Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданына жасаған іссапарында бірқатар нысанды аралап шықты. Кездесуге облыстық, аудандық басқарма басшылары, мекеме жетекшілері, мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары, БАҚ өкілдері және аудан тұрғындары қатысты. Марат Елеусізұлы алдымен Көлсай көлдері ұлттық паркінің, сонымен қатар «О.Д.Қантаев атындағы Мойнақ СЭС» АҚ-ның жұмыстарымен танысты. Айта кетейік, «Көлсай көлдері» ұлттық паркін дамыту үшін арнайы шебер жоспар әзірленген. Болашақта Көлсайға жақын орналасқан Саты ауылында және көлді өзенде үлкен автотұрақ салу жоспарланған. Сонымен қатар мұнда түрлі іс-шара өткізу үшін аспанасты сахна тұрғызу да көзделіп отыр.
– Ауқымды жоспар жасауымыз қажет. Ол жобада кәріз тазарту жүйесі, тұрақ, арықтар барлығы қарастырылуы тиіс. Осыдан кейін инвесторлар тартуға болады. Ауыл тұрғындары да жоспар жасалғанда қызығушылық танытуы маңызды. Саты- туристік ауыл екені барлығымызға мәлім. Міне сондықтан елді мекенді ауқымды жобаға кіргізейік. Расында, идея көп. Бірақ оны жүйелі түрде жүзеге асыру қажет. Сондай-ақ паркте орналасқан заңсыз құрылыс нысандарының иелерімен сөйлесіп, осы мәселені шешу керек, – деді өңір басшысы.
Рас, тыныс-тіршілігі, ырысы мен құты ауылшаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына негізделген ауданның әлеуетін көтеріп жүрген туризм саласы болып табылады. Гауһар көлдердің ауданға тигізіп отырған шапағаты баршылық. Әйгілі Шарын шатқалының бас жағына тұрғызылған Мойнақ СЭС-ның да өңір үшін игілігі бар. Тарихи құндылығына толы Қарқараның қасиетті жері, Үш Меркінің өңірі арқылы көпке таныс Кеген ауданында отыз мыңнан аса халық тұрады. 12 ауылдық округ аумағындағы ірілі-ұсақты отыздан аса ауылда көктемгі төл алу науқанын сәтімен жүргізіп, аса маңызды егістің басын бастап жатқан еңбеккер ағайынды көруге болады. Көлсайдың, аудандағы туризмнің арқасында өткен жылы таулы аймаққа 200 мыңнан аса туристер келіп, бюджетке 65,7 миллион теңге қаражат түскен.
Мойнақ СЭС- су электр стансасы бүгінде Қазақстанның БЭЖ Оңтүстік аймағындағы электр энергиясының тапшылығын азайтуға, ең жоғары жүктемелерді жауып, энергия жүйесіндегі қуатты реттеуге қатысты міндеттерді ойдағыдай шешіп келеді. Алматы энергия торабының жұмысын қамтамасыз етуде. Мұнда 127 адам жұмыс істейді. Станциядағы бүкіл жұмыс автоматтандырылған. Станцияның жүрегі, миы мен көзі – орталық басқару пункті. Мойнақ су электр стансасына станцияның алғашқы бас директоры, нысан құрылысына алғашқы күндерден басшылық жасап, республикамыздың энергетика саласындағы маңызды жобасының іске асырылуына өлшеусіз үлесін қосқан Оразалы Қантаевтай азаматтың есімі берілген.
Мойнақты, аталған өңірді көрген де, көрмеген де арманда. Станцияның бас ғимараты Шарын өзенінің жағасына қоныс тепкен. Станцияның ең астыңғы қабатындағы гидроагрегаттар тынымсыз айналып, сапалы электр энергиясын өндіріп жатыр. Станция ғимаратынан тау жолдары арқылы биік белеске шыққаннан кейін Мойнақ атты шағын әдемі ауылға тап боласыз. Мойнақта жұмыс істейтін жүзден астам мамандар осындағы жылы да жайлы, электр қуатымен жылытылатын заманауи тұрғын үйлерде тұрады.
Өңір басшысы сонымен қатар Жалаңаш ауылының тұрғындарымен кездесті. Алдымен облыс басшысы жергілікті шаруа қожалық иелері мен тұрғындарды қабылдап, талап-тілегін, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Аймақ басшысы күрмеуі қиын мәселелер жедел түрде шешімін табатынын айтып, жауапты сала мамандарына тікелей тапсырмалар берді.
Жиында алғашқы болып сөз алған Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Әріп Сыбанбаев жер мәселесін көтерсе, жеке қожалық иесі Ерғали Сәкенов қыстауға баратын ауыз су жүйесінің ескіргендігін тілге тиек етті. Айта кетейік, Торайғыр, Қопалы қыстауларына баратын ескі су құбырларын жөндеу үшін сметалық құжатын қайта қарау жөнінде ұсыныс тастады. Сонымен қатар Болат Баймолдаев жаз маусымында өзінің егістік алқабына зиянкестердің қаптап кеткені және онымен күрес жөнінде, алдағы уақытта зиянкестермен күресу туралы өз ойын облыс әкіміне жеткізді. Қожалық иелігінде 20 га егістік, 26 га көпжылдық жайылым жері бар. Үкіметтік қолдау арқылы жеті тонна жеңілдетілген жанар-жағармай сатып алған.
Шаруашылық төрағасы Рақымбай Әділжанов Кеген ауданында 9 мың гектар суармалы жер бар екенін ескере келіп, Кеген ауылында салынып жатқан су каналын ландшафтқа байланысты қайта қарау керек екенін ескертті.
Жоғарыда аталған ұсыныс-талаптарды тыңдай келе облыс басшысы Марат Елеусізұлы Кеген ауданының аграрлы өңір екенін айтып, сұрақтар жауапсыз қалмайтындығын айтты. Келесі маусымға ауыл шаруашылық саласы бойынша кешенді дайындық жұмыстарын жасау жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Облыс әкімінің есептік кездесуі Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Облыстық мәслихат төрағасы Байеділов Талғат Ескендірұлы жиынды ашып, жұмыс регламентімен таныстырды.
Алғаш сөз алған Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев тоғыз айда атқарылған жұмыстарына тоқталып, шешімі табылмаған 51 мәселенің 31-і орындалғанын, қалғаны жыл соңына дейін шешілетіндігін есептік баяндамасында атап өтті. Кереге таулы Кеген ауданына газ құбырын тарту жобасы да пысықталып жатқандығына баса тоқталды.
Сұрақ-жауап кезегінде ауылын тұрғыны Жасұлан Жанұзақов айтыла-айтыла жауыр болған «Көкпек-Кеген-Түп» республикалық маңызы бар автожолының сүреңсіздігін, сын көтермейтінін «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының өкіліне халық атынан ашына жеткізді. «Қазавтожол» маманы тұшымды жауап бере алмады. Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев республикалық маңызы бар «Кеген-Нарынқол» автомобиль жолының назарда екенін ескертіп, ауыл тұрғындарын сабырға шақырып, жол жөнінде «Қазавтожол» жұмыс атқара алмаса, облыс меншігіне берсе деген ұсынысын атап өтті және жол жасау жұмыстары болашақта кезең-кезеңімен атқарылатынын айтты. Бұдан кейін облыс әкімі М. Сұлтанғазиев көптен бері Райымбек пен Кеген аудандары тұрғындарының орынды ренішін туғызып келе жатқан республикалық маңызы бар «Көкпек–Кеген–Түп» тас жолының жайын көзімен көрді. Жиында әкім халықты қоғамдық көлікпен қамту мәселесі жайын да айтты.
«Келесі жылы аудан ішінде маршрутты, сондай-ақ халықты ірі елді мекендерге және одан әрі Алматы қаласына дейін тасымалдайтын автобус қатынастарын ұйымдастыруды тапсырамын (Кеген-Шелек, Кеген-Алматы)», – деді облыс әкімі.
Жастар атынан сөз алған Кеген аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Әділет Шүкен Мәдениет үйінен бөлек ауданымызда Салтанат сарайы салынса және жастарға арналып суда жүзу бассейні болса деген ұсынысын жеткізді.
– Теңгерімді ескерсек, бәрі қаржыға байланысты. Ауданда спорт саласы жақсы дамып келеді. Кеген аймағы туризмге таптырмас өңір. Алдағы уақытта бұл ұсыныстарыңыз ескеріледі, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Рас, Көлсайдай көлі, Шарындай өңірі, Қарқара мен Үш Меркідей жері көрік берген Кеген ауданының қайта қалпына келгеніне биыл бес жылдан асты. Шүкір, жағдайлары жаман емес. Отыз мыңға тарта халқы, 12 ауылдық округі бар аудан жап-жақсы түлей түсті. Ауылдарының шырайы кіріп, жағдайлары жақсара түсті. Табиғат тамашасына толы өлке туризмнің бір Отаны іспетті.
Облыс әкімі Кеген аудандық Мәдениет үйінде әр ауылдық округтен келген ақсақалдармен, қазыналы қарттармен жүздесуін өткізіп, жеке қабылдау жасады. Облыс әкімі М. Сұлтанғазиев облыстың тоғыз ай ішіндегі даму көрсеткіштерін ортаға салды.
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша, Жалаңаш ауылындағы сауықтыру орталығына 884 млн теңге бөлінгенін айтып өтті. Сонымен қатар денсаулық, білім, мәдениет, әлеуметтік сала және құқық саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, ауданға кіріс көздерін табуды тапсырды.
Кеген ауданында 27 мың бас аналық іріқара болса, тек бір ғана сауын фермасының жұмыс істейтінін айтты. Көбейту қажет. Ауданда 1,6 мың тонналық 2 көкөніс қоймасы бар. Бұл мүлде аздық етеді. Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жұмыстарды ширата түсу керек. Аудан халқын таза ауыз сумен қамтуды одан әрі жалғастыру қажет. Облыс әкімі Кеген ауданына жасалған сапар бойынша іс-шаралардың жоспары жасалып, бекітілетінін, нақты жұмыстар қолға алынатынын жеткізді. Бұл көпшілікті қуантып тастады.
Сонымен қатар өңір басшысы ауданда 32% жол жөндеуді қажет екенін сөз етті. Айтуынша, аудан жолына биыл 1 млрд. теңге бөлініп, «Кеген – Жалаңаш» облыстық маңызы бар жолдың 27 шақырымы жөнделді. Жылдың соңына дейін «Жалаңаш-Саты» – «Алғабас-Жіңішке» жолының 34 шақырымын жөндеу аяқталады. Оған бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінген.
Ауданда енді 4 республикалық жол жөндеуді қажет етеді:
1. «Кеген-Нарынқол»;
2. «Көкпек – Кеген – Қырғызстанмен шекара (ТЮП)» және «Кеген асуын айналып өту жолы»;
3. «Ақсай – Шонжы – Көлжат – ҚХР шекарасы»;
4. «Көкпек – Жалаңаш – Саты – Күрметі – Көлсай көліне кіреберіс».
Кеген ауданында болашақта 6 медициналық нысан салынады. Облыста 398 медициналық ұйым жұмыс істейді, оның 58-і жеке меншік. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 38 нысан салу көзделіп отыр.
Аталған жобаға сәйкес, ауданда 6 медициналық нысан салынады:
— Жылысай ауылында дәрігерлік амбулатория;
— Қарабұлақ ауылында фельдшерлік-амбулаториялық пункт;
— Жайдақбұлақ, Талды, Жаңаталап, Күрметі ауылдарында 4 медициналық пункт.
Сонымен қатар Алғабас ауылында дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтіп жатыр, қараша айында қолданысқа беріледі. Облыс әкімі олардың жұмыстарына сәттілік тілеп, аттанды.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.