Жасы келіп, қарттықтың ауылы анадайдан жақындағаннан-ақ бәрінен бұрын болдым, толдым деп отырып қалатын, сыртқа шығып, ел-жұрттың бет-жүзін көргеннен, әртүрлі ортақ іске белсене араласқаннан гөрі пеш түбінде бүк түсіп жайымен жатқанды жақсы көретін адамдар болады.
Жомарт ағаны бұл санатқа кіргізе алмаймыз, әрине.
Себебі, ол кісі сонау кішкене кезінен-ақ ұдайы алға ұмтылатын, ес жиып, етек жауып, өмір атты алып мұхиттың бетіне тірлік кемесінің желкенін кеңінен керіп шығысымен-ақ өзінің ширақтығын, алғырлығын, білімділігін тамаша танытып келеді.
Өткен ғасырдағы 1938 жылдың қаһарлы қаңтар айында дүние есігін ашқан қарапайым қазақ баласының бірі еді ол. Кіндік қаны тамған жер қазіргі Қошмамбет ауылы екен. Қақаған қыста туғанымен, қашанда қату қабақ танытпайтын жайлы, жайдары, ашық жарқын, әзілқой болып өсті.
Ал, 1958 жылы Қаскелеңдегі жалғыз қазақ тілінде білім беретін Абай атындағы орта мектепті бітіріп шықты.
– Мен осы жерде, – дейді Жомарт аға толғана сөйлеп, – қазіргі қазақ елін дүние жүзіне танытып, абыройын асырып жүрген Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқып, үлкен өмірге қатар қанат қақтық. Сол кезде Нұрсұлтан, және тағы бір жігіт бар, үшеуімізді Украинаға кәсіптік-техникалық оқуға барасыңдар, деп бекітіп, белгілеп қойған еді. Алайда, жасырып қайтемін, мен бір қызды қатты сүйіп қалған болатынмын, соған үйлендім де «үйден ұзай алмай» қалдым. Ол бір сыныпта қатар жүрген Жанқабылова Қантбала деген бойжеткен еді.
Жас жігіт мұнан кейін екі жыл қатарынан ауылшаруашылығында жұмыс істеп, ысылады, тәжірибе жинайды, тәртіпке көндігеді.
Сонан соң барып қана сол кездегі астанамыз – Алматы қаласындағы ұлттық жоғарғы білімнің қара шаңырағы атанған Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түсіп, ондағы тарих факультетін тәмамдаған.
Білімді, бойында күш-қуаты тасыған, жігерлі, алғы күндерге үлкен сеніммен қарайтын,мақсатшыл жас жігіт алдымен Қаскелең қаласындағы Юрий Гагарин есімін иеленген зағип балалардың мектеп-интернатында тәрбиеші, директордың орынбасары болған. Сөйтіп, қамкөңіл балаларды тәрбиелеп жүріп, өзі де педагогиканың қыр-сырына терең үңілді, өзгеше жүріп-тұратын өндір жастардың жанын, ой-қиялын, арман-аңсарын түсінудің кілтіне қолын жеткізіп әдемі әсерге бөленді.
Мектеп-интернат жабылып қалғаннан кейін өмір оның жолын басқа жұмыс саласына бұрып әкетті. Бірақ, алдымен Т. Байжанов атындағы орта мектеп директоры қызметін атқарды.
Кейіннен Шамалған ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметінде осы елді мекеннің өсіп-өркендеуі үшін белсене еңбек етті, бел шеше жұмыс істеді. Сол сияқты Жаңа Шамалған ауылдық кеңесіне де екі жыл жемісті жетекшілік етті.
Сонымен қатар, Қаскелең аудандық жұмыспен қамту орталығын байыпты басқарып, бұл бағыттағы ел-жұртқа пайдасы көп тиген істің ілгері басуына мол үлесін қосты. Осы жерден құрметті демалысқа – зейнеткерлікке шығыпты.
Бүгінде Жомарт аға ауданымыздағы елге сыйлы, көпке құрметті қадірлі қариялардың бірі.
Тірлік-тіршіліктің небір асу-белінен өткен, көргені мен түйгені мол ақсақалдардың сапына кіріп, санатына қосылған ол кісі екі ұл мен бір қызды тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да өмірден өз орындарын тапқан. Үлкені Абай Шамалған бекетінде жеке шаруа қожалығының иесі, Бөкейдің де өз ісі бар. Ал, қызы Айна Сексенбаеваны бүкіл ел-жұрт жақсы біледі. Ол көптен бері аудандық мәслихаттың депутаты, «Алматыгаз СервисХолдинг» акционерлік қоғамының президенті.
Жомарт ағаның жанын жеті немересі мен он шөбересінің бары да жақсы жадыратады, солардың қуанышын көріп, аталық ақылын айта жүріп көңілі көп марқаяды.
– Менің осы өмірімдегі ең бір қызықты да қымбатты шағым, – дейді тағы да Қарасай ауданының Құрметті азаматы, қазіргі кезде сексен жастың сеңгіріне шығып, биігіне көтеріліп отырған Сексенбаев Жомарт ағамыз, – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанды басқарып, кемел келешекке батыл алып бара жатқан Президентіміз Нұрекеңмен бірге оқығаным. Мектепте жүрген сол кездің өзінде-ақ Нұрсұлтанның басқалардан айрықша екені анық аңғарылып тұратын. Оқушы кезінен-ақ белсенді, беделді, жауапты, адал, әділ, талапшыл еді. Сонда кейде, жас болсам да менің де басымда: «Әй, осы Нұрсұлтанның жолы ұзақ, баспалдағы биік, шығар жері жоғары болады-ау» деген ой қылаң беретін. Расында да солай болды ғой, қазір біз айдай әлемге танылған Нұрекеңмен мақтанамыз, оның басқаруындағы қасиетті Қазақ елінің жеткен жетістіктері үшін шаттанамыз! Мемлекет басшысы, сыныптасым мерейтойыммен құттықтап, оған өте қуанып қалдым!
Жоғарыда айтқанымыздай,Жомарт Исабекұлы құр қарап отыруды көп қаламайтын адам. Сондықтан да қазір Қаскелең қаласындағы бауырлас түрік елінің «Хамле» фирмасы бас директорының кеңесшісі болып істейді.
«Алда да осылай белсенділік танытып, жастарға үлгі, өнеге көрсете беріңіз, жасай беріңіз, жақсы аға!» дейміз біз әңгімеміздің аяғында.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.