Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойыны орай, өткен аптаның сәрсенбі күні аудандық кітапханада ұлағатты тұлғаларға арналған кездесу кеші өтті. Қала әкімі аппаратының ұйымдастыруымен болған жиынға ауданымыздың ардагер ұстаздары мен жастары қатысты. Мақсаты – өскелең ұрпақты өз тілінің қадір-қасиетін түсініп, ардақтауға тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің мәртебесін биікке шығару, педагогика саласында өзіңдік орны бар ұлағатты ұстаздар еңбегін жас ұрпаққа үлгі тұту.
Басқосуды қала әкімінің орынбасары Гүлнар Молдамсеитова ашып, бұл шараның Ұлы Отан соғысына қатысқан, ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаз болып, еңбек етіп, мыңдаған шәкірттердің жүрегіне білім нәрін құйып, еліміздің көркейіп, нығаюына өз үлесін қосқан Сейітхан Исаевқа арналғанын айтып өтті. Кездесу барысында аудандық әжелер алқасының төрайымы Ақылия Бекбайқызы Алматы облысының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, соғыс ардагері, 102 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанған Сейітхан Исаевтың өмірбаяны, білім жолындағы қажырлы еңбек жолдары жайлы кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, Сейітхан Исаев ағамыз Ұлы Отан соғысының ардагері, тарих пәнінің ардагер мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Білім саласының құрметті қызметкері болған. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін бітірген. Еңбек жолын 1941 жылы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталығындағы Есік қазақ орта мектебінде тарих пәнінен сабақ беруден бастаған ол 1942 жылы армия қатарына шақырылып, майданға аттанады. Соғыстан келген соң педагогикалық жұмысына кірісіп, Алматы облысы Есік орта мектебінде мұғалім, мектеп директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, директоры болып қызмет атқарған. Кейіннен Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып, бірнеше жыл сонда қызмет атқарған, аудандық тарихи-өлкетану музейіне ғылыми қызметкер болып та жұмыс істеген, бірқатар уақыт ардагерлер кеңесін басқарған.
– Сейітхан ағамыз көнекөз қариялардың, ақжаулықты ана-әжелердің қоғамдық жұмысқа белсене қатысуын ұйымдастырып, мемлекетіміздің болашағы – жастар арасында тәлім-тәрбие жұмыстарын жандандыруды басты назарда ұстады, – деді тағы да ол кісі.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері атанған ардақты қарияның «Ұстаз болу бір бақыт», «Аманат» атты кітаптары жайлы да әңгімеледі.
Кездесуде жастар ұлағатты ұстаз жайлы біраз мағлұмат алып, өздерін қызықтырып жүрген сұрақтарын қойды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.