Тәуелсіз еліміздің тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жыл озған сайын жаңа сипат алып, өнегелі өзгерістерге бет бұрғаны, әлбетте, игілікті істің нышаны. Мемлекетіміз өркенниетті елдердің қатарынан көріну мақсатында саяси-әлеуметтік, мәдени, рухани жаңғыру жолына айшықты қадам басқаны көңілге қуаныш ұялатады. Әсіресе жаңа Қазақстанның болашағы жарқын болу үшін ұлтық сипатта жасалып жатқан іс-шаралар жас ұрпақ өкілдеріне, барша халыққа үлгі өнеге болып қалыптасады деген үміт зор.
Осы мақсатта біртіндеп қазақстандықтардың өміріне еніп келе жатқан игі бастамалардың бірі, табиғаттың тамаша мезгіліне сәйкес, көктемнің шуағымен шырай шашып келетін «Алғыс айту» күні деп айтар едім.
Алғыс деген сөздің өзі құлаққа қандай жағымды естіледі. Бала күнімізден ата-әжелер мен аға-жеңгелерден алғыс естіп өскен бүгінгі біздер, ардагерлер үшін бұл сөздің құдіреті күшті, маңызы зор. Жас кезімізде алғыс алу қандай ғанибет болса, қазіргі күнде бізге алғыс айту да сондай ғанибет.
Алғыс айту күні келешекте мерекелік сипат алады деп білемін. Өйткені бұл күн қазақ елінің барша халқына ортақ, тікелей қатысты деп түсінем. Үлкен-кіші демей, ұлтына қарамай адамдардың бір-біріне деген ризашылық пейілі мен ақ ниетінің нәтижесі алғыс арқылы білінеді. «Рақмет» деген бір ауыз сөзді естігенде жүрегің жылып жүре беретіні ақиқат емес пе?! Марқайып, масайрап қалатының да осы сәтте.
ХХ ғасырда Қазақстан Республикасы көпэтносты мемлекет болып қалыптасты. Столыпин реформасы кезінде кең байтақ қазақ жеріне көршілес жатқан Ресей, Украина, Белорусь елдерінен 1,5 миллионға жуық қарапайым халық қоныс аударды. Тіпті Түрік, Герман, Корей сияқты алыс шет елдердің тұрғындары да Қазақстанға көшіп келіп, жергілікті халықтың қатарына қосылды. Түрлі тарихи оқиғаларға байланысты қиыншылық пен қудалаушылық көрген жандарды қазақ жұрты еш ренішсіз қарсы алып, ұлттық қасиетімізге сай қамқорлық көрсетті. Міне, күні бүгінге дейін ортамызда өмір сүріп жатқан осы халықтардың өкілдері қазақ ұлтына, мемлекетіне деген алғыстарын айтудан жаңылған жоқ. Оған біздің Қарасай ауданын мекендеген басқа ұлт өкілдерінің қошамет-құрметі нақты дәлел бола алады. Тіпті туыстасып, қыз алысып, қыз берісіп жатқан отбасылар аз ба?!
Алғыс айту күні – өткенге тағзым, бүгінгі күнімізге ризашылық сезіміміздің жарқын белгісі. Бұл мереке өскелең ұрпақтың қамқорлық сезімін оятатын, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайта түсуге оң ықпал ететін қасиетті күндердің бірі болады деп сенемін. Алдағы уақытта Алғыс айту күні жалпы халықтық сипат алып, әсіресе жас өркен өкілдеріне тәлім-тәрбиелік әсері зор болатынына көзім жетіп отыр. Қазақта мақал бар: «Қарғыс алма, алғыс ал» деген. Дана халқымыз қалай тауып айтқан. Олай болса тек қана мереке күні ғана емес, жыл он екі айдың бар тәулігінде алғыс естіп, алғыс айтып өмір сүргенге не жетсін!
Шашубай МАЛДЫБАЕВ,
ҚР Журналистер Одағының құрметті мүшесі, еңбек ардагері, ақын, әнші, сазгер,
Қаскелең қаласы ақсақалдар кеңесінің мүшесі.