Мемлекет басшысы 2020 жылдың 6 қазанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң Мемлекет басшысының жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың арандатушылық әрекеттері үшін қатаң жауапкершілік белгілеу туралы тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Онда мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне сыйға тартушының пайдасына жасаған әрекеттері үшін сыйлықтарға, материалдық сыйақыға және қызмет көрсетуге толық тыйым салынған. Аталған заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын жобаларды сатып алу және іске асыру бойынша негізгі шешімдер қабылдайтын тұлғаларға таратылды. Заңда туыстардың бір ұйымдағы бірлескен жұмысының жекелеген мәселелерін реттеуге, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы хабардар етуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің тұрғын үй төлемдеріне, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде комплаенс-қызметтер құруға және басқаларға бағытталған нормалар да көзделген.
Атап айтқанда, Азаматтық кодексте қазіргі енгізілген өзгеріске сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады.
Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге қатысты сыйға тарту мәселелерін реттейтін ережелерін қолданыстағы заңнама нормаларымен үйлестіру қажеттілігі «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауында көрсетілген болатын.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес («Пара беру») мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жасаған заңды әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз.
Ал, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаларға заңсыз сыйлықтар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып табылады.
Осылайша, қолданыстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық субъектілеріне олардың лауазымдық жағдайына байланысты кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салынады (құны 2 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сыйлық әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, құны 2 айлық есептік көрсеткіштен жоғары сыйлық қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады).
А. НҰРДІЛДӘҚЫЗЫ,
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкілі.