасайлық өнерпаздар қонақтардың көңілін көтеріп, құрмет-кошеметтеріне бөленді.
Мәдениетімізді дамытып, аудан атын шығарған өнерпаз қауымын лайықты марапаттарымен құттықтаймыз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.