21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Қарасай ауданы, Шамалаған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында өткен авторлық қуыршақтар көрмесінің жалғасы ретінде орталықтың қорында жинақталған кітаптар негізінде – кітапхананың салтанатты ашылуы өтті.
Жаңа кітапхана – руханият ордасына айналатын тағы бір орын. Бұл жерде жергілікті оқырмандар, студенттер мен жастар өздеріне рухани азық алып, ұлттық мұрамен тереңірек таныса алады.
Салтанатты шараға «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов, аудандық мәслихат депутаты Адиля Коржумбаева, Шамалаған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Бейбітұлы Жолдасбеков, Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлжан Дүйсенова, сондай-ақ сала ардагерлері мен мәдениет қызметкерлері қатысты.
Кітапхананың ашылуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылды «Кітап мәртебесін көтеру жылы» деп жариялау аясындағы бастамалармен үндесіп, «Музей мен кітапхана – рухани байлықтың қос қанаты» тақырыбымен өтті. Салтанатты рәсімде кітапхананың лентасы қиылып, жұртшылыққа есігін айқара ашты.
Іс-шара аясында мәдениет саласына еңбегі сіңген бірқатар қызметкерге Алғыс хаттар табысталды. Жылы лебіздер айтылып, шынайы ризашылық білдірілді.
Мерекелік көңіл-күйді толықтырған шағын концерттік бағдарламада жас өнерпаздар мен ауданның шығармашылық өкілдері өз өнерлерін паш етті.
Бұл – тек кітапхана ашылуы ғана емес, Қарасай жұртының мәдени өмірінде рухани серпіліс әкелетін игі қадам.