23 маусым елімізде жылда аталып өтетін білімі мен білігін мемлекеттік қызметке арнап, ел дамуының ілгерілеуіне, ықпал етуіне өздерінің үлестерін қосып жүрген мемлекеттік қызметшілер кәсіби мерекелерін тойлайды. Осының қарсаңында аптаның сәрсенбісі күні аудандық Мәдениет үйінде қарасайлық мемлекеттік қызметшілер арасында «Ақынды аңсау» атты байқау өтті. Аталмыш сайыс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналды.
Ұмытылмас өнеге қалдырған қос алыптың шығармашылығын насихаттауға бағытталған үш кезеңді байқауға ауданымызға қарасты тоғыз округ әкімдігінің бас және жетекші жас мамандары қатысып, өнерлерімен сынға түсті. Байқау барысын және де әрбір қатысушының өнерін «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қаныбек Айтжанов, Шамалған округіндегі Мәдениет үйінің директоры Шарбану Қалиева, Жамбыл атындағы №2 орта мектептің қазақ тілі мен әде-биеті пәнінің мұғалі Сәбит Нұрқанов, Шамалған қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Халық Қайсардан құралған арнайы қазылар алқасы бағалап отырды.
Сайыстың бірінші бөлімінде қатысушылар қазақ тілінде өлең жолдары арқылы өздерін таныстырса, екінші кезеңде ережеге сай екі ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып берді. Байқаудың соңғы шешуші үшінші айналымында жас мамандар өз өнерлерін ортаға салды. Оның барысында қатысушылардың бірі Жамбыл жайлы сахналық көрініс көрсетсе, бірі қолына қазақтың қасиетті домбырасын алып, күмбірлете күй тартты. Енді бірі қазақ және француз тілдерінде ән айтты. Осылайша қарасайлық жас қызметшілер өздерін тек білікті маман ретінде ғана емес, сондай-ақ, өнерге де жақын екендерін дәлелдеді.
Мағынасы зор әдеби-танымдық тартыстың нәтижесінде, бас жүлдені жеңіске деген зор құл-шынысымен дайындалған Райымбек ауылдық округі әкімдігінің маманы Жарылқасын Сақтаған иеленді. Ал, жүлделі бірінші орынды Жібек жолы ауылдық округі әкімдігінің маманы Жұлдызбек Абдилманов жеңіп алса, екінші орынды жандосовтық маман Альмира Құдагелдинова қанжығалады. Қазылар алқасын әдемі дауысымен баурап алған шамалғандық жас маман Әлия Бақытбек болса үшінші орынның тұғырынан көрінді.
Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және де бағалы сыйлық-тармен марапатталды.
Айта кетейік, аталмыш байқауды аудандық әкімдік Мемлекеттік қызмет істер агентігінің Алматы облысы бойынша департаментімен бірлесе ұйымдастырған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.