Салдары қайғылы жағдайларға әкеліп жатқан жол-көлік оқиғаларының саны соңғы жылдары анағұрлым көбейіп, қоғамды мазалаған мәселелер қатарына енді. Бұған кейінгі екі-үш жылда мопедтер мен самокаттардың қатысуымен болатын жол апаттары келіп қосылды. Әсіресе, мопед иелерінің жол ережелерін сақтамауы немесе оны жақсы білмеуінің аяғы апаттарға әкеліп соғып жатыр. Арасында адам шығыны да жетерлік. Осыған байланысты бүгінде елімізде жаяу жүргіншілердің жолдағы қауіпсіздігі өзекті мәселеге айналды.
Алаңдаушылық тудырған мәселеге Мемлекет басшысы да аса мән беріп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдарының қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң жобалары жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсартуды және көлік құралдарына қатысты әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді.
Енгізілген өзгерістердің бірі – мопедтерді мемлекеттік тіркеу. Яғни 50 куб. см-ге дейінгі қозғалтқышы бар қос дөңгелекті көлік құралдардың иелері оны жүргізу үшін ресми түрде тіркеуге міндеттелді. Сонымен қатар оларда «А1», «А» немесе «В» санатындағы жүргізуші куәлігі болу керек. Таяуда аталған заң күшіне еніп, осыған сәйкес, ағымдағы жылдың 5 сәуірінен бастап еліміздегі қозғалтқыш көлемі 0,5-тен төмен мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестірілетін болды. Белгіленген уақытқа дейін мопедтерін тіркеуден өткізбегендерге оны пайдалауға және жүргізуші куәлігінсіз тізгіндеуге тыйым салынады.
Аптаның сейсенбісі күні аталған өзгерістерге байланысты, ауданымызға Алматы облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасынан мемлекеттік автоинспекторлар арнайы келіп, рейдтік жұмыстар жүргізді.
Оның барысында тәртіп сақшылары қос дөңгелекті көлік құралдары бар тұрғындарға алдағы өзгерістер жайында ақпарат беріп, бесінші сәуірге дейін міндетті түрде тіркелу керек екенін түсіндірді. Көрсетілген күннен бастап полицияда тіркеуден өтіп, бекітілген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, техникалық байқаудан және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудан өткен қазақстандық қана пайдалана алатындығын тағы бір мәрте ескертті. Мопед иелерінің назарына енді олар да жол қозғалысының толыққанды қатысушысы болып саналатындықтарын, соған сәйкес, оқыс жағдайда полиция тарапынан барлық заң талаптары қолданылатындығын жеткізді.
Мұнан бөлек шара аясында полиция қызметкерлері мопеді бар азаматтардың құжаттарын тексеріп, оның дұрыстығына көз жеткізген соң, көлік құралын тексеру жөнінде акт берді. Енді олар осы құжатпен арнайы ХҚКО-ға жүгінулері керек.
Айта кетейік, 5 сәуірге дейін қос дөңгелекті көлік құралдардың иелері заңға сәйкес куәлік алып, тіркеуден өтпесе, әкімшілк айыппұл арқалайтын болады. Тіркелу үшін тұрғылықты жері бойынша арнайы ХҚКО-ға келесі құжаттармен жүгіну қажет: жеке куәлік (электронды түрде болуы мүмкін); мопедтің техникалық құжаты немесе сипаттамалары. Кейін өтінішті толтырып, мопедті тексерістен өткізіп, қажетті мемлекеттік баждарды (мопедті тіркеу үшін 0,25 АЕК (983 тг.), тіркеу куәлігін беру үшін 1,25 АЕК (4 915 тг.) және мемлекеттік нөмір алу үшін 1,4 АЕК (5 505 тг.) төлеу керек.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.