Талдықорған қаласы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен, Қазақстанның Халық артисі, композитор Дәнеш Рақышевтың 95 жылдығына арналған, «Саясында алманың» атты облыстық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Бұл ән додасына Қарасай аудандық Мәдениет үйінің әншісі Әділжан Аманжол да бақ сынап көрген болатын. 31 үміткердің арасында дараланып, ақтық сынға дейін жетіп, жақсы нәтиже көрсете білді. Нақтырақ айтқанда, шебер орындаушылығымен көзге түсе білген жерлесіміз аталған жарыста бірінші орынға лайық деп танылып, қаржылай марапатқа ие болды.
Қазақ халқының асыл мұрасы – ән өнерін дамыту мақсатында қазақтың халық әндері мен халық композиторларының әндерін орындаушы жас талант иелерінің орындаушылық шеберліктерін арттыру, Дәнеш Рақышевтың орындаушылық мәнерін және шығармаларын кеңінен насихаттауды мақсат екен байқауға облыстың әрбір аймағынан талантты өнерпаздар көптеп жиналды. Әділжан да қарсыларыстарынан қалыс қалмай, өз өнерін көпшілікті тәнті етті. Ол ән сайысының бірінші кезеңінде Дәнеш Рақышевтың мен Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әнді шырқаса, ал, екінші кезеңінде Үкілі Ыбырайдың «Толқын» әуенін нақышына келтіре орындады. Осылайша Әділжан үздіктердің қатарынан көрінді.
Ә. Аманжол Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының бакалаврын тәмамдаған. Былтырдан бері аудандық Мәдениет үйінің әншілер құрамында дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп орындап, халық ықыласына бөленіп жүр. Бұған дейін бірнеше республикалық, халықаралық өнер додаларында топ жарып жүрген жерлесіміз алда әлі талай жеңістерге қол жеткізетініне сенімді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.