Қаншама аға-әпкелеріміздің қанымен қол жеткізіп, әлемге дербес мемлекет екенімізді жария қылған Тәуелсіздігімізге биыл, міне, 30 жыл толып отыр. Халқымыз үшін маңыздылығы зор мерейлі мерекеге орай жуырда Шамалған округінің мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының атсалысуымен, «Қазақстан Тәуелсіздігі мен Елбасы» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Еліміздің ұлық мерекесіне орай ұйымдастырылған шараға құрметті қонақ рертінде ауданның Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Болат Назарбаев, аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова, қоғам қайраткері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Едіге Жүнісбеков, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, округ әкімі Ержас Тоқтасынов пен аудандық тарихи-өлкентану музейінің директоры Серік Қалиев қатысты.
– Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ауданымызда алдағы уақытта әртүрлі іс-шаралар өтетін болады. Осы ретте біз еліміздің дамуы мен өркендеуінде ерен еңбек еткен Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері Шамалған ауылы болғандықтан атқарылытан шаралардың алдыңғы легін осы жерден бастауды жөн көрдік, – деді аталған шараны ұйымдастырған Шамалған ауылдық округі Мәдениет үйінің директоры Шарбану Қалиева.
Тәуелсіздігімізді ұлықтау, мәдени-рухани құндылықтарымызды насихаттауға бағытталған шараға келген қонақтарды Үшқоңыр орта мектеп-гимназиясының домбырашылар ансамбілі әсем күймен қарсы алды. Күй күмбірлеткен балалардың өнерін тамашалап болғаннан кейін олар ары қарай аталмыш орталықты аралап, мұнда орналасқан Елбасымыздың есімімен байланысты экспонаттармен танысып өтті. Нақтырақ айтқанда, аталмыш кешке келгендерге музей қызметкелері Елбасының балалық және жасөспірім шақтағы өмірін, Тұңғыш Президенттің алғаш мемлекет басшылығына келген сәтін, оның тәуелсіз Қазақстанның аяқтан тұруы үшін жасаған еңбегін баяндайтын, оның өзге әлемдерге барғанын туралы ақпарат беретін әртүрлі құнды құжаттарды, кітаптар мен фотоматериалдарды көрсетті.
Музейдің экспонаттарымен танысқаннан кейін қонақтар мәжіліс залына жиналып, Мәдениет үйінің қызметкерлері мен ауданымыздың оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.
Еліміздің Гимні орындалуынан басталған кештің алғашқы құттықтау сөз аудан әкімінің орынбасырына берілді. Күлжан Әділханқызы алдымен жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, соңғы 30 жылда еліміздің жеткен жетістіктері және де оған Тұңғыш Президентіміздің қосқан үлкен үлесі жайлы айтты.
– 30 жыл бұрын ғана дербес мемлекеттер қатарына кірген елімізге қазір бүкіл әлем тамсана қарайды. Осы үш ондықта Қазақстан ғаламдық деңгейіндегі биік белестерді бағындырды. Иә, аз ғана уақытта еліміз әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына ұмтылып отыр. Оның барлығы Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі, пайым-парасаты, сарабдал саясатының жемісі, – деді ол. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары еліміздің дамуына Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері Шамалған ауылы туралы оның соңғы 30 жылда жеткен жетістіктері туралы, кеңінен әңгімелеп өтті.
Сондай-ақ, аталған мәдени кеште сөз сөйлегендердің қатарыңда Едіге Исатұлы, Сағат Ұлтарақұлы, Серік Қалиев те болып, олар да осы бір қазақ халқы үшін маңызды күн туралы өз ойларымен бөлісті. Өздерінің жастық шақтары кезіндегі еліміздің жағдайын тілге тиек етіп, бүгінгі жастарға үлкен мүмкіндіктер жасалып жатқандығына кеңінен тоқталды. Жиынға қатысып отырған оқушыларды елде болып жатқан саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени мәселелерге бейжайлықпен қарамай, өз елін шын сүюге, патриоты болуға шақырды.
Мұнан бөлек жиналғандар әдеби-сазды кеш барысында ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, Семей полигоны сияқты қиындықтарға қарамастан бүгінде дамыған елге айналған Қазақстан мен егемендік алғаннан кейін ауданымыздың жеткен биік белестері жөнінде баяндаған арнайы дайындалған бейнероликті көріп, Қарасай батыр, Шамалған орта мектебі сияқты бірқатар ауданымыздың білім ордаларынан келген оқушылардың Тәуелсіздік пен Үшқоңыр жері туралы оқыған өлең шумақтарын тыңдап, аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламаларын тамашалады.
Кеш соңында ұйымдас-тырушылар бүгінгі шараға қатысып, өз өнерлерін көрсеткен оқушыларға алғыстарын білдіру мақсатында оларға «Абайдың қара сөздері» мен Елбасының «Тарих толқындары» атты кітаптарды естелік ретінде сыйға тартты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.