Елімізде қарттар мен ардагерлерге үлкен мән беріліп, оларға жан-жақты қамқорлық жасалуда. Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілік пен тыныштықтың сақталуына өз үлесін қосқандар нақ осы ардақты да аяулы қарттарымыз екені белгілі.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаев 1 қазан – Қарттар күніне орай қаскелеңдік қос ардагер аталарымыздың шаңырақтарына бас сұғып, құттықтап қайтты. Яғни, олардың жасаған ерлік еңбегі ел жадынан ешқашан өшпейтінін айтып, ізгі тілегін білдіріп, сый-сыяпатын табыс-тады.
Алдымен Жандарбек Ермекұлы қарт майдангер, аудан тарихының шежіресі саналатын журналист, жазушы, партизан Үсенбай Тастанбековтың үйіне ат басын бұрды. Кездесу барысында абыз қария өзінің көп жылғы өмір, еңбек жолындағы түйген өсиеттерін айтты.
Ал, келесі кезекте аудан әкімі қарасайлықтардың құрметіне бөленген, Мәскеуде өткен төрт бірдей Жеңіс шеруіне қатысқан ардагер Федор Федотовтың үйіне барды. Жасы үлкен болса да өзін сергек сезінетін ардагер атамыз қонақтарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды. Кездесуде қарт майдангер соғыс туралы естеліктерімен бөлісті.
Иә, қос ардагерге құрмет көрсеткен аудан басшысы ел басына күн туған заманда, қиын-қыстау күндерде халқына сүйеу, жұртына қамқор, ұрпағына үлгі бола білген жауынгерлермен жүздесіп, оларға таусылмас қажыр-қайрат тіледі.
Бұл кездесулерге аудан әкімімен бірге Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев те қатысты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.