Ел мерейін өсіретін мемлекетіміздегі ең айтулы күндердің бірі – Тәуелсіздік мерекесі. Азаттығымызды ұлықтайтын бұл сәтте ауданымызда дәстүрлі түрде салтанатты шара ұйымдастырылатыны белгілі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өткен биылғы бас қосу бұрынғылардан өзгерек болды. Өйткені, еңбегі еленген ауданның бірқатар азаматтары мәртебелі марапатқа қол жеткізіп, ізгі ілтипатқа бөленді. Бұл құрметтің барлығына осы аптада олар аудандық Мәдениет үйінде өткен іс-шара барысында ие болды.
Мерекелік концерттің ашылуы Жер-Ананың қастерлілігін ұғындырған, қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың алар орны ерекше екенін көрсеткен әсерлі сахналық қойылыммен басталды. Одан кейін аудан әкімі Жандарбек Далабаев тәуелсіздік және оны қалыптастыру жолында аянбай тер төккен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, мемлекеттің саясатын жүйелі жүзеге асырып отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың іскерлігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аудан басшысы жұртшылықты Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, мереке аясында аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген төрт азаматқа «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстады. Бұл мерейлі марапатқа талай жыл мемлекеттік қызметте еңбек еткен Қадірбек Атшабаров (суретте), 40 жылдан астам журналистика саласында қалам ұштаған ардагер-журналист Берікбай Қадықов, «Ж-Каскелен» ЖШС-нің директоры Жеңіс Бектасов және Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің меншікті тілшісі, әрі аудандық газеттің журналисі Танзиля Мұхтарова ие болды. Аудан басшысы әрқайсысын лайықты құттықтап, өз қолымен төсбелгілерін кеуделеріне тақты.
Көңілді марқайтқан марапаттардың легі мұнымен тоқтаған жоқ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ерекше мейрам болғандықтан, дәл осы мерекенің қарсаңында ауданның әлеуетін арттырып, оның ішінде зейнеткерлікке шықса да бүгінгі ұрпаққа өнеге болып жүрген ата-әжелеріміз және басқа да өз саласының білікті мамандары құрметке бөленді. Оларға, атап айтқанда, Президенттің арнайы Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдары мен Құрмет грамотасы, сонымен қатар, ҚР Парламент Сенатының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, ҚР Ұлттық экономика министрінің Құрмет грамотасы, ҚР Денсаулық сақтау министрінің Алғыс хаты және Қарасай ауданы әкімінің Құрмет грамоталары берілді. Барлығын аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы өзі табыстап, ыстық ықыласын білдірді.
Марапаттау рәсімінен кейін аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, әрі осы шарада Президенттің «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» медалін алған Едіген Жүнісбеков сөз сөйлеп, аудан әкімінің бүгінгі күнге дейін атқарған жұмысына өте жақсы баға беріп, көпшілікке деген ақ тілегін айтты. Салтанатты жиынның соңында аудан өнерпаздарының қатысуымен түрлі өнерлер ортаға салынып, оркестердің сүйемелдеуімен жанды дауыста рухты әндер шырқалды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.