Қарасай ауданында жұртшылық көп біле бермейтін өндірістік ортаның бірі – «Металл сфера Про» компаниясы. Марс Албетов басшылық ететін металл өңдеу цехында тапсырыс беру арқылы темірден кез келген бұйымды, ой-қиялдағы түрлі дүниені жасауға болады.
Бүгінде бұл компанияның өнімдері әр өңірге жөнелтіледі. Осылайша аудан экономикасының дамуына едәуір үлес қосуда. Мұнда ең бағалы, шетелден арнайы әкелінген бірнеше станок пен темір өңдеуге қажетті құрал-жабдықтар орналасқан. Әрбірінің атқаратын қызметі әртүрлі. Қызығушылығымызды оятқан аталмыш өндіріс орнының жұмысымен жақында танысуды жөн көрдік.
Цехтың жұмыс істеу үрдісіне тоқталмас бұрын алдымен оған жетекшілік етіп, біраз адамның қызмет етуіне себепші болып жүрген Марс Кеңесбайұлы жайлы сөз қозғасақ. Қарасайлық кәсіпкер аталмыш өндірістік салаға дейін біраз істің ұршығын иіріп, нәпақа табудың амалын қарастырған. Тіпті, жасөспірім кезден бері еңбекке ерте араласқан. Студент шағында түрлі сауда нүктелерінде сатушы қызметін атқарса, одан кейін 19 жас кезінде аула сыпырушы болып та жұмыс істеген. Қолына сыбыртқысын алып табыс тауып жүргенде өмірлік жарын кездестірген.
Ер азамат үшін басты міндет отбасын асырау болғандықтан, Марс қолынан келетін істен қашпаған. Такси қызметінде де бағын сынап, алты жыл осы бағытта еңбек еткен. Алайда бұл жұмыстың да ауыртпашылығын, жауапкершілігін сезінгендіктен, өзінің қарым-қабілетін басқа салада байқап көруге бел буыпты. Сөйтіп жүргенде, Алмасбек есімді азаматпен танысып, оның ұсынысымен, шақыртуымен енді ашылып жатқан металл өңдеу цехында жұмыс істеуге кіріскен. Бұл күндерді Марс мырза ешқашан ұмытқан емес. Алғаш темірмен қалай жұмыс істегенін күлімдеп қана еске алады.
– Тәжірибесі жоқ адамға, әрине металл өңдеумен айналысу оңай шаруа емес. 100 шаршы метрлік шағын цехта жұмыс істеу мен үшін таңсық болды. Алайда қолымнан келетініне іштей сенімді болдым. Осылайша, алғаш болгарка құралымен кесуді, дәнкерлеуші аппаратымен темірлерді бір-бірімен түйіндеуді үйрендім, – деп Марс Албетов цехтағы бірінші күндерін еске түсірді.
25 жастан енді асқан Марс үшін бұл сала оның қызығушылығын бірден оятқан. Заман ағымына сай сұранысқа ие кәсіп болған соң, оның болашағына да күмәнмен қараған емес. Уақыт өте келе өзі де осы бағытта жеке кәсіпкер ретінде бағын сынап, Қаскелең қаласында жалға орын алып, шағын цехын ашты. Металға қатысты тапсырыстың түр-түрін қабылдап, тұтынушының көңілінен шыға бастаған. Алайда кейде істің ілгерілеуінде қиыншылық туған. Марс Кеңесбайұлы бұл кедергілердің бәрін жұмыстың жүйелі жүрмегенімен байланыстырады.
– Жұмыстың алға жылжуы үшін қалай дегенменде жөн-жобасы, жоспары болу керек екен. Менің бұл істе арқасүйерім, серіктесім бар. Мен онымен, ол менімен кеңеседі дегендей. Десе де, екеуіміз металл өңдеу бойынша бір жүйемен жұмыс істеуді дұрыс деп шештік. Өйткені жүйе болмаса, станогыңды да, құрал-жабдығыңды да пайда жарату қиын. Сондықтан қазіргі уақытта жұмыс істеу принципін бір жүйеге келтіріп, аз-аздан, үздіксіз еңбек етіп келемін. Нәтижесі жаман дей алмаймын, – деді ол.
Темірден түйін түюдің қыр-сырын меңгерген кәсіпкер бүгінгі таңда Қаскелең қаласындағы Достық көшесінің бойында, көпшілік «плодик» деп атап кеткен жерде цех ашып, осы жерде отандық өндірісті өрге бастырып келеді. Компания атауын «Металл сфера Про» деп атап, металдың кез келген түрін өңдеп, ұсақ-түйектен бастап, салмақты дүниелерді жасап шығарады.
Өндірістік ортаның ерекше әрі танымал өнімдерінің бірі – көпшілік жақсы білетін «Magnum» сауда орындарындағы азық-түлік қоятын сөрелер. Металдан құрастырылған бұл дүниелер осы цехтың алғашқы тапсырыстары болып саналады. Бүгінде осы аталған бірнеше сатылы сөрелер Алматы облысының аумағындағы «Magnum» сауда орталықтарында орналасқан.
Сонымен қатар «Металл сфера Про» компаниясы аудандағы жалғыз оқу ордасы – SDU университетінің де тапсырыстарын қабылдайды. Атап айтқанда, әр кабинеттегі оқытушыларға арналған «подиумдарды» аталмыш өндіріс орны жасап шығарған. Биіктеу көрінетін металды бұйымда дәріс берушінің ыңғайына қарай барлық жағдай ескерілген. Мәселен, IT-жүйесі, компьютердің барлық жабдығы, арнайы желдеткіш орнатылған. Темірдің сапасы мықты, салмағы орнықты, сыртына зиянсыз ұнтақ бояулары жағылған.
Келесі атап айтар ерекше өнімнің бірі – алыс жолды еңсеретін жүк көліктеріне арналған себеттер. Ол қосымша дөңгелекті сақтау үшін көліктердің тіркемесіне орнатылады. Темір тұлпарды тізгіндеушілер арасында бұл өте сұранысқа ие тауарлардың бірі. Өйткені оны шетелден тапсырыс беріп алдырту үшін ұзақ уақыт күту қажет. Одан бөлек 250-300 мың теңге шамасында болатын бағасы да тым қымбат. Ал «Металл сфера Про» компаниясы мұны бар-жоғы 125 500 теңгеге құрастырып бере алады. Сондай-ақ бұл тауарды «Halyk market» және «Kaspi» мобильді қосымшалары арқылы таңдауға болады.
Күнделікті тұрмыс қалдықтарын сұрыптауға арналған қоқыс жәшіктерінің түр-түрін де осы компания жасап шығарады. Экологиялық тұрғыдан алып қарасақ, бұл өнімдер кейбір қоқыстың қайта өңделуіне септігін тигізеді. Неге десеңіздер, мұнда қағаз, шыны, пластмасса және басқа заттар бөлек-бөлек жиналады. Бүгінде бұл экожәшіктер жоғарыда атап өткен SDU университетінде және Алматының кейбір сауда нүктелерінде көптеп орналасқан. Сонымен қатар басқа қалаларға да арнайы тапсырыспен жеткізілуде.
Банкомат терминалдарының сыртқы жабдығын да «Металл сфера Про» компаниясы дайындайды. Сенімді әрі орнықты болуы үшін оның сапасына аса мән беріледі. Бүгінде келісімшарт негізінде бұл жұмыстарға әлі де тапсырыс түсуде.
Өндірістік орталықтағы ауқымды жобалардың бірі – модульдік ғимараттар. Олар әртүрлі салада қолданылады. Мәселен, тапсырыс берушінің талабына сай олар күзет қызметіне, бақылау-өткізу пунктіне, серверлікке, арнайы жасалады. Тіпті, асхана, жатақхана, дүңгіршек ретінде де пайдаға жаратуға болады. Әрбір модульдік ғимаратта электр энергия, жылу жүйесі, кондиционер сияқты керек-жарақтың барлығы ескеріледі. Ал сапа жағынан кепілдік міндетті түрде беріледі.
Айтпақшы, «Жақсының жақсылығын айт» демекші, Марс мырза қайырымдылықтан да құр алақан емес. Тұтынушыларына жеңілдікпен тауарын сатып, сауапты амал ретінде тегін дүниесін де сыйға тартатын мәрттігі бар. Атап айтқанда, қазіргі таңда аудан аумағындағы бір елді мекеннің мешіт күмбездерін дайындап жатыр. Бұл жұмысы үшін ешқандай төлемақы алмайды.
Жоғарыда біз тізіп айтқан металл өнімдері Марс Кеңесбайұлының серіктесімен бірге дайындалатын жобалардың біразы ғана деуге болады. Бұл аталғандардан бөлек басқа да ұсақ-түйек бұйымдар күнделікті жасалуда.
«Металл сфера Про» өндірістік орнында бүгінгі таңда 10 шақты адам еңбек етуде. Одан бөлек сатумен, тапсырыс қабылдаумен, сызба жұмыстарымен айналысатын мамандар да бар. Компания басшысы Марс Албетовтің айтуынша, әрбір тапсырыс қосымша күшті қажет еткендіктен, жұмысшылар саны соған байланысты артып отырады. Ал ол жағынан мәселе туындаған емес.
Металл өңдеу цехында басты жұмыс атқаратын құрылғылардың бірі – арнайы Қытай елінен әкелінген лазерлік станоктар. Оның атқаратын қызметі орасан зор. Өйткені ол кесіп қана қоймай, ой-қиялдағы түрлі өрнектерді таңбалайды. Одан кейін қалың, жалпақ темірлерді бүгетін құрылғыны да ерекше айтуға болады. Түркияның өнімі цехтағы бүкіл темірлерді түрлі қалыпқа келтіреді.
Қарасайлық кәсіпкер Марс Албетов әлеуметтік желіні өте белсенді қолданады. ТiкТок пен Instagram парақшаларында «Железный Марс» деген атаумен оқырмандарына танымал. Ол өзінің парақшалары арқылы өнімдерін көпшілікке таныстырып, жарнамасын жақсы жүргізіп келеді.
Отандық өнімді өрге бастырып жүрген кәсіпкердің ерекше саласы, расымен де, көзге тартымды. Темірден кез келген таңғалатын дүниені жасап шығару көп адамның қолынан келе бермейтіні анық. Ал оны жүзеге асырып отырған Марстың еңбегі елеулі десек, артық айтқандық емес.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
