1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай, жыл сайын ауданымызда Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз мемлекеттің қалыптасып, нығаюына қосқан зор үлесі туралы баяндайтын түрлі көрмелер, жиындар сияқты көптеген іс-шаралар өтеді. Биыл да дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын шаралар легі жақсы жалғасын тапты. Аптаның алғашқы күні Елбасының кіндік қаны тамған құтты мекені Шамалған ауылдық округінің мәдениет үйінде «Еліне ерен – Елбасы» атты мерекелік концерт өтті.
Мемлекетіміздің өркендеуі жолында Елбасымыздың атқарған өлшеусіз еңбегін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында оның жұмысқа кеткен кезінде анасы жазған хаттары туралы бейнеролик көрсетілді. Салтанатты жиынды ашқан округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Молбаев Елбасының мемлекетімізді қалыптастыру жолындағы теңдессіз рөліне кеңінен тоқталды.
– Заманға сай күннен күнге дамып келе жатқан Қазақстан Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған бағытының нәтижесі, – халықтың сұранысына жауап бере білу қабілетінің, реформалар жасап, алдағыны болжай білуінің жемісі. Елбасы ұлтты жоғары деңгейдегі мақсатттарға жету жолына ұйыстыра білді. Елімізді қалыптастырып қана қоймай, Қазақстан экономикасын ілгерілетіп, бірнеше ұлт-ұлысты ұйыстырып, келісім орнатты. Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Әбішұлының қазақ халқы үшін сіңірген еңбегі ерен, – деді ол.
Мұнан кейін сөз кезегі округ әкімі Ержас Тоқтасыновқа беріліп, ол шамалғандықтарды атаулы мейраммен және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ, Тұңғыш Президенттің бастамасымен салынған «Úshqońyr» спорт кешенінің қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыс етті.
Мерекелік іс-шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Онда Елбасының қайраткерлігі мен ел үшін атқарған ерен еңбектеріне арналған әндер шырқалып, оның өзі ерекше ықыласпен қабылдайтын дәстүрлі әндер орындалды.
Елбасының ерен еңбегін насихаттау, ұрпаққа жеткізуге бағытталған мерекелік кеш Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне жазылған «Елім менің» әнімен түйінделді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.