Жуырда ауданымызда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешітінің ұйымдастыруымен, «Мектепке жол» қайырымдылық іс-шарасы өтті. Осылайша ауданымызға қарасты 35 мешіт өкілдерінің белсенді жұмыс атқаруымен жылда болатын акция биыл да жалғасын тапты. Басты мақсат – оқу жылы қарсаңында көпбалалы отбасылардан шыққан, әлеуметтік жағдайы төмен, мектепке дайындығы аз оқушыларды оқу құрал- жабдықтарымен қамтамасыз ету. Жыл сайын ҚМДБ-ның бастауымен өтетін қайырымдылық шарада 200-ден астам оқушыларға көмек беріледі деп жоспарланады екен.
Облыстық деңгейдегі «Қарасай батыр» мешітінде ауылдық округтер мен қала мешіттеріндегі имамдар, ұстаздар және ата-аналар балаларымен жиналды. Дәстүрлі шараны осы мешіттің бас имамы Қуаныш Бақытбекұлы ашып, алдымен уағыз-насихатын айтып, оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Содан кейін әр ауылдық, қалалық мешітке қарасты балаларға оқу құралдары арнайы тізіммен үлестіріліп, таратылды. Атап айтсақ, олар қала мешіттерінен «Ақмешіт», сондай-ақ, Бекболат ауылынан «Қамза қажы», Көлащыдан – «Жұмабек», Алмалыбақтан – округпен аттас, Шамалған станциясынан – «Жаңа Шамалған», Райымбектен – «Нұр-Мұсахан» және «Қажы Зуха батыр»мешіттерінен келген оқушыларға берілді.
Қайырымдылық іс-шараның соңы сөмке арқалаған балдырғандардың естелік суретке түсуімен аяқталды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.