Осыдан 20 жыл бұрын мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылған болатын. Ал, 1999 жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданды. Аталған заң азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу теңдігіне арналған конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады және Қазақстанның қазіргі заманғы мемлекеттік қызметтің берік іргетасын қалыптастырады. Аталған уақыт ішінде атқарылған жұмыс орасан зор. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері бұл салада бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Мемлекеттік қызметшілер саяси реформалар мен жүктелген міндеттерін кәсіби деңгейде орындап, еліміздің тәуелсіз, демократиялық егемен мемлекетке айналуына өз үлестерін қосты.
Елбасы Н.Назарбаев «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» стратегиялық құжатында елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат құру қажеттігін атап өтті. Аталған жұмысты жалғастыру үшін, біріншіден, барлық мемлекеттік органдарда қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін арттыру қажет. Өйткені, еліміздің өркендеуі, дамуы, мемлекеттік қызметшілердің отансүйгіштігіне, білімі мен біліктілігіне байланысты. Сонымен қатар, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Себебі, мемлекеттің саясатын іске асыратын мемлекеттік қызметші, ал, мемлекеттік қызметтің мәртебесі мен беделі мемлекеттік қызметшілерге тікелей байланысты екені айдан анық. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс. Халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болулары қажет. Олардың елдің мүддесін бірінші орынға қоюы, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Ендеше, өз елін, халқын құрметтеген мемлекеттік қызметшілері бар елдің ертеңі айқын, болашағы жарқын, келешегі келмел болғай!
А. ТҰМАТАЕВ,
аудан әкімдігі ұйымдастыру бөлімінің басшысы.