Қарасайлық жастардың өнерін шыңдауға үлес қосып келе жатқан Қаскелең мәдениет колледжі осыдан екі жыл бұрын 65 жылдық мерейтойын атап өткен еді. Өнер қуған жастар үшін мәдени өмірге баспалдаққа айналған бұл білім мекемесі расымен ауданымыздың өзінше бір рухани орталығы болып саналады. Осы уақыт аралығында атқарған істері де аз емес. Шәкірт тәрбилеу жолында да мықты екендіктерін дәлелдейтін жетістіктері де жетерлік. Мәселен, Қаскелең мәдениет колледжі 2021 жылдың мамыр айында жарық көрген Ресей мен Қазақстандағы «Үздік адамдар» мен «Білім саласының үздіктері» іріктелген халықаралық үлкен энциклопедияға енді. Сонымен қатар, аталған энциклопедия редакциясының таңдауымен «Үздік білім беру мекемесі» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен және медальмен марапатталып, мәртебелері артты.
Сонау 1954 жылы Талдықорған облысында (қазіргі Алматы облысы) Лепсі ауылында алғашқы біліктілікті үйрету негізінде құрылған оқу орны күні бүгінге дейін түрлі мамандық иелерін тәрбиелеп шығарған. Осынау ұзақ ғұмырлы білім ордасының өткен белестері де Қазақстан тарихымен тікелей тағдырлас. Кеңес өкіметі тұсында, яғни, 1967 жылы ҚазСРО Білім министрлігінің бұйрығымен Алматы облысы Қаскелең қаласына көшіріліп, мәдени-ағарту училищесі деп аталды. Ал, 1995 жылы Қаскелең мәдениет колледжі дәрежесіне дейін көтерілді. 2019 жылдың 21 қаңтарында SA-B №0096 Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігінің «EGAR» аккредитациясынан өтті. Жаңа статусқа ие болған колледж бүгінде 03220100 «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша 4S03220101 «Кітапханашы» біліктілігі, 02151000 «Халықтық көркем шығармашылығы» мамандығы бойынша 4S02151001«Көркем өнерпаздар хореографиялық ұжымының жетекшісі, оқытушысы», 4S02151002 «Көркемөнерпаздар, халық аспаптары оркестрінің жетекшісі, оқытушысы», 4S02151003 «Сәндік-қолданбалы шеберлік ұжымының жетекшісі, оқытушысы» біліктіліктері орта және орталау мектеп бітірген жастарды оқуға қабылдап, білікті кадр етіп шығаруда. Оның ішінде, еңбек нарығында дайындалатын мамандарға деген сұранысты ескере отырып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын, оқу-әдістемелік кешенін заманауи талаптарға сәйкес нығайтып, оқытушылардың кәсіби шеберлігін шыңдау және серіктес ұйымдар мен потенциалды жұмыс берушілермен байланыс орнатуда жаңаша жұмыстың үлгісін көрсетіп жүрген колледждің еңбегі ерен.
Талай жылдық тарихы бар колледж, әсіресе, тәуелсiздiк жылдары қарқынды дамып, шығармашылық жағынан байып, биік белестерге қол жеткiздi. Өнер ордасы соңғы 10 жыл ішінде сұранысқа ие 3000-нан аса білікті маман даярлап шығарды. Еңбек нарығының барлық талаптарына жауап бере алатын білім ордасының түлектерінің 70% жұмыспен қамтылып отыр. Бүгінде олардың басым бөлігі аудан, қала, облыс көлеміндегі Мәдениет үйлерінде, орта және қосымша білім беру мекемелерінде, ұлттық кітапханада еңбектенуде. Колледж қазіргі кезеңде студенттерді «Әлеуметтік-мәдени қызмет және халық шығармашылығы» атты жаңа бағыт бойынша оқытуды бастауға дайындық жүргізіп жатыр.
Өнер мен мәдениет саласында айтулы еңбек сіңіріп жүрген маман иелерін дайындайтын аймақтағы білім беру ошағын 2018 жылдан бастап «Ыбырай Алтынсарин» мен «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері Саят Ақбасов басқарады. 16 жыл бойы білім беру саласында үздіксіз еңбек етіп жүрген ол колледж тізгінін қолына алғаннан бері мықты тәлімгер әрі ұйымдастырушы ретінде көріне білді. Сонымен қатар, Саят Қырғызбайұлы 2019 жылы студенттердің оқу сапасын арттыру және заманауи білім беру әдістері мен технологияларын меңгеру мақсатында «ТжКБ ұйымдарында кредиттік-модульдік оқыту технологияларын енгізу ерекшеліктері» және «WorldSkills өндірістік оқытуға арналған арнайы пәнді және модульдік оқыту әдісін енгізу» мәселелері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Соңғы бірнеше жылдағы оның еңбегі мен бастамасының арқасында колледж ішінде жаңа асхана ашылып, жаңа акті залының іші жабдықталды.
Оқу орнының өткені, шығармашылық шыңы дарынды және кәсіби мамандар еңбегімен құрылған. Қазіргі таңда білім ошағында жоғарғы білімді 45 оқытушы қызмет етеді. Олардың ішінде үш магистр, 32 жоғары және бірінші санаттағы педагог бар. 20 ұстаз түрлі республикалық қоғамдық төсбелгілермен марапатталған. Сонымен қатар, аталған колледжде ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі композитор Болат Әшірбаевтың жұмыс істейтінін де айта кеткен жөн. «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, білікті ұстаздан қашанда білімді шәкірт тәрбиеленіп шығары сөзсіз.
2020-2021 оқу жылында колледждің жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтар болсақ, Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абай салған дара жол» атты халықаралық өнер және білім байқауында шәкірттері жоғары нәтиже көрсеткені үшін халық аспаптары бөлімінің ПЦК жетекшісі Талғат Рахимбай, Жанар Ошақбаева «Үздік жетекші» атағына ие болды. Колледж студенттері арасынан «Жас екпін» жас өнерпаздардың республикалық «Дәстүрлі күй» номинациясы бойынша лауреат атағы Сұлтанқұл Сұңқар 1-дәрежелі дипломмен марапатталып, ІІІ халықаралық «Жас толқын» өнер байқауының бас жүлде иегерлері 1 курс студенттері Қали Жанерке, Айару Габасова, Жандәулет Асқар, І орын иегерлері Мөлдір Яхия, Меруерт Казыбекова атанды. Республикалық «Дала сазы» байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін Акниет Туралы 1-орын дипломымен, «Құстар – біздің досымыз» атты қашықтан өткізілген республикалық байқауда «Сурет» номинациясының 1-орын жүлдегері Дана, Құрманбек және тағы да басқа студенттер жетістікке жетті.
Тамырын тереңге жайған Жетісудың байырғы оқу орындарының бірі болып табылатын Қаскелең мәдениет колледжіне бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау жолында толағай табыстар тілейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.