Жуырда ауданымызда алғаш рет «Жастар жылы» аясында әрі Қарасай ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына орай аудан орталығында орналасқан «Нұржәрдем» атты білім ошағының ұйымдастыруымен «Ұлт болашағы – дені сау, білімді және белсенді жастар» атты медициналық колледждерді бітіруші студенттердің арасында аймақтық байқау өтті.
Біз айтып отырған оқу орнының ғимаратында өткен байқау еңбек нарығында жоғары бәсекелестікке сай болуды, сонымен бірге, студенттердің сапалы білім деңгейін арттыруды мақсат етті. Оған «Талғар» атты мемлекеттік және жекеменшік оқу орындары, «Есік», «Интердент» пен аталмыш медициналық колледждің студенттерінен құралған топтар қатысып, өзара бақ сынасты. Төрт кезеңнен тұратын білім додасының шымылдығын байқау ұйымдастырушы колледждің директоры Назым Шегебаева ашып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
– Медицина саласының мамандарына қашанда сұраныс жоғары бола бермек. Және де болашақта да сіздер сияқты көзі ашық, көкірегі ояу жастар арқылы біз осы саланың дәрежесін арттырғымыз келеді. Біздің ұйымдастырып отырған байқауымыздың да мақсаты сіздерге, болашақ мамандарға заман талабына сай білім беріп, осындай сайыстарда басқа да колледж талапкерлерімен кездестіріп, тәжірибе алмастыру арқылы білімдеріңді жетілдіру болып отыр. Бүгінгі байқауымызға басқа аймақтардан келіп отырған ұстаздар мен студенттерге алғысымды білдіре отырып, сайыста сіздерге тек сәттілік тілеймін! – деді Назым Сарбағашқызы.
Бірінші кезекте білімгерлер, нақтырақ айтқанда, болашақ фельдшер мамандары өздерінің оқу орындары мен команда мүшелерін әртүрлі көріністер мен слайдтар арқылы жан-жақты, қысқа ғана уақытта таныстырып шықты. Ал, екінші айналымда арнайы дайындалған үш теориялық және бір тәжірибелік сұраққа жауап берді. Сайыскерлер «анафилактический шок», «стенокардия» сияқты аурулар қалай пайда болады, аурудың бірінші белгілері қандай және де ондай жағдайда қандай көмек көрсетілуі керек деген сұрақтарға жауап беріп, Леопольд Левицкийдің сыртқы акушерлік тексеру тәсілі, адам аяғын сындырған және тағы да басқа жағдайларда көрсетілетін бірінші көмек қандай болу керектігін арнайы дайындалған маникен арқылы көрсетті. Байқаудың үшінші кезеңінде студенттер қазіргі таңда медицина саласында қолданылатын қысқартылған термин атауларын білуден жарысса, төртінші, яғни, соңғы айналымда медицина қызметкерлері күнделікті пайдаланатын құралдары арқылы ине салу, жарақатты тауып байлау, тағы да басқа бірінші көмек көрсетудің тәсілдерін тәжірибе жүзінде көрсетті.
Теория және тәжірибе жағынан жан-жақты сыналып, аталмыш колледждерден келген PhD доктор мен профессорлық дәрежелері бар мұғалімдер төрелік еткен аймақтың байқау қорытындысы бойынша Талғар мемлекеттік медициналық колледжі мен «Нұржәрдем» медициналық колледжінің студенттері алға шығып, жеңімпаздар атанды. Ал, ІІ орынды Талғар жекемекшік медициналық колледжі мен «Интердент» медициналық колледждері иеленсе, ІІІ орын Есік медициналық колледжіне бұйырды. Барлық топтардың жетекшілеріне Алғыс хаттар ал, сайысқа қатысушы студенттерге сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Шара соңында төрелік еткен қазылар мен жан-жақтан келген колледждердің студенттері осындай байқау ұйымдастырып, өз білімдерін тексеріп, тәжірибелік жағынан тағы бір рет шыңдалуға мүмкіндік берген «Нұржәрдем» оқу орнының құрылтайшысы Шолпан Үмбетова мен директоры Назым Шегебаеваға және де колледж ұжымына алғыстарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.