…Кейде біздер, тілшілер, арнайы іздеп келіп әңгімелесуге ниеттенген адамды көрген алғашқы сәтте: «Әй, мына кісі не айта қояр дейсің, көп сөйлемейтін жан сияқты ғой» деген сипатта іштей өзімізді сипай қамшылаған күйде тұжырым жасап тұрып қалатынымыз бар. Бірақ, көп ұзамай қателескенің анық аңғарылып, әдепкідегі ойыңның орынсыздығын түсіне келе кейіпкеріңмен емен-жарқын тілдесіп кеткеніңді байқамай-ақ қаласың. Жандосов ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдағали аға Бейсбаевпен жүздескенде, сырттай бізге солай көрінгенімен, оның жағымды, жылы сөзді, әркімге де жақсылық тілейтін ақ пейілді, ақ көңілді, әрдайым адамдықты, адалдықты діттейтінін білдік.
Молдағали аға сонау сұрапыл соғыстың қып-қызыл өрті тұтанған соң екі-үш айдан кейін, 1941 жылдың 23 қыркүйегінде осы ауылда дүниеге келіпті. Онда әкесі Бейсбай Алатау баурайындағы бүгінде ел арасында «Известковый» деп аталатын жердегі зауытта (соғыс кезінде мұнда қорғасын шығарылған екен) істесе, анасы Күлшаһар колхозшы болыпты. Отбасында үш ұл, бір қыз тәрбиеленген. Бір қызығы, Молдакең оқу барысында үш жерде білім бұлағына бас қойыпты. Мәселен, 1-4 сыныпта осы Жандосовта, 5-7 сыныпта Шамалғандағы Фурманов (қазіргі Қарасай батыр) мектебінде, 8-10 сыныпты Абай мектеп-интернатында (қазіргі Абай гимназиясы) білім биігіне өрлеген. Әйтеуір, Шамалғанда да, Қаскелеңде де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар оқығанын әлі күнге дейін мақтан етеді.
– Бұдан соң Ұзынағаштағы механизация мектебіне барып тракторшы, жүргізуші кәсібін меңгердім, – дейді қария. – Сөйтіп, 60-шы жылдан бастап жұмысқа кідірмей кірістім, яғни, шопыр болдым. Алғашқы айдағаным кәдімгі «Полуторка» дейтін негізінен ағаштан «тон киген» көлік. Жалпы, мен ерте есейіп, ерте еңбекке араласқан адаммын. Өйткені, соғыстан кейінгі ауыр шақ, жетіспеушілік адым аштырмайды, тамақ тауып жеудің өзі қиын кез. Үлкендерге көмектесіп, қабырғам қайысып жүріп талай іске араластым. Сондықтан нан табудың, нанның қадір-қасиетін өте жақсы білемін.
Молдағали аға мұнан кейін әскерге шақырылып, төрт жыл (1962-1966 ж.ж.) теңізші ретінде Отан алдындағы борышын өтейді. Сөйтіп, Тынық мұхит флотынан, Владивостоктан бір-ақ шығады. Ал, мықты жігіттер ғана теңізші атанатыны белгілі ғой. Оның осы әскерге алынғаны бекер емес. Себебі, кішкене кезінен жұмыс істеп, әбден шыныққан, бұлшық еті бұлт-бұлт ойнаған жас жігіт спортқа да бейім еді, әрі орысша жақсы білетін-ді. «Зубрь» деп аталатын күзет кемесінен басталған әскери қызметі одан ары көп ұзамай Үнді мұхитында жалғасқан. Нақты айтқанда, Индонезия мемлекетінде өзара келісіммен сол елдің теңізшілерін кейбір жұмыстарға үйретушілердің жуан ортасында болған. Елден техника тілін жетік біліп аттанған ол кемеде қазандық машинисі міндетін атқарған. Қазандықта мазут жағылады да ол суды қайнатады, ал осы судың буы кемені қозғалысқа келтіреді екен. Сол жақта жүріп ағамыз 1964 жылы жер шарының Экватор сызығын кемемен кесіп өтеді. Бұл теңізшілер үшін өте ерекше мәртебе көрінеді. Сонда Фроликов деген командирі: «Менің ашық теңізде жүргеніме 15 жыл, сонда бірде-бір туысыңды осындай жағдайда көрген жоқпын. Сен Экваторды кесіп өткен алғашқы қазақсың!» деп мадақтапты.
– Онан кейін «Гордый» атты эсминецте қызмет еттім, – дейді тағы Молдекең. – Үнді мұхитында жүзіп жүргенде алыстан алтыншы құрлық – Австралия жағалауларын да көріп қалатынбыз. Айтқандай, алғаш рет Владивостоктан Индонезияның портты қаласы Суровайяға 19 күн теңіз бетімен жүзіп барған едік. Ал, тұрған жеріміз сондағы «Модура» аралы болды.
Ардагер теңізші бір-екі жолы арнайы тапсырмамен елге келгендегі авиабилетін әлі күнге сақтап қойыпты. Сондағы ұшақтың маршрутына таңқаласың! Мәселен, Джакартадан (Индонезияның астанасы) Делиге (Үндістан астанасы), одан Карачиге (Пәкістан) жеткен, осы жерден енді кеңестік ұшақпен Ташкентке, одан Мәскеуге ұшқан…
1966 жылы әскерден оралған соң Алматыдағы үлкен жылу электр стансасында (бұл жерде тура әскери кемедегідей бу қазандығы қойылған екен) және жабық сипаттағы Киров зауытында бір жылдай жұмыс істепті. Алайда, Алатау баурайындағы туған ауылы мен аяулы анасына, бауырларына деген сағыныш (әкесі біраз уақыт бұрын қайтыс болған) өзіне тартты да тұрды. Сөйтіп, Жандосовқа келіп, көлік рөліне қайта отырды. Содан зейнеткерлікке шыққанша осылай елеулі еңбек етті.
– Бұл жерде бұрыннан алма өседі ғой, – дейді тағы да Молдекең. – Дегенмен, жаңа сорттар керек еді. Мен төрт жылдай көлігіммен сонау Ташкенттен, Қырғызстаннан, Меркіден алма ағашының жақсы сорттарының көшетін жеткіздім. Соның арқасында алманың түр-түрі көбейіп, ел-жұрттың игілігіне жарады. Қазақстан Тәуелсіздік алған соң ел қатарлы жеке шаруамен айналысып, 2 га (жалпы 9 га жерім бар еді) жерге алма көшетін отырғызып, оларды басқаларға саудалаған кезім де болды. Бірақ, кейін жерімді сатып жіберіп, қаржысын балалардың оқуына, үй жағдайына жұмсадым.
Ағамыз 1967 жылы өзінің жүрек қалауы Қанымбүбі Өміржанқызымен (осыдан төрт жыл бұрын дүниеден өтіпті) бас қосыпты. Екеуі ұзақ уақыт бақытты, бақуатты өмір кешіп, берекесі мол үлгілі, өнегелі отбасы атанған. Алты бала – екі ұл, төрт қызды аялап өсіріп, барлығын да оқытқан, олардың бәрі де бүгінде үйлі-баранды, жақсы тұрады. Айтқандай, Молдекеңнің 9 немересі, 6 шөбересі бар.
Бұрыннан да үнемі қоғамдық жұмысқа белсене қатысатын (кезінде кәсіподақ комитетінің мүшесі де болған), адамға әрдайы жанашырлықпен қарайтын, кемшілік көрсе ешкімнің бетіне қарамай айтып салатын ағамыз екі жылдан бері жергілікті ардагерлер кеңесін байыпты басқарады.
– Осы өмірімде қай жерде де елмен етене жақын жүрдім, – дейді әңгімесінің аяғында ағамыз. – Жақсыдан үйрендім, жаманнан жирендім. Қолымнан келгенше өзгеге қол ұшын беруге ұмтылдым. Жалықпай еңбек еттім, жатпай-тұрмай жұмыс істедім. Бұл үшін алған Құрмет грамоталарым, Алғыс хаттарым жетеді. Орынсыз іске бармадым, оңды іс болды – таңдауым. Ұялмайтындай ұрпақ өсірдім, бәрі жақсы тәрбие, жоғары білім алды. Құдай қосқан қосағым Қанымбүбі марқұм екеуміз жарасымды, сыйластықта ел қызығатындай ғұмыр кештік. Әйтеуір, қызығы да, шыжығы да мол, игілігі де, ауырлығы да аз емес талай асу-белден абыроймен өтіп, Алланың демеуімен осы күнге жетіп отырмын. Сондықтан да мен өзімді бақытты қарияның бірімін деп есептеймін.
Иә, 80 жастың биігіне көтерілген Молдағали аға Бейсбаев осылай ой толғайды, толғанады. Өте дұрыс!
Әлі де жас ұрпаққа үлкен үлгіңізбен, қариялық қалпыңызбен құрметті, қадірлі болып, өзіңіздің қазіргі тікелей жұмысыңыз ретінде ардагерлердің, қарттардың да бабын тауып, ортамызда аман-есен жүре беріңіз, дейміз біз де сөз соңында!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.