Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жақында Балқаш ауданына арнайы іссапармен барды. Өңір басшысы мәселе туындаған нысандарды аралап, тиісті тапсырма жүктеді.
Облыс әкімі Марат Елеусізұлы ауданға жасаған сапар барысында алдымен «АФ Бірлік» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Бұл серіктестік бүгінгі таңда күріш, бидай, жоңышқа өсірумен және мал шаруашылығымен айналысып келеді. Компанияның «Элита» деп аталатын күріші – танымал өнімдердің бірі. Өйткені аталған дақыл Алматы қаласы арқылы Қазақстанның барлық аймағына жеткізіледі.
Ағымдағы жылы «АФ Бірлік» компаниясы 1400 гектар жерге күріш, 950 гектарға бидай, 3100 гектарға жоңышқа еккен. Күзгі науқанда күріштің әр гектарынан 45 центнер өнім өндірген. Бірақ суаруға қатысты мәселе туындаған. Анығын айтқанда, су тапшылығынан 1400 гектардың 300 гектарына егілген күрішті мал азығы ретінде шауып алуға тура келген. Соның салдарынан компания бірнеше миллион теңгеге шығындалған. Бұл жайында серіктестіктің директоры Алмас Қыстаубаев түсіндірді.
– Тасмұрын каналында шлюз салу мәселесі ұзаққа созылып кетті. Бұл проблема тезірек қолға алынбаса, ендігі жылы да шығынға ұшырауымыз ғажап емес. Күріш зауытының өндіріс қуаттылығы да төмендейді. Қазіргі таңда 5600 гектар жерді ауыспалы егістік ретінде пайдаланып отырған жайымыз бар, – деді мән-жайды түсіндірген компания басшысы Алмас Қыстаубаев.
«АФ Бірлік» ЖШС директорының сөзіне сенсек, егер күріш пен жоңышқаның орнын ауыстырып тұрмаса, топырақ сорға айналып, тұз басқаннан мүлде өнім бермейді. Оны қалпына келтіру үшін 5-6 жыл қажет болмақ. Бұл біраз уақыт жоғалтуды білдіреді екен.
Мәселеден хабардар болған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев осы салаға жауапты басқармаға жобалық-сметалық құжаттаманы тез арада дайындау керектігін тапсырды.
– Мемлекеттік сараптамадан қазанда шықса, жобалық-сметалық құжатқа өзгеріс енгізіңдер. Кейіннен қараша айында құжаттар дайын болып, конкурс ойнатылуы тиіс, – деп міндет жүктеді Марат Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы басқармасының өкіліне
«АФ Бірлік» компаниясы жалпы күрішті көршілес жатқан Қырғызстан мемлекетіне экспорттайды. Қазіргі таңда Италияға, күріш жантағын Ресейге шығару үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Компанияда 250 адам жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа жалақысы 200-500 мың теңге аралығында.
Айта кету керек, Балқаш ауданында 28 мың гектардан астам суармалы жер бар. Сонымен қатар, ауданда суармалы су мәселесін шешу мақсатында плотина салу жоспарланған.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев іссапары барысында Миялы ауылындағы Қарағаш орта мектебіне де барды. Білім мекемесінің бүгінгі жағдайымен танысып, оның апатты жағдайда екеніне куә болды.
Қазіргі таңда Миялы ауылындағы Қарағаш орта мектебінде 195 оқушы оқиды. Мектепалды даярлық тобында 17 бала бар. Ғимараттың жылу жүйесі дұрыс істемегендіктен, мұндағы үш кабинет жабық тұр. Басқасының әбден тозығы жеткен. Былайша айтқанда, білім ошағының іргесі отыра бастаған. 1967 жылы бой көтерген бұл нысанның мұндай күйге жетуінің бірден-бір себебі – салынғаннан бері ешқандай күрделі жөндеуден өтпеуі.
Ал мектеп басшысы бұл мекеменің ескіргені былай тұрсын, әу баста дұрыс салынбағанын айтады.
– Дәретхана министрліктің талабына сай салынбаған. Басында мектеп жобасында асхана қарастырылмаған. Кейіннен бірнеше кабинетті біріктіріп, асхана еттік. Биылғы оқу жылында 110 бала ыстық тамақпен қамтылған. Бірақ, тамақтанатын орын таршылық етіп отыр. Ауланы да абаттандырып, мектеп қоршауын ауыстыру керек, – деді мектеп басшысы.
Марат Елеусізұлы білім мекемесінің жағдайымен танысқан соң, жобалық-сметалық құжаттама дайын болса, ендігі жылы күрделі жөндеу басталатынын айтты. Осылайша тозығы жеткен ғимарат келер жылы қайта жаңғыртылмақ.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарының соңында Балқаш ауданының зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Балқаш ауданы.