Мен бұл кісіні бұрынғы бас редакторымыз Құбиев Өтесін ағаға келіп-кетіп жүрген кезінен білуші едім. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» дегендей, бірте-бірте сәлемдесіп, хал-жағдай сұрасатын да болдық. Білімді, көпті көрген жан екеніне көз жетті, көңіл сенді.
Сонымен, қайран қазақтың «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дейтін де сөзі бар емес пе! Сол айтқандай, біраз уақыттан соң кездесе қалғанда әдемі әңгімелесіп, өткен-кеткенді еске алатын, тірліктің сәулелі тұстарына сүйінетін, көлеңкелі жақтарына күйінетін кезіміз де жиі орын алатын.
Осы қаскелеңдік Үсейінұлы Тұяқбай ағамыз да сексен жастың сеңгіріне шығып отыр екен, соған орай қолға қалам алуға тура келді.
Бүгінде өмірдің сандаған асу-белінен өткен, «жалаңаяқ жар кешкен» дегендей, сан алуан қиындықты басынан өткерген, алайда, мойымай, мойынсынбай алға қарай ұмтыла, ұмсына берген, мына ғаламатқа толы ғажап дүниенің жемісін тере білген, қазір өзгеге айтар ақылы да, керекті кеңесі де аз емес аға артында, алыста сағымдай бұлдырап қалған күндеріне қараса, ғұмыр жолында тек тура, таза, түзу жүріпті, адамгершілігімен, адалдығымен, әділдігімен көрініпті. Ал, бұл әрбір жұмыр басты пенде үшін ең басты мәселе, тіршілігінің тіні болса керек.
1941 жылдың ыстық жазында басын Сырдариядан алатын Қосапан өзенінен тартылған Жамбас арығының бойындағы кішкентай Жетікөл ауылында дүниеге келген Тұкең бұл жерді үнемі сағынышпен еске алады. Өзі әкесі қайтыс болғаннан кейін, жиырма бір күннен соң туыпты. Бұл Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан, бүкіл халық үшін өте ауыр кезең еді. Соғыс біткеннен кейін де көпке дейін елдің жағдайы оңала қоймағаны белгілі. Ағамыздың балалық шағы осындай уақытқа тап келді. Сондықтан бұрын бес құрсақ көтеріп, бәрі де шетінеп кеткен асыл анасы Қалдыгүл күндіз-түні бел шешпей колхоздың бір бітпейтін жұмысын істеді. Ол кісі өз анасы Балжанды қолына алып, жалғыз ұл – Тұяқбайды өсіріп, жеткізіп, адам етуді екеулеп ерекше қолға алған. Қайран сол кездің аңқылдаған, адал ниетті, ақ көңілді, арлы адамдары-ай! Олар ел игілігі үшін ертеңнен кешке дейін ерең еңбек ете жүріп, киімге, тамаққа жарымаса да ең алдымен ұрпағына адами тәрбие беруді, адалдыққа, еңбекқорлыққа, қайырымдылыққа, мейірімділікке баулуды басты мақсат еткен. Ал, қазіргі замандастарымыздың біразы ашкөз, арсыздыққа, қулыққа, сұмдыққа жақын екені де жасырын емес қой…
Еңбекке етене берілген, еріншектігі жоқ анасы звено жетекшісі болып, әрдайым алдан көрінетін жұртқа құрметті жан болыпты. Тіпті, Алматыда өткен Қазақстан әйелдерінің бірінші съезіне делегат ретінде қатысыпты.
Тұяқбай аға 1958 жылы орта мектепті жақсы бітіріп, өзі көптен арман еткен Алматыдағы Қазақ мемлекеттік медицина институтына түсуге талап қылады. Бірақ, бәсеке өте күшті болып, конкурста балы емдеу факультетіне жетпей қалады. Содан осы балмен Шымкент медучилищесін оқып бітіреді. 1963 жылы Алматыдағы мединститутқа «қайта соғып» оның стоматология факультетін аяқтап шығады.
Сөйтіп, мемлекеттік комиссияның жолдамасымен Алматы облысы Қаскелең (қазіргі Қарасай) аудандық ауруханасына жіберіледі. Сонда орталық аурухананың бас дәрігері Асылхан Мамаев оны Шамалған учаскелік ауруханасына ақ тілегімен аттандырады. Міне, осыдан бастап ол кісінің өмір, еңбек жолы асқақ Алатау баурайындағы осы ауданмен біте қайнасып келеді.
– Алла қолдап, әрі өзіме деген мұндағы басшылардың, басқалардың үлкен сенімінің арқасында, – дейді Тұяқбай аға, – мен қыдыр қонып, бақ дарыған қасиетті Қарасай жерінде ұзақ уақыт қызмет істедім. Елмен араласып, жұртпен жақындастым, дос, жолдас таптым. Шамам жеткенше ортақ игіліктің артуына үлесімді қостым. Бұл үшін тек жақсыға, жақсылыққа жетелеген Жаратушы иеме әбден ризамын!
Адамға тән қасиеттің бірі үнемі іздену, ілгерілеу, алға ұмтылу, әрқашан білсем, түсінсем, ұқсам, ұғынсам деген талап-талпыныс болса керек. Тұкең де 1972 жылы көп ойланып жүріп ҚазМУ-дың заң факультетін бітіріп, екінші жоғары білім алады. Онан кейін аудандық прокуратурада, аудандық атқару комитетінде қызмет істеп, осы салалардың жұмысына ден қояды, бұл қызметтерде де жаман болған жоқ. Бірақ, көп адамға алғашқы махаббатының естен тандырарлықтай өте ыстық болатыны соншалық, ол бәрібір ойынан еш кетпей, жүрек түкпірінде сақталып, үнемі магниттей тартып тұратыны секілді, бұл кісі де біраз үзілістен кейін өзінің жаны сүйген жайлы жайлауына – медицинаға қайта оралды.
Тұяқбай ағаның өміріндегі бір белес – 1995-98 жылдары Иран Ислам Республикасындағы алғашқы ашылған Қазақстан елшілігінде (іс басқарушы) қызмет етуі. Осылайша отбасымен үш жыл Тегеран қаласында тұрды. Сонда демалыс күндері осындағы бірқатар тарихи орындарды аралады. Айтқандай, 1990 жылы АҚШ-тың Сиэтл қаласындағы «Игры добрый воли» олимпиадасына барғаны, туристік сапармен Еуропа, Азия, Үнді, Араб елдерін аралағаны да бар.
Өмір-өзен ағызады, алысқа, қайтып келмейтін жаққа алып кетеді…
1999 жылы өзін адам қатарына қосқан аяулы анасы Қалдыгүл дүниеден озды. Бүгінде 2017 жылы өмірден өткен Құдай қосқан жары Бәтима да жанында жоқ… Алайда, ағамыз үлкен қызы Светлана (заңгер), ұлы Алмат (дәрігер), кіші қызы Инабат (шет тілі маманы, заңгер) сияқты балаларының арасында, олардан көрген бес немеренің ортасында бақытты, бақуатты ғұмыр кешіп отыр.
Міне, еңбек ардагері, жоғары санатты дәрігер, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының иегері, Қарасай ауданының Құрметті азаматы, қарапайым мінезді, ақ пейілді, ақ ниетті, әманда ел жағдайына елеңдеп жүретін Тұяқбай ағамыз осындай жан.
Мерекеңіз құтты болсын, жасай беріңіз, шаршамаңыз, шалдықпаңыз!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.