Еліміз бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгені баршаңызға белгілі. Осы ретте,медициналық қызмет түрлері – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері бойынша екі түрде көрсетілетінін ашып айтқымыз келеді.
1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, барынша дәлелденген тиімді профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызметтерді, сондай-ақ, дәрілік көмекті қамтиды. Бұл көмек түрлеріне:
1) жедел медициналық көмек; 2) санитариялық авиация; 3) медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК); 4) МСАК маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек; 5) стационарды алмастыратын көмек; 6) стационарлық көмек; 7) медициналық көрсетілімдер бойынша қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету; 8) туберкулезбен ауыратын және туберкулезбен ауырған науқастарды қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту; 9) халықтың жекелеген санаттарына арналған паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім; 10) патологиялық-анатомиялық диагностика; 11) тіндерді (тіннің бөлігін) немесе ағзаларды (ағзалардың бөлігін) транспланттау мақсатында мәйітті ағзаларды және (немесе) тіндерді алуға дайындау, тінді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау кіреді.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке өздері үшін қорға аударымдар және жарналар төлеу жүзеге асырылған, сондай-ақ, қорға жарналар төлеуден босатылған адамдардың (әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері) құқығы бар. Бұл көмек түрлеріне: 1) алғашқы медициналық-санитариялық көмек маманының және бейінді мамандардың жолдамасы бойынша консультациялық-диагностикалық көмек; 2) МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ауруларды ТМККК шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, стационарды алмастыратын көмек; 3) ауруханаға жатқызу жағдайларының жоспарланған саны шеңберінде МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша ауруларды ТМККК шеңберінде емдеу жағдайларын қоспағанда, жоспарлы стационарлық көмек; 4) уәкілетті орган айқындайтын аурулар (жай-күйлер) тізбесі бойынша МСАК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша медициналық оңалту және қалпына келтіру емі; 5) ТМККК кірмейтін аурулардың патологиялық-анатомиялық диагностикасы ұсынылады.
Егер аударымдарды және жарналарды төлемеген жағдайда адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті осындай аударымдарды және жарналарды төлеу тоқтатылған кезден бастап үш айдан артық алмайды. Бұл құқық адамдарды төленбеген кезең үшін қорға жарналар төлеу міндетінен босатпайды. Осындай жарналарды төлеу тоқтатылған кезден бастап үш ай өткеннен кейін төленетін жарналар сомалары төленбеген кезең есебіне есепке жатқызылуға жатады.
Осыған байланысты 2020 жылдың 1 сәуір айына дейін аударымдар немесе жарналар төленбеген азаматтар толықтай төлеуі қажет. Төлемеген жағдайда 1 сәуірден бастап МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтерді тегін көрсету тоқтатылады.
Төлемдерге қатысты:
Мемлекет: 15 нысанға жатқызылған азаматтарға: 1) балалар; 2) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар; 3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; 4) осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген адамдарды қоспағанда, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адам (баланың заңды өкілдерінің бірі); 5) жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар; 6) мүгедек балаға күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар; 6-1) бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам; 7) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері; 8) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқан адамдар; 9) тергеу изоляторларындағы адамдар; 10) жұмыс істемейтін оралмандар; 11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар; 12) мүгедектер; 13) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар; 14) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер үшін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалатын тәртіппен ай сайын ағымдағы айдың алғашқы бес жұмыс күні ішінде төленеді.
Жұмысшылар өздері, жұмыс берушілер жұмысшылары үшін төлейді.
Қарасай ауданында 300 000-ға жуық азаматтар тұрады. Аталған азаматтар ішінде ҚР бойынша емханаға тіркелмеген және өзектендірілмегендер кездеседі. Осы топтағы азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелу қажет. Ол үшін, өзіне жақын емханаға барып, тіркеу бөлімі немесе цифрлы бекет арқылы, сондай-ақ, үй жағдайында электронды кілтпен тіркеулге өтінім беруіне болады. Жарналарға қатысты, өзін өзі қамтушы азаматтар мемлекет бекіткен минималды айлық есептік көрсеткіштің 5 пайызын немесе Қарасай ауданының тұрғындары 0,5 еселенген 1 минималды есептік көрсеткіш сомасында жарналарды «24 касса» төлем терминалдары, екінші деңгейлі банктер, казпошта, kaspi.kz сайтында төлеу мүмкіндіктері бар.
Сонымен қатар, еліміздің кез-келген тұрғыны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде туындаған сұрақтары болған жағдайда 1402 (тегін) колл-орталығына тәулік бойы хабарласуына болады.
Марат АҚЫЛБЕКОВ,
Қарасай аудандық орталық аурухана
бас дәрігерінің орынбасары.