Ауданымызға қарасты Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте үш оқушының менингит ауруын жұқтырғаны осы уақытқа дейін белгілі болған еді. Олардың алды 1 сыныпта оқыса, қалған екеуі 5 және 7 сыныптарда оқиды. Осы аптаның сәрсенбісі күні аталған білім ордасында аудандық білім бөлімінің мамандары мен дәрігерлер арнайы жиын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балаларының денсаулықтарына алаңдаушылық білдірген ата-аналар басқосу барысында жұқпалы аурудың таралуынан қауіптеніп, мектепті карантинге жабуды сұрауда. Алайда, білім ұясының басшылығы жиналғандарға алаңдайтындай еш негіз жоқ екенін алға тартып, мектеп ішінде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгенін түсіндірді. Сондай-ақ, менингитті жұқтырған балалармен қарым-қатынаста болған адамдардың барлығы да тексеруден өткенін мәлімдеді.
Ата-аналар мен білікті мамандар арасында болған бұл кездесуде дәрігерлер тарапы жұқпалы ауруға қатысты кеңестерін де жеткізді. Ал, Қарасай аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Олжабаев аудан бойынша ауруға байланысты жағдай тұрақты екенін және менингитке қатысты алдын алу шаралары алға қойылғанын айтып өтті.
– Барлық тұрғындарға, ата-аналарға айтатыным, балаларыңызды үй жағдайында бақылып жүргендеріңіз дұрыс. Егер оларда тұмаудың алғашқы симптомдары анықталып жатса, учаскелік дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне денсаулықтарын тексертіп, ем-дом шараларын жасаған жөн. Бүгінгі таңда біздің ауданымызда 38 минингит жұқпалы ауруы тіркелген. Оның барлығы серозды-бактериалды болып табылады. Жалпы айтқанда, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін айтқым келеді, – деді Нұрлан Кенжебекұлы.
Сонымен жиын барысында, мектеп басшылығы өз тарапынан кесте бойынша сабақтың соңында білім ошағы медициналық тазартудан өтетінін және аптаның сенбі-жексенбі күндері мектеп іші толықтай залалсыздандырылатынын жеткізді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.