Өткен жыл аудан жұртшылығына көптеген жақсы жаңалықтар есте қалды. Бұл ретте он саусағынан өнер тамған ауданымыздың жас қолөнерші Назерке Торпақованың облыс байқауында ауданның абыройын асқақтатып, үздік қолөнер шебері атануы.
Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың желтоқсан айында облысымыздың орталығы Талдықорған қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында «Дарынды іскер» атты ІІ облыстық өнер шығармашылығының байқауы өткен болатын. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының аясында, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелген дүбірлі шарада облысымыздың аудандарынан келген жас қолөнершілер мен қылқалам шеберлері өз туындыларын ұсынған еді. Көптеген жас шеберлердің жұмыстары арасында Назеркенің туындылары үздік деп танылды. Осы ретте Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысы Мәрлен Көлбаев Назеркеге үздік қолөнер шеберлігі үшін Диплом табыс етті.
– Жетістігіме өте қуаныштымын. Мен осы жеңіс үшін талпындым, алдыма мақсат қойдым және мақсатыма жеттім. Ұзақ уақыт бойы маған қолдау көрсетіп келе жатқан Күлжан Дүйсенова мен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаеваға үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта да өзімнің шеберлігімді одан әрі дамытып, өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі балаларға қолөнер шеберлігін үйреткім келеді, – дейді Назерке.
Айта кетейік, қарасайлық Назерке Торпақова қолөнер шеберлігімен 15 жасынан айналыса бастаған. Өзінің дарынды жұмыстары арқылы көптеген аудандық, облыстық байқауларда көп ішінен топ жарып, жеңіске жеткен. Бүгінде ол ата-бабаларымыздан қалған төл өнерімізді жас ұрпаққа насихаттау мақсатында жақында ауданымызда ашылған «Асау-Барақ» мектебінде оқушыларға қолөнер шеберлігін үйретуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.