Қай ұлтты алып қарасақ та мемлекеттің мәртебесін көтеретін, азаттығын айшықтайтын, таңбасы болып саналатын өздерінің тілі екені анық. Қастерлісі де, қасиеттісі де, құндылығы да сол. Тіл ұлттың жаны, тарихы, тәлім-тәрбиесінің негізі. Осыны ұмытпаған жөн.
Расын айтқанда, «мемлекеттік тілдің мәртебесі» деген ұғымды әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда кез келген елдің болашағы оның ана тілімен байланысты екенін естен шығармаған абзал.
Тәуелсіздік алғаннан кейін ана тіліміздің қадір-қасиеті артып, ол туралы Заң да қабылданды. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі 1993 жылы Конституцияда бекітілді. Осылайша 1997 жылы тәуелсіз Қазақстанның «Тілдер» туралы Заңы қабылданып, ана тілдің мерейі асқақ болғаны тарихтан белгілі.
Иә, мәртебе берген заңның орны бөлек. Неге десеңіздер, мемлекеттік тіл елдің бүкіл аумағында қолданылады. Оның ішінде мемлекетті басқару, заң шығару, сот ісі мен іс-қағаздарын жүргізу – осының барлығын реттеу, ұйымдастыру мемлекеттік тілге байланысты. Десе де, бүгінгі таңда «ана тіліміз өз биігінде ме?» деген сұрақ туындайтыны жасырын емес. Өйткені кейбір жерде қазақ тілінің қолданысы ақсап тұрғаны анық. Өз ұлтымыздың өкілдері орысша сөйлескені былай тұрсын, көше бойында жазуларымыз да өзге тілде таңбаланғанын байқаймыз. Сондықтан тілдің мәртебесін биіктетіп, оны қастерлі етіп ұрпаққа жеткізетін өзіміз. Егер біз өз ана тілімізде сөйлеп, оны дәріптеп, ұрпаққа аманат ете білмесек, онда мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз.
Мемлекеттік тіліміз – егеменді ел екеніміздің бірден-бір белгісі. Осыны әрбір қазақстандық санаға сіңіріп өссе, онда ол тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға ықпал еткені деп білеміз.
Қазақ тілі тек қазақ ұлтының тілі емес екенін түсіну керек. Керісінше Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін осы елдің патриотымын деп есептейтін әрбір азаматтың тілі екенін ескерген дұрыс. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қазақ тілінің ахуалына алаңдап, оған қатысты былай пікір білдірген еді: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. B.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады».
Дәл осылай ойын жеткізген Қасым-Жомарт Кемелұлы балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екеніне баса назар аударды. Осыған байланысты жұмыстар үздіксіз жалғаса беретінін де айтқан болатын. Тіл – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы, тәуелсіздігіміздің айғағы. Қазақстанда тілді құрметтеу аясында көптеген шаралар жалғасын табуда. Оны да мойындауымыз керек. Әрине, көп тіл білу мақсатымыз, ана тілі – қазақ тілін білу міндетіміз екенін есте сақтаған дұрыс.
Жалпы тілдің маңызын түсіндіру, қолдану аясын кеңейту мақсатында елімізде жыл сайын дәстүрлі тілдер мерекесінде немесе мемлекеттің мерейін арттыратын арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ана тіліміз бен мәдениетіміздің дамуы еліміздің өркендеп өсуімен тығыз байланысты. Олай болса, мемлекеттік тілді білу, оған құрметпен қарап, оны күнделікті өмірде қолдану тұрмыс-салтымыздың, мінез-кұлкымыздың бөлінбес бөлігі болуы қажет. Барлық күш-жігерімізді, достығымызды нығайтуға жұмсау керекпіз. Ұлтаралық бірлік – отандастарымыздың басты байлығы екендігін ұмытпауымыз керек.
Тіл мен қарым-қатынас біріккенде ғана сыйластық, достық, адамгершілік, ынтымақ пайда болады. Мемлекеттік тілді меңгеру елдің бірлігін білдіреді. Сонда ғана «ел мерейін арттыратын тіл» деп мақтанышпен айта аламыз. Білімділіктің ең басты шарты туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады. Біз өз ана тілімізді қадірлеп, қастерлеп, оның қастерлі екенін ұрпаққа жеткізбесек, ұлтымыздың кім болғанын ұғындыру қиын. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді өзімізден бастау керек.
Мәди Аманов,
Қарасай ауданы прокуратурасының аға прокуроры,
1-ші сыныпты заңгер.