Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арналған Жолдауы негізінен елімізді әлеуметтік-экономикалық өрлетуге бағытталған. Онда көрсетілген айқын міндеттер мен нақты тапсырмалардың барлығы да республикамызды дамыту мен адамдардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арналғанын атап айтуымыз керек. Әсіресе, ел-жұртты айрықша толғандырып жүрген ең өзекті мәселелерді шешу жолдарын анықтап беруі де ерекше риза етеді. Әйтеуір, халық игілігіне қажетті маңызды әрі өткір мәселелердің бәрі де қамтылған деуге әбден болады.
Сонымен қатар, халық үніне құлақ түретін билік, жұртшылықпен кері байланыс, тұрғындардың тілек-өтініштеріне жедел жауап беру, олардың тиімді шешімін табу жайында айтқандары да өте маңызды дер едім.
Қасым-Жомарт Кемелұлының өз Жолдауының негізі бір өзегі ретінде әлеуметтік мәселелерді алғаны да қуантады. Оның ішінде бірыңғай тұрғын үй саясатың әзірлеу, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру сияқты ел көңілінен шыққан бастамалардың мәні өте үлкен болып тұр. Осы орайда Президентіміз «Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет» деп нақты тапсырма берді. Өзім құрылысшы болғандықтан, бұл мәселе менің де көңілімнен шығып отыр. Өйткені, көп жылдан бері Қарасай ауданындағы әлеуметтік нысандарды салумен айналысып келеміз.
Ауданның 90 жылдығына байланысты да бірқатар құрылыс жұмыстарын абыроймен атқардық.
Ендігі алда тұрған міндеттер Мемлекет басшысының Жолдауында қойылған мақсаттарға сай жұмыла жұмыс істеу болса керек!
Әлібек СӘРСЕНОВ,
«Іргетас-Құрылыс-2» ЖШС-нің директоры, Алматы облыстық мәслихатының депутаты.