1997 жылы 10 жел-тоқсанда Ақмола қаласы Қазақстанның астанасы болып жарияланды. Сол кезде ол болашақта үлкен саяси, экономикалық, мәдени-ғылыми орталық болатынына күмән келтіргендер де аз емес еді. Алайда, ол қысқа уақыт ішінде осындай зор дәрежеге жетіп, бүгінде бүкіл әлемге танылды. Иә, Астананың осылай гүлденіп, көркеюі – Қазақстанның дамуының бір белгісі.
Қазіргі кезде бас қаламыз – Нұр-Сұлтан біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр. Бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін Қазақстан мен Нұр-Сұлтан атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты.
Нұр-Сұлтан – Қазақстан тәуелсіздігінің тұғыры. Еліміздің елордасы Ақмолаға қоныс аударғаннан бергі өткен 30 жыл мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, территориясының мызғымастай беріктігін, ел экономикасының қарқынды даму стратегиясын қамтамасыз еткен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бетбұрысты кезең болып табылады. Отыз жыл ішінде Нұр-Сұлтан Қазақстанның шынайы тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Болашақта да елдің ерен елордасы – Нұр-Сұлтанда ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретін болады. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласы – белсенді, талантты және жігерлі жастар үшін де жаңа мүмкіндіктер мен тартымды қала.
Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр. Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астаналық бас жоспардың авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды.
Қазақстанның елордасы елдің барлық өңірлеріндегі талапкерлер үшін тартымды орталыққа айналды. Мұнда отандық білім беру ісінің жетекшілері – Назарбаев Университеті, Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы, Астана медициналық университеті орналасқан.
Бүгінде астанамыз Нұр-Сұлтан халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Қазақстанның Тұңғыш Пре-зидентінің идеясымен іргесі қаланған жаңа елорда қысқа мерзім ішінде жалпыұлттық идея мәртебесіне ие болып, жас мемлекеттің тәуелсіздігінің символына және жаһандық табысына айналды.
Нұр-Сұлтан барша қазақ-стандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Нұр-Сұлтанда, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Нұр-Сұлтанды және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар!
М. УАЛИЕВА,
Алматы облысының мемлекеттік архиві оқу залының меңгерушісі.