Кеше Әйтей ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында аталмыш округ әкімі лауазымына үміткер азаматтар таныстырылды.
«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23-і қаңтардағы №148 заңының 36-1-бабына сәйкес Әйтей ауылдық округінің әкімі Қайсар Кикимовтың зейнет жасына жетуіне байланысты өкілеттік мерзімі аяқталған болатын. Осыған орай, Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясы Әйтей ауылдық округі әкімінің сайлауын 2020 жылы 26 ақпанына тағайындау туралы шешім қабылданды.
Ауылдық округтің әкімі лауазымына үш үміткердің кандидатуралары ұсынылды. Жарқын Қатубаев, Еділ Имашев және Қайрат Омаров болды. Жиында осы азаматтардың бұрын қайда, қандай қызмет атқарғандары, қазіргі таңдағы қызметтері, жалпы еңбек жолдары кеңінен айтылып өтті. Кандидаттар таныстырылған соң, Әйтей ауылдық ардагерлер кеңесінің атынан сөз алған Болат Жүнісов үміткерлерге сәттілік тілей отырып, округ басшысы болып қазіргі уақытта міндетін атқарып жүрген Дәулет Омаров ұсынылса деген өтінішін жеткізді.
Алдағы уақытта аудандық мәслихат депутаттары Әйтей ауылдық округінің әкімі болуға үміткер азаматтардың арасынан таңдау жасайтын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.