Ауданымызда «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен белгіленген кестеге сәйкес, Қаскелең қаласынан праймериз үміткерлерінің ашық пікірсайысы басталды.
Өздеріңіз білетіндей, «Nur Otan» партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы қаулыға қол қойған болатын. Осы ретте аптаның бейсенбісі күні аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында аймақтағы партияішілік іріктеуге түскен кандидаттардың алғашқы пікірсайысы өтті. Оған аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, алда атқарылар істердің ауқымды екенін айта келіп, кандидаттарға сәттілік тіледі.
Алғашқы пікірсайыс аланына депутаттық мандаттан үміткер 6 кандидат шықты. Үш айналымнан тұрған сайыстың алғашқы кезеңінде үміткерлер 5 минут ішінде өздерін таныстырып өтсе, келесі кезеңде олар бағдарламалары мен алға қойған мақсат-міндеттері жөнінде мағлұмат берді. Үміткерлер сайлауалды бағдарламаларында денсаулық және білім саласындағы қордаланған мәселелерге қатысты көзқарастарын білдірді. Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету бағытындағы ұсыныстарымен бөлісті. Соңғы үшінші кезекте кандитаттар өздерінің қарсыластары мен әріптестері қойған сауалдарға жауап беру арқылы пікір алмасты.
Айта кетейік, партияішілік іріктеу ауданымыздың 11 округі бойынша жеті күн, сағат 11:00-де және 15:00-де өтетін болады. Оған ауданымыз бойынша 84 кандидат тіркелген.
Қарасайлық үміткерлердің пікірсайысы әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.