Өздеріңізге мәлім, ағымдағы жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық! Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды тұғырнамасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясында атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітілген болатын. Бұл мақсатта Алматы облысына қарасты аймақтарда арнайы кесте бойынша халықпен кездесулер өткізіліп, жоғарыда аталған жоспардың міндеттері түсіндіріліп келеді. Оның ішінде, әрине, мемлекеттік органдар мен қызметшілердің атқарған жұмыстарына талдау да бар. Осыған орай, осыдан бір апта бұрын аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Серікбай Нұрғисаев жиын өткізді. Мемлекеттік қызметшілер мен мекемелердің басшылары, ауылдық округтің әкімдері, мектеп директорлары және балабақша меңгерушілері қатысқан басқосуды төраға ретінде аудан әкімі Жандарбек Далабаев жүргізіп отырды.
Алғашқы сөз кезегін алған Серікбай Өрікбайұлы билік қашанда халықпен тығыз байланыста болу керектігін айтып, мемлекеттік қызметшілердің міндетіне қатысты біраз ойын ортаға салды. Олардың тұрғындармен етене жақын араласып, түйіткілді мәселелерін шешуге атсалысу арқылы қызметтік сапасы жақсаратынын да ескертті. Сондай-ақ, департамент тарапынан мемлекеттік қызметтің сапасына мониторингтік талдау жүретінін, яғни, осыған сәйкес заң бұзушылық жағы қашанда қатаң бақылауда тұратынын жеткізіп, бірқатар ескертулер де жасады.
– Билік тарапының атқарған жұмысына халық баға беретінін ұмытпауымыз керек. Сол үшін тұрғындардың арыз-шағымдарына, өтініштеріне көңіл бөліп, мәселелерін шешу жолында аянбай жұмыс атқарған жөн. Кадрлық бөлімдер де өз міндеттеріне сай қызметіне жауапкершілікпен қарауы қажет, – деді Алматы облысы бойынша әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы.
Сөз арасында департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев облыс бойынша Қарасай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы жақсы жұмыс жасап жатқанын айтып, Айгүл Жолдыбекқызы басқаратын ұжымның жұмысына жоғары бағасын берді. Жиын соңында аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы департамент басшысына ауданымызға арнайы келіп, мемлекеттік қызметшілер мен бірқатар мекеме басшыларына маңызды ақпараттарымен бөліскеніне алғысын айтып, айтылған сын-ескертпелерге қатысты жұмыс жүргізілетінін түсіндірді.
Дидар МУХАМАДИЕВ.