Қарасай жерінде тарих тамыры тереңде жатқан, өткеннен сыр шертетін мекемелер аз емес. Әсіресе, ұлттық құндылық пен дәстүр дәріптелетін мәдени ошақтарын айрықша атап өтуге болады. Солардың бірі – Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылындағы Мәдениет үйі.
Өз есігін сонау 1983 жылы айқара ашқан мекеме 2010 жылы күрделі жөндеуден өткен болатын. Уақыт өте келе тозығы жеткен мәдени ордасы жақында қайта жаңғыртылып, сәулеті сәнді жарасқан ерекше нысанға айналды. Оның құрылысы былтыр ақпан айында басталып, бір жылдан кейін ел игілігіне қайта берілді. Мәдениет үйінің ашылуы Халықаралық әйелдер күнімен тұспа-тұс келіп, аудан үшін жағымды жаңалыққа айналды.
Көктемнің көркін келтіріп, аяулы арулар қауымын ерекше сезімге бөлейтін маңызды мереке біз сөз еткен Мерейдегі Мәдениет үйінде лайықты деңгейде атап өтілді.
Асыл жандар құрметке бөленген кешке, сондай-ақ ауылдық Мәдениет үйінің ашылуына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты. Аудан басшысы алдымен өнер ошағының жөндеуден кейінгі жай-күйін көріп, оның ішіндегі үйірмелердің жұмысымен танысты. Сонымен қатар дарынды өрендердің талпынысына риза болып, сәттілік тіледі. Айта кетейік, мұндағы үйірмелер балаларды өнерге ғана баулып қана қоймай, күрес, бокс, каратэ сияқты спорт түрлерінен де шынықтырады. Мәдениет үйінің ашылуында аталған шығармашылық топтар келген қонақтарға әннен шашу шашып, бишілік өнерлерін ортаға салып және спорттық тұрғыдағы қарым-қабілеттерін байқатты.
Ал салтанатты кеш «Арулар – асыл жандар» деген тақырыппен концерттік бағдарламаға ұласты. Алдымен «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері ақжаулықты аналарды әнге бөлеп, мереке иелерінің қошеметіне бөленді. Одан кейін аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы қарасайлық мереке иелеріне деген ыстық ықыласын, ізгі тілегін білдіріп, өз атынан бірқатарын марапаттады.
Концерттік бағдарлама барысында асыл аналарға, қылықты қыздарға арналған әдемі әндер орындалып, залдағы барлық арулар қауымы гүлмен құрметке бөленді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.