Қазандай қайнап жатқан қоғамдық өмірімізде қаймақтай қалқып алар қадірі бөлек адамдар қаншама десеңізші. Бұл орайда өз алдына шағын мемлекет болып, айрандай ұйып отырған, абыройдың асқарынан көрініп жүрген отбасылардың орны дәйім дараланып тұрады. Оларға деген халықтың көрсетіп келе жатқан қошеметі мен құрметі де бөлекше. Ондай отбасыларға шексіз махаббат пен сүйіспеншіліктің өлшемді шекарасы да болмайды.
Өзі көненің көзі болып саналатын, 88 жастың сеңгіріндегі, ғалымдығымен ауыл шаруашылығының академигі атанған, өткенде ғана Алматы облысының Құрметті ардагер атағына ие болған ардақты ақсақал Елтай Хасенов аяқ-асты маған телефон соғып қалды. Даусынан жақсы хабардың жаңалығы есіп тұрғандай. Әйтеуір, кеудесін қуаныш кернеп тұр.
– Айналайын, Қанатжан, қаламыңды қару етіп жүрген азаматсың ғой. Жақсылық десе, жарғақ құлағың жастыққа тимейді. Біздің Жалпақсай ауылындағы ерлі-зайыпты ардагерлер Бодау және Клара Бөлдешовтертердің қатарласып-қабаттасып 85 жасқа келулері өз алдына, екеуінің үйленіп, отбасылы, отандастар болғанына 63 жыл толып отыр. Бұл сен үшін таптырмайтын тақырып емес пе? Ар жағын өзің білерсің, – деп байланысын үзе қойды Елтай ақсақал.
Алатаудай ақсақалдың мына ұсынысын қалайша қаперіңе алмассың. Ол кісінің айтқанын қуана құптап, үлкен қуаныш иелерімен бетпе-бет жүздесіп, тілдесіп қалуға асықтым. Аңқылдап, жарқылдап құшақ жая қарсы алған ерлі-зайыптылардың жүздері таныс болып шықты. Сол сәт ойыма орала берді. Онда Алмалыбақ ауылындағы әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейінде есте қаларлықтай іс-шараның өткені бар. Сонда сол ауылдан қоныс тепкен Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ардагерлер тобынан ұйымдастырылған өнерпаздардың үлкен бағдарламалы концертін де тамашаладық. Олардың ішінен осы біздің кейіпкерлеріміз де жарасымды жұп болып, жақсы ән салып, дүйім жұрттың оларға дүркірете қол соғып, қошемет көрсеткендері олар үшін жасалған айрықша құрметке пара-пар еді.
Енді бақытты өмірдің баянды шағында балдай тәтті ғұмырларын қол ұстасып, қолтықтасып бірге өткізіп келе жатқан Бөлдешовтер отбасы жайында ойымызды ортаға салайық. Әрине, бұл орайда шаттықты шаңырақтың бас иесі, игілікті іске бастар ұйытқысы, Клара жеңгеміздің өмірлік қосағы Бодау ақсақалдан бастағанды жөн көрдік.
Сонау бір қиырда жатқан Жамбыл облысы, Шу ауданы, «Көркей» ауылында 1938 жылы дүниеге келген Бодау ақсақалдың артта қалдырған жылдары айшықты іздерден тұрады. Соған үңілген сайын оның адамдық және азаматтық тұлғасына анық көз жеткізе түсесіз. Аңсары ауған арман жолына деген құлшынысы мен ұмтылысы да өзі ойлағандай діттеген жерінен шығады. Қосқұдық онжылдық мектебінің жетінші сыныбын бітіргеннен кейін ойламаған жерден Алматы облысының Талғар қаласындағы Талғар ауыл шаруашылығы техникумының аграномия бөліміне құжат тапсыруды құп көріп құрақ ұшады. Оның жасаған нар тәуекелі «сабақты ине сәтімен» дегендей жолы болып кетеді. Өзі жетінші сыныпты ғана бітіріп отырған оның осы оқу орнына емтихансыз қабылданып кеткенінің де өзіндік сыры бар еді. Оның таудай талабына емтихан қабылдап отырған оқытушылар да таңданбай қалмады. Жалынды жастың осы мамандық саласы бойынша жан-жақты дайындығымен сақадай-сай болып келгендігі сынақ кезінде алдына қойған айқын мақсатына жетуіне жарқын жол ашып берді. Мұнысын ол ешқашан да ұмытпайды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ауқымында жоғары оқу орындарын бітіргендердің арнайы жолдамамен жан-жаққа жіберілетін дәстүрлі жолы бар еді. Одан Бодау аға да шет қала алмады. Анау-мынау емес, шалғайдағы Семей облысының ауыл шаруашылығы басқармасына жолдама берілген. Сол кездегі талап сондай болған соң, бармасына амал жоқ. «Көрмеген жердің ой-шұңқыры көп» демекші, бәрін де көруге бекем бел буды. Осылайша Абай ауданы ауыл шаруашылығы басқармасында тұқым бақылау лабораториясының меңгерушісі болып, өзіне тиесілі жұмысын атқарып жүріп жатты.
Кеше ғана арнаулы оқу орнын бітірген жас үшін мұндай лауазымды қызметті бірден «дөңгелетіп» әкету де оңайға соққан жоқ. Ол теориялық білімін практикамен ұштастыруда біршама тынымсыз ізденістер жасады. Ол ерінуді білмейтін еңбегі де зая кетпеді. Аз уақыттың ішінде ғана Бодаудың еңбегі жанып, елене бастады. Адал еңбегімен абыройының артқаны соншалық, оның қызметі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас аграномына дейін көтерілді. Қара жер мен алтын дәннің қадірін білетін ол облыс көлемінде егіншілік пен мал азығындық дақылдардан мол өнім алу жолында өз қарамағындағы адамдарды осы мақсатқа жұдырықтай жұмылдырған. Гектар қайтарымдылығын арттырудағы бұл еңбегі де өзіндік нәтижесін беріп, оның мәртебесі мен мерейін үстем ете түскен.
– Әкем Бөлдеш Бәйтіковтің өмірі мал соңында өткені маған үлкен сабақ болды. Ол уақытта бір түкпірде жатқан малшылардың балаларына оқу деген өте қиын еді. Колхозда мектеп-интернаттары жоқ. Ал аудандағы мектеп-интернаттарына малшы балаларын қабылдай қоймайтын. Қайта бағым жанып, Қосқұдықта жұмыс істейтін туған әпкемнің қолында жүріп, жетінші сыныпты бітіруге мүмкіндігім болды. Бұған да шүкіршілік деймін. Әкем малсақ жан екенін көрсетіп, малшылар арасынан топ жарды. Ерен еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Мен онысын өмір бойы мақтаныш етіп келемін. Сондықтан болар, мен мал бағудың қыры мен сырына бала кезімнен қанығып өстім, – дейді өткен өмірін емірене еске алған Бодау ақсақал.
Ол кісінің өзі айтпақшы, мал кәсібін жақсы білетін болғандықтан Семей зооветеринарлық институтының ғалым-зоотехник дайындайтын факультетін сырттай оқып, бітіріп алуды алдына мақсат етіп қояды. «Талпынған жетер мұратқа» дегендей қажымас қайраты мен мұқалмас жігерінің арқасында бұл мұратына жетіп, көңілі қанаттанып, кәдімгідей марқайып қалды. Осы жолда ол сенім биігінен көрініп, өзін мал шаруашылығы саласына да ауадай қажет кадр екендігімен көзге түсіп, білімділігімен, біліктілігімен Семей өңірінде тағы да абыройы артып, көздеген көкжиегінен көрінді. Қашан да қарапайым қалпынан айнымайтын ол мансап пен атаққұмарлыққа қызыға қоймады. Бұл оның жаратылысынан қанына сіңген қасиет болса керек. Осы қасиетінен жаманшылық көрген жері де жоқ. Халықтың қастерлісі болып, барына қанағат, жоғына салауат айтып, алған бағытынан адаспауды ғана тіледі.
Өмір болған соң, адамның еңбек жолы да өзгеріссіз болмайды ғой. Семей топырағынан кейін Бодау ақсақалдың қызмет бабы Қарасай ауданының қазіргі Алмалыбақ ауылындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жалғасын тапты. Осы жермен байланысы да нығая түседі. Ол осы институттың тәжірибе шаруашылығының сүт кешенінде бригадир болып, үлкен жауапкершілікті мойнына алды. Араға екі жыл салып осы шаруашылықтың бас зоотехнигі болып тағайындалып, ғылыми үлкен ұжымның сенімінен шыққаг. Артына абыройлы із қалдырды.
Бұдан кейінгі жерде де баспалдағы биіктеп, лауазымды қызметтің тізгінін ұстады. Онысы кезіндегі Қазақ ССР-і Ет-сүт өнеркәсібі министрлігінің Алматы жобалау техникалық бюросы директорының орынбасары қызметінде, аты айтып тұрғандай, республикалық деңгейде жұмыс істеді. Мұндай жауапкершілігі аса жоғары жұмыс екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтіні бесенеден белгілі. Өз ісіне мығымдығы, ақыл мен ойдың алымдылығы, табан астындағы шешімталдығы, табандылығынан танбайтын талғамы Бодау ақсақалды ешқашан да мүлт жіберген емес. Осы жерде ол 11 жыл жемісті еңбек етті. Ойлап қараған адамға бұл оңай уақыт емес.
Осы жерде мына бір жайды тілге тиек етіп кетпесе болмайды. Кейіндеп Ет-сүт өнеркәсібі таратылып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне басқарма болып қосылғанда, осы министрліктің өңіраралық байланыс басқармасының бас маманы болып та алдыңғы қатарда жүрді. Сөйтіп, 12 жыл бойы осы жерде табан аудармай қызмет істеп, абыройына абырой қосты. Қандай жұмыста жүрсе де алғырлығы мен адалдығынан айнып көрмеген Бодау ақсақал зейнеткерлік демалысқа шықса да 2016 жылға дейін Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Әскери кафедрасында өндірістік оқу шебері болып жұмыс істеді. Мұндай әскери міндетті мүлтіксіз атқару кез келген адамның қолынан келе бермейді. Саптағы сарбаздай сымдай тартылып тіп-тік жүретін жүрісі, көз ілеспейтін ширақ қимылы, бір сөзбен айтқанда оның келіс-келбеті әскери адамнан аумайтын. Сол үшін де ол бұл қызметке сайма-сай еді.
Бүгінгі күні өзекті мәселеге айналып келе жатқан Қазақстанда қымыз өндірудің жайын осыдан көп жылдар бұрын алғашқылардың бірі болып көтерген осы Бодау Бөлдешов ақсақал болатын. Ол тек қымыз өндіру ғана емес, жылқы малынан өндірілетін басқа да өнімдердің сапасын арттыру жөніндегі 18 ғылыми және ғылыми-өндірістік мақаласы кезінде одақтық және республикалық газеттер мен журналдарға жарыққа шықты. Сол сияқты республикалық телеарналарда да осы тақырыпты қамтыған бірнеше сұхбаттары берілді. Тоқ етерін айтқанда, Бодыкең бұл жағынан елеуге тұрарлық еңбек сіңірді. Бұл еңбегі кезінде жоғары бағаланды да.
– Шырағым, ағаң екеумізді тағдырдың табыстырған қызығын айтайын. Бір күні біздің үйге қызметтес әріптесі, шұбартаулық Қазбек Құрманғалиев Бодауға: «Жүр менің енемнің қолынан дәм татайық. Екеумізге дастархан дайындап қойыпты», – деп оны қайынбикесінің үйіне ертіп келген. Онда мен де үйде болатынмын. Бұл Бодаудың Семейге арнайы жолдамамен келген кезі екен. Сол күні дастархан басында жан сырымызды жасырмай жақсы отырдық. Бодаудың қас-қабағына қарасам, маған әлсін-әлі көз қиығын тастап, қарайлай береді. Менің де басым бос болатын. Оның артықтығы жоқ мінез-құлқы мен қарапайымдылық қалпынан танбайтын жайсаңдығы маған да қатты ұнап қалды. Сөйтіп, екеуіміздің жүрек қалауымыз бір-бірімізден алыстап кете алмады. Көп уақыт өтпей екеуміз бір-бірімізге өмірлік сыңарға айналдық. Құдайға шүкіршілік, содан бері екеуміздің үйленгенімізге 63 жыл толып отыр. Екеуміздің жасымыз да 85 жастың сеңгірінде. Өмірімізде «әй-шәй» десіп көргеніміз жоқ. Айрандай ұйыған отбасымыздың амандығын тілеп жүріп жатқан жайымыз бар, – деп Клара Жұмаділқызы жеңгеміз тілінің ұшында тұрған жан сырын рахаттанып отырып, ағынан ақтарыла жайып салды.
Иә, Бодыкеңнің өмірлік қосағы, ардақты ана атанған Клара жеңгеміз де тегін адам емес. Бұл кісі белгілі қаржыгерлердің қатарында. Өзінің таңдаған мамандығы осы болды. Біраз ірі мекемелерде өндірістік іс-қағаздарын жүргізу саласында өзіне тән іскерлігімен аброй арқалады. Соңғы 22 жылында КИЗ орта мектебінде осы бағытта қызмет істеп, қашан да халықтың қадірлісі болып, мерейі үстем болып келеді. Ол асыл жары Бодау Бөлдешов екеуі бала тәрбиесін де басты назарларында ұстады. Екеуі алтын асықтай 3 ұл мен 2 қызды тәлімді тәрбиелерінің арқасында қатарынан қалдырмады. Бәрі жоғары білімге ие болды.
Тұла бойы тұңғыштары Айсұлу – Қаскелеңдегі ветеринариялық лабараторияның меңгерушісі. Жансұлуы болса, халық шаруашылығы институтын бітірген, кәсіпкер. Асқар ұлдары Латвиядағы Даугавпилс жоғарғы әскери авиациялық-инжинерлік институтын бітірген. Сол сияқты Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери академиясын қызыл дипломмен және алтын медалмен аяқтап, сол жердегі аспирантураны да бітіріп алған. Техника ғылымдарының кандидаты, генерал-майор. Бір атап айтарлығы, Асқар академияның дипломын 2002 жылы 25 маусымда Кремльдің Үлкен Съездер сарайының Георгиевский залында Ресей Президенті В.Путиннің өз қолынан алған.
Асхаты Қонаев университетінің заң факультетін бітіріп, қазір баспа, журналистика саласында шығармашылықпен айналысып жүр. Ерболы ауыл шаруашылығы институтының электрофакультетін бітірген. Бүгінгі күні Алматы қаласының №2 ТЭС-інде лаборатория меңгерушісі. Осы үйді ұстап отырған келіндері Айпара бір компанияда жұмыс істейді. Осы жерде айтқан артық болмас. Асқардың жары кәсіпкер болса, Асхаттың жары Вероника журналистика саласында. Ал Верониканың әкесі карел ұлтынан, анасы белорус. Айсұлудың жары Дәулет зоотехник, Жансұлудың жолдасы Ғазиз ішкі істер саласында істеген, бүгінгі күні отставкадағы майор. Бодау ақсақал мен Клара апай 16 немере мен 10 шөберені алақандарына салып аялап, солардың қызығына кенеліп отыр. Бөлдешовтер әулеті осыншама құда-жекжаттарымен Құдайындай сыйласып тұрады. Бұдан асқан бақыт та жоқ шығар.
Әне, еңсесі биік ерлі-зайыптылар Бодау ақсақал мен Клара апай бір-бірінің қолтықтарынан демеп жолға шықты. Жүрістерінен қартайғандықтың сыңайы да байқалмайды. Олар Ұмтыл ауылдық округінен құрылған ардагерлердің «Парасат» көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшелері ғой. Сонда барады. Келесі концерттеріне репитиция жасайды. Бұл – олардың үйреншікті әдеттері. Оларды осындай қалпында көргенде кеудеңді өлең жолдары кернеп кетеді.
Жадыраңқы жандарсың-ау екеуің,
Өмір берді балыменен, шекерін.
Махаббаттың не екенін дәлелдеп,
Беріктігін сақтап қалдың некенің.
Бұл өмірге қарайсыңдар тамсанып,
Бойларыңда құдірет бар соншалық.
Бодау болып, Клара болып жүріңдер,
Жүзге дейін жұбыңменен ән салып…
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы.