Қасиетіңнен айналайын, Наурыз айымен бірге Жер-Ананың төсі бусанып, тіршілік атаулының бойына қан жүгіре бастады. Рас, жер әлемді түрленте бастаған көктем мезгілінің сауапты ісі – көшет отырғызу. Атамыз қазақ «Бір тал кессең, он тал ек!»,-деген қанатты сөзін бекер айтпаған. Бұл, шын мәнінде, ел ертеңін, ұрпақ болашағын ойлап, қамдаған игілікті дүние.
Кеген ауылдық округінің әкімі, көзі ашық, көкрегі ояу аптал азамат Руслан Масеновтың тікелей қолға алуымен аудан орталығындағы өткен жылы жаңадан жасалған мерекелік алаңның алдына көшеттер отырғызылды. Атап айтқанда, 100 түп қарағайдың көшеті, 20 түп арша, 50 түп шетен ағашының көшеттері отырғызылды. Мұның сыртында Айболат Солтанғазиевтей азамат бастаған «Кеген орман шаруашылығы» коммуналдық-мемлекеттік мекемесінің қолдаушылық көрсетуімен жап-жақсы көлемде итмұрын мен қайыңның көшеттері отырғызылып, түбіне су құйылып, өсіп-өнуі үшін жөн-жоралғысы жасалды.
-Ауылдың көркі – жасыл желек. Өңіріміз тал-терекпен көмкеріліп, көз тартып тұрса, бәріміздің абыройымыз. Жалпы, қоршаған ортамыздағы өсімдік әлемінің адам жанына тигізер шапағаты да аз емес. Оның бәрі ғылыми түрде дәлелденген. Сол үшін де ауылымызды көгалдандыру жұмысын ерте қолға алып жатқан жайымыз бар. Өзіміз бастаған істі ауыл тұрғындары, мекемелердің ұжымдары одан әрі жалғастырады деген үлкен сенімдеміз,-дейді Кеген ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов.
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Кеген ауылы.