Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі туралы айтыла бастағалы да біраз уакыт өтті. Бұл туралы республиканың мерзімді баспасөз беттерінде де талай адамның тебіреністі ой-пікірлері жарық көрді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясының әлі күнге өз деңгейіне жете алмай келе жатқандығы туралы ащы да болса шындық жария етілуде. Мұндай жүрекжарды пікірлердің ашық айтылуы занды құбылыс деп есептеймін. Өйткені «Тәуелсіздік» деген жоғары ұғым мемлекеттік тіл мәртебесімен астасып жатқаны айдан анық. Тіл – ұлттың өзегі.
Қазақ тілін дамыту аясында біраз ұсыныс беріліп, жүзеге асырылып жатыр. Сонда да сәл көңілге қонымсыз оқиғалар әлі күнге қоғамда болып жатқаны анық. Бірақ «әрекетке қарай берекет» демекші, ұлт жанашырлары, қоғам қайраткерлері мен болашақтың жастары бәрі бірігіп мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде біраз мардымды тірлік бітіріп жатқанына куә болып келеміз.
Тіл саясатын тиімді іске асыру, оның ішінде халыққа тілдерді оқыту үрдісінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен әзірленген «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz», «Abai.institute», «Тermincom.kz», «Emle.kz», «Sozdikqor.kz», «Qazcorpora.kz», «Qazgramma», «Qujat.kz», «Atau.kz», «Qazlatyn.kz» электрондық ресурстары жұмыс істейді. Сонымен қатар тіл саясатын іске асыруға бағытталған барлық электронды қосымшалар мен өзекті ақпарат (жаңалықтар, мақалалар, орталықтарға қатысты ақпарат, әдістемелік жинақтар) жүзеге асуда.
Тіл жанашыры ретінде менің де үлес қосар бір ұсынысым бар. Нақтылай кетсек, баланы балабақшаға, мектепке орналастыру, одан кейін мектеп түлектерін жоғары оқу орнына қабылдату және мемлекеттік немесе басқа да жерлерге жұмысқа орналасу үшін жұмыс іздеуші өз атынан өтінішті қазақ тілінде жазуы тиіс. Міне, осылар міндетті құжаттамалар қатарына енгізілгені дұрыс болар еді. Баланы балабақшаға орналастыру үшін және мектепке қабылдау үшін ата-ана дәл сол жерде қазақ тілінде өзінің ой-пікірін жазып қалдырса, ал жоғары оқу орындарына тапсырып жатқан талапкер мен жұмысқа орналысып жатқан болашақ қызметкер өзі саналы түрде жазғаны абзал. Бұл жазылған өтінішті жазу деңгейінің сауаттылығы мен ұтқырлығына қарап таңдайтын болса, сонымен қатар міндеттелген құжаттамалар қатарына енгізілетін болса, кез келген ата-ана да, басқа адамдар да сауатты әрі қазақ тілінде анық жаза алу қабілетін меңгерер еді деп ойлаймын. Осы ұсыныстың аясын кеңейтетін болсақ, барлық елдің сауатының біртіндеп қалыптасуына, қазақ тілінде ойлау деңгейінің дамуына зор үлес қосылар еді деген журналистік ұсыныс-тілегім бар.
Шұғыла ТЫНЫС.