Биылдан бастап Наурыз мейрамы жаңаша форматта тойланады. Ұлыстың ұлы күнінің ұлықтауы жайында жақында Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев түсінірдіп, мейрамға байланысты 10 күндік кесте ұсынылғанын мәлімдеді.
Қазақстан халқы енді Наурыз мейрамын жыл сайын он күн бойы, яғни 14-23 наурыз аралығында атап өтеді. Ол онкүндік «Наурызнама» деп аталады.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаевтың айтуынша, «Наурызнама» онкүндігі Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шараларды қамтиды.
Әр күн қазақ мәдениеті мен қоғамының байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылыққа арналады. Наурызнама онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүрлер мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған.
Наурызнаманың онкүндік бағдарламасы төмендегідей:
14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі;
15 наурыз – «Қайырымдылық күні»;
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні»;
17 наурыз – «Шаңырақ күні»;
18 наурыз – Ұлттық киім күні;
19 наурыз – Жаңару күні;
20 наурыз – Ұлттық спорт күні;
21 наурыз– Ынтымақ күні;
22 наурыз – Жыл басы;
23 наурыз – Тазару күні.
Айта кетейік, Наурыз мейрамын тойлау онкүндікпен ғана шектелмейді. Республика бойынша әртүрлі форматтағы 10 мыңнан астам іс-шара, соның ішінде көрмелер, фестивальдар, әдеби-музыкалық кештер мен фильмдер көрсетілімдері жоспарланған. Мәселен, еліміздің барлық өңірінде өтетін халықтық мерекелер мен мәдени-спорттық іс-шараларға ерекше назар аударылады. Сондай-ақ, осы мереке аясында этноауылдар құрылып, жәрмеңкелер, концерттер, спорттық жарыстар және т.б. ұйымдастырылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.