Өткен аптада Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай ауданына іс-сапармен келіп, аудан орталығында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен танысты. Соның ішінде Қаскелең қаласындағы Абылай хан көшесінің бойында жүріп жатқан абаттандыру барысымен танысып, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.
«Біздің тараптан қолдау бар, ал сіздердің тараптарыңыздан жұмыстың сапасы мен уақытылы аяқталуы талап етіледі. Тұрғындардың ұсынысын тыңдап, жұмыстарды дұрыс үйлестіріңіздер», – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ өңір басшысы қоғам өкілдеріне де құрылыс жұмыстарына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Айта кетейік, Қаскелең қаласындағы Абылай хан көшесін абаттандырудың жобалық-сметалық құжаттамасы 2023 жылы дайындалған болатын. Ал құрылысы 2025 жылдың наурыз айында қаржы бөлінгеннен кейін басталды. Оның бас мердігер мекемесі – «КапиталСтройПроект Групп» ЖШС.
Бұл жобаның құрылыс жұмыстары екі кезең бойынша жүзеге асуда. Бірінші кезең қаланың шығыс жақтағы кіреберісінен басталып, SDU университетінің аумағы арқылы Макашев көшесіне дейін жалғасады.
Абылай хан көшесі Қаскелең қаласының орталық көшесі болғандықтан, бұл жерде халық та тығыз қоныстанған, одан бөлек коммерциялық нысандар көп шоғырланған. Сондықтан көше бойындағы құрылыс-монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Бүгінгі таңда Қарасай ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғындарға уақытша қолайсыздықтар жөнінде түсіндіріп, атқарылатын жұмыстардың мерзімі туралы хабарлап отыр.
Сонымен қатар облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде Қаскелеңде жыл соңына дейін Жастар ресурстық орталығын ашу жоспарда бар екенін айтты. Оның құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталмақ. Одан бөлек мердігер ұйымдар Жастар саябағын да биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға беруге уәде етті.
Өз тілшіміз.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
