Елімізде төтенше жағдай аяқталды. Ал, Алматы облысы бойынша карантиндік шаралар кезең-кезеңімен жеңілдетілгенмен, толығымен алынып тасталынған жоқ. Осыған байланысты мобильдік топ құрылып, аудандағы нысандардың қалай санитарлық талаптарды сақтап жатқандығы тексерілді. Топтың құрамында аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бірқатар мамандарымен қатар, Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Рафаэль Мұқанов болды. Өткен аптаның жұма күнінде алғашқы нысан болып, аудан орталығындағы «Алатау» сауда үйінің жағдайы бақыланды. Мұнда химтазалау, киім-кешек, алтын, косметикалық тауарлар сататын бутиктер мен еліміздегі ірі «Кари», «Сулпак», «Магнум» дүкендер желісінің филиалдары орналасқан. Мобильдік топ аталған саудан үйінің директоры Ольга Чебоненкомен бірге олардың әрқайсына кіріп, санитарлық нормалардың сақталу деңгейін тексерді.
Мәселен, бірінші бас сұққан химиялық тазалау орнының кіреберісінде ілінетін қабырғалық санитайзерлер мен деохлор таблеткалары жоқтығына байланысты ескерту жасалынды. Ал, «Кари» дүкенінде талаптар өрескел бұзылмаса да, сатып алушылардың арақашықтық сақталмағандығы байқалды. Келесі қабаттағы әр түрлі тауарлар сататын бутиктер шамаларына сай барлық талаптарды сақтапты. Карантиннен кейін енді ашылып жатқан жеке кәсіпкерлердің әрқайсысына жұмыс істеу кезінде сақталатын алгоритмдер жазылған парақшалар таратылды.
Үшінші қабаттағы «Сулпак» гипермаркетінде де тұтынушылардың бір-біріне өте жақын қашықтықта тұрғандары бірден көзге түсті. Осыған байланысты тексеру тобы аталған дүкеннің директорына арақашықтықтың сақталуын қадағалайтын қызметкерді бөлуді тапсырды. «Магнум» супермаркеті – аудандағы ең ірі көтерме азық-түлік сауда нысанның бірі. Ол төтенше жағдай кезінде де тоқтаусыз жұмыс істеді. Қазіргі таңда да ондағы санитарлық талаптардың сақталу деңгейі көз қуантады. Әрбір кірген сатып алушының дене қызуы тепловизормен тексеріліп, қызметкерлерінің барлығы қауіпсіздік құралдарымен қамтылыпты.
Тексеріс нәтижесіне сәйкес мобильдік топтың құрамындағы аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасындағы санитариялық-гигиеналық қадағалау және техникалық регламенттері бақылау бөлімінің басшысы Айнұр Әбдікерімова ақпарат берді.
– Жалпы, «Алатау» сауда үйіндегі барлық орындарда санитарлық талаптар сақталған. Үш қабатта да көтерілген баспалдықтың жанында, әрбір бутиктің кіреберістерінде санитайзерлер қойылған. Тәртіптің орындалуын бақылау үшін арнайы күзетші қызметкері бекітілген. Тексеріс барысында кейбір саудагерлерге ескерту жасалынды. Жақын арада ретке келтіреді деген ойдамыз, – деді Айнұр Зейнетқызы.
Айта кету керек, мұндай мобильдік топпен бірлескен тексеру жұмыстары аудандағы адамдар көп шоғырланатын нысандар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.