Аудандық мәслихат депутаттарының басым дауысын жинаған Серік Үмбеталиев, «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 15-бабының 2-тармағына, «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 36-бабының 1-тармағына сәйкес Ұмтыл ауылдық округінің әкімі болып 17 мамырдан бастап №13 өкімімен тағайындалды.
Айта кеткен жөн, осы округте бұрын әкім лауазымында қызмет атқарған Ришат Құлыншақовтың өкілеттілігі тоқтаған болатын. Осыған орай, Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы аталмыш әкімдікке жаңа сайлау өткізді.
Үмбеталиев Серік Қалижанұлы – 1981 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қазбек бек бекетінде дүниеге келген. Білімі жоғары. 2004 жылы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде ветеринарлық-санитарлық дәрігер, 2014 жылы Қазақ инженерлік, қаржы-банк академиясында экономика және бизнес бакалавры бойынша білім алған. Еңбек жолын 2005 жылы ҚР АШМ Оңтүстік-шығыс аймақтық шекара және көлікті мемлекеттік ветеринарлық бақылау басқармасы инспекциясының жетекші маманы ретінде бастап, әр жылдары Үлкен Алматы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман – мәл дәрігері, Жандосов ауылдық округі әкімідігінде алдымен бас маман – мал дәрігері одан кейін спорт ісі бойынша әдіскері, бас маманы, одан соң Шамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары, ал, 2019 жылдан осы уақытқа дейін Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Дәл осы күні аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы Ұмтыл ауылдық округі әкімдігіне арнайы барып, жаңа басшыны таныстырып, орнына отырғызды. Округ жұмысын одан әрі жетілдіріп, экономикасын дамытуға үлкен үлесін қосатындығына сенім білдірді. Жиын қазіргі санитарлық талаптарға сай Ұмтыл округі әкімдігінің қызметкерлері мен аталған округтер мектеп директорларының қатысуымен өткізіліп, бірқатар әлеуметтік мәселелер талқыға салынды. Мәселен, әкімдіктің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетіні жайлы айтылды, округке тағы бір мектептің, Мәдениет үйінің, саябақтың қажетілігі және бұрынғы Мерей ауылындағы балабақша ғимаратының қайтадан мемлекет иелігіне тапсырылса деген ұсыныс-тілектер айтылды. Осыны негізге алған Жандарбек Ермекұлы жаңа округ басшысына алдыңғы кезекте жоғарыда көтерілген мәселелердің шешілуіне ықпал етуін тапсырды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.