Осы бір үріп ауызға салғандай қазағымның әдемі қызы – Жалаңаш өңіріндегі табиғат әлемі, тал-терек, орман-тоғайлары неше түрлі ғажайып түске боянып, таранып жатқан керемет шағында дүниеге келген аяулы жан. Сол тамаша табиғат әлеміндей ұзын бұрымды, қалың қара шашты, қой көзді, қара қасты шырайлы қыз Жалаңаш ауылындағы Ж. Ермегияев атындағы орта мектепті жақсы бітірген, келешегінен мол үміт күттірген қарлығаш. Кішкентай кезінен ата-анасының, үлкендердің, әсіресе, қолына қалам ұстатып, білім әлеміне жетелеген ұстаздарының айтқанын екі етпей тап-тұйнақтай етіп орындауға дағдыланып кеткен ұқыпты қыз бүгінде мемлекеттік қызметтің жүгін абыроймен арқалап келе жатқан білімді, іскер, еңбекқор нәзік жан. Небары қырықтың бесеуіне келген, Жалаңаш өңірінің көркем табиғатындай ажарлы қыздың мемлекеттік қызметтің жүгін көтергеніне биылғы сәуір айында 20 жыл толды. Бұл бір адамның ғұмыры. Тау қызының бойына ұқыптылық, тиянақтылық, үлкен жауапкершілік және еңбекқорлық секілді жақсы қасиеттер дарыған. Оны айтасыз, қазақтың қызына, келіндеріне тән әдептілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық та тал бойынан табылады. Он саусағы да өнерсіз емес, қазағының салт-дәстүрін сары майдай сақтайтын, жөн-жоралғысын бәрін-бәрін сәтімен жүргізетін, халқының, өз жұрты, әсіресе, қайын жұртының үлкен сый-құрметіне бөленген тамаша жан. Қазақтың қызына тән әдептілігі, қарапайымдылығы сол, туған ауылындағы ел-жұрты туған қыздарындай жақсы көреді. Оны айтасыз, дәл осы мемлекеттік қызмет үшін жаралғандай іскер де еңбекқор нәзік жанға аудандық әкімдіктегі әріптестері, оған қарасты барша мекемелердің қызметкерлері үлкен құрметпен қарайды. Бұл Айгүлдің мемлекеттік қызметке араласқан 20 жылының ішінде жинаған адал еңбегімен келген абыройы, ақ жүзі. Қыз бала үшін бұдан артық бақыт бар ма?!
Біздің кейіпкеріміз, Алматы қаласындағы «Ұлағат» университетін «қаржы және несие» мамандығы бойынша экономист біліктілігімен жақсы бітіріп шыққан. «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар»,-деген аталы сөз бекер айтылмаған, өзі білімді, ақылды, әдепті, еңбекқор қыздың жолы болды да тұрды. Университеттен кейін-ақ Кеген ауылындағы халық банксінде оператор болып еңбек жолы басталса, көп ұзамай туған жеріндегі Жалаңаш ауылдық орталық кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалып, жап-жақсы жұмыс атқарды. Тағы да сол көп ұзамай өзі арман еткен, жан-жүрегі қалаған мемлекеттік қызметке орналасты да кетті. Онда да бірден Жалаңаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-іс басқарушысы болып қызметіне кірісті. Арада үш жыл өткеннен кейін әрбір шаруасын тап-тұйнақтай орындап отыратын тамаша қасиетімен, еңбекқорлығымен үлкен сенімге бөленді. Жалаңаш ауылдық округі әкімінің орынбасары болып бекітіліп, сол жұмысын абыройлы, ақ жүзімен атқарып келеді. Елеулі еңбегі үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен, облыс әкімінің және аудан әкімінің, «Аманат» партиясының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталған. Осынау іске, еңбекке, тынымсыз шаруаларына толы 20 жыл ішінде бірнеше дүркін түрлі-түрлі біліктілігін арттыруға арналған курстардан өтіп, сертификат алды.
Атамыз қазақ қыздың әдепті, ақылды, қарапайым және кішіпейіл болғанын қалайды. Айгүл – сондай жан. Ауылдық әкімдікке, өзінің жұмыс бөлмесіне әлдебір шаруаларымен келген жерлестерін, кез келген адамды жайдары жылы жүзімен күлімдей қарсы алады. Қолынан келгенінше шаруасын бітіріп беруге көмектеседі. Немесе алға тартқан мәселесін тиімді шешудің жолдарын алақанға салғандай етіп көрсетіп отырады. Сөйтіп, келушілерді риза көңілдерімен шығарып салып жатады. Бұл, шын мәнінде, ант қабылдап орналасатын кез келген мемлекеттік қызметшіге тән қасиет болуы керек. Ал, мұны ескере бермейтіндер де баршылық. Құлдыраңдаған құлын, сүп-сүйкімді ботақан кезінен әке-шешесінің, үлкендердің ақылын зейін қоя ұйып тыңдап, санасына сіңіріп өскен қыздың тал бойынан артық мінезді таба алмайсың. Жайдары, көңілді қалпы барлық шаруаларын тап-тұйнақтай етіп орындап қойып, сергек қалпында жүреді. Жұмыстан үйіне оралған сәттен бастап бір жылы шаңырақтың мейірімді, қамқор, ақ тілеулі отанасына, қайын жұртының әдепті келініне айналып шыға келеді. Өмірлік серігі Жанботаның қымбатты жары, ат жалын тартып мінер азамат болып қалған екі ұлының мейірім шуағын төккен қамқор анасы. Бір шаңырақтың ырысы мен берекесін кіргізіп, шырайын ашып, мерекесін жарастыра жүретін отанасының қолынан бәрі келеді. Ақ дастарханы сүт өнімдерінен жасалған тәтті тағамдарынан босап көрген емес. Мемлекеттік қызметшінің он саусағынан да келетін игіліктер аз емес. Мәнді де мағыналы, жарқын да жайдары, шырайлы да шұғылалы дер шағындағы Айгүлдің алдан күткен жақсылықтары мол. Есігін қағып, төріне аттар қуаныштар аз болмақ емес. Сондай күндер алыс болмағай?!
Қанат БІРЖАНСАЛ.
Жалаңаш ауылы, Кеген ауданы.