аудан әкімдігіндегі жиында жан-жақты айтылды
Республика Президенті жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы, азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру маңыздылығын ерекше атап көрсетіп келеді. Осы орайда Елбасы тапсырмаларына қолдау көрсету мақсатында жуырда Қарасай ауданының әкімдігінде мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру мәселесі бойынша ведомствоаралық семинар өтті.
Семинарға мемлекеттік органдардың қызметшілері қатысып, оған Қарасай аудан әкімі аппаратының басшысы Айдын Әуесбай төрағалық етті. Жиында жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметке қатысты мәселелер қарастырылды. Басқосуда негізгі баяндаманы аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер мониторингі және ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы Гүлжан Досжанова жасап, биыл атқарылған жұмыстың жай-күйін саралады. Ол өз баяндамасында Елбасының салиқалы саясатын қолдап, жұмыс сапасын арттыруға басты назар аудару қажет екенін атап айтты. Мемлекеттік қызметшілердің ізеттілігі мен кәсіби этикасы және қызмет сапасындағы қоғамдық мониторинг критерийлеріне де тоқталып өтті.Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектер, жұмыссыз жандар және аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу және атқарылу тәртібі туралы да айтып өтті.
Сонымен қатар, мемлекеттік электронды түрде көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыру түсіндірілді. Оған қатысты жиынға қатысушыларға ХҚО қызметкерлері слайд арқылы электронды цифрлық қолтаңба алу, e.gov.kz порталын пайдалану мүмкіндіктері жайлы кеңінен баяндады. Жалпы, электрондық үкімет арқылы жұмыс істеу халықтың мемлекеттік органдарға жүгінуін оңайлатады. Әрі мемлекеттік органдардың азаматтарға көрсететін қызметтер сапасын жақсартып, құжаттар санын қысқартты. Мемлекеттік органдар қызметі бойынша дерек қорларына қатысуды қамтамасыз етіп, болашақта әкімшілік жүйе жетістіктерін есепке алу туралы және құрамы жағынан тиімді мемлекеттік аппарат жасауға бағытталған жұмыс туралы да әңгіме болды.
Сонымен қатар, жиын барысында мемлекеттік қызмет туралы заң талаптарының сақталуы мен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қадағалауға қатысты сұрақтар талқыға түсті. Бірқатар мемлекеттік орган басшыларының аталған мәселеге қатысты атқарылып жатқан жұмыстары туралы есебі тыңдалды.
Соңынан ағымды жылдағы медиа жоспардың орындалуы, стандарт бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің орындау мерзімінің қатаң сақталуы, электронды мекенжайға келетін арыз-шағымдардың уақтылы жіберілуі қатаң қадағалауға алынатыны жайлы да айтылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.