Сапалы білім алу үшін оқушыларға жан-жақты қолдаудың да қажеттілігі белгілі. Сондықтан бүгінде білім ошақтарында заман талабына сай шәкірт даярлауда балалардың ізденімпаздық, зерттеушілік, тіптен өнертапқыштық пен шығармашылық бағытта дамуына барынша көңіл бөлінуде. Ауданымыздың орталығында орналасқан танымал әдебиет сыншысы В.Белинский атындағы орта мектебі – осы бағытта жемісті жұмыс істеп келе жатқан мектептердің бірі. Әсіресе, білім ордасы соңғы жылдары зор табыстарға қол жеткізіп, білім беру саласында да, тәрбие мен шығармашылықта да айтарлықтай белестерді бағындыруда.
Ынтымақтастық аясында
Таяуда ғана оның базасында ағылшын тілін тереңірек меңгертетін халықаралық сыныптар ашылды. Нақты айтқанда, мектеп директоры, менеджмент саласындағы қауымдастырылған профессор, доцент Тұрсын Сайбырованың айтуынша, олар «Swiss Innovators Club» (Швейцария) білім беру қауымдастығымен меморандум жасасқан. Соның аясында «GSED» халықаралық мектебі ашылды. Мұнда заманауи педагогика, соңғы технологиялар және Blended Learning және Deeper Learning сияқты білім беру үлгілері, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ-тың іргелі және тарихи білім беру стандарттарын басшылыққа алады.
Аталмыш мектепте 3-11 сынып оқушылары негізгі білімімен қатар пәндерді онлайн және офлайн режимінде ағылшын тілінде оқып, тілдік деңгейін көтеріп қана қоймай, сондай-ақ Калифорния штатының талаптарына сәйкес аккредиттелген Америка орта мектебінің U.S. High School Diploma аттестаты мен транскриптын ала алады.
Бағдарлама бойынша келесі кезеңге өту үшін оқушы арнайы емтихан тапсырады. Оны аталған білім беру орталығының мамандары өздері қабылдайды. Бір жеңілдік – емтихан тапсырған балаға бес мүмкіндік беріледі. Халықаралық мектеп оқушылары үшін ағылшын тілін жақсы меңгерумен қатар болашақта шет елдің кез келген үздік университетіне оқуға түсуіне жол ашады.
Қазіргі таңда мектеп халықаралық аккредитациядан өтуге ұсыныс берді, ал 2025 жылдың соңына дейін халықаралық мектеп мәртебесін алу жоспарланып отыр.
Экожоба бойынша
«GSED» жобасынан бөлек В.Белинский атындағы орта мектеп өзге де бірқатар білм мекемелерімен, орталықтармен әріптестік орнатып, ауқымды жобаларды іске асыруда. Мәселен, мектеп 2024-2025 оқу жылында «CodiPlay» экожүйесі іске қосылып, HUB мәртебесін иеленді. Аталған бастама балалардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға, олардың бойындағы шығармашылық дарынын ашып жетілдіруге бағытталған.
«CodiPlay» қосымшасы «CodiKit» робототехника жиынтығы және «CodiKit» мұғалімдерге арналған платформаны қамтиды. Осы арқылы оқушылар робототехниканы терең меңгереді. Нәтижесінде цифрлық ортаға тез бейімделіп, платформаның интерфейсін оңай меңгеріп, бағдарламалауды жылдам үйренеді. «CodiKit» жиынтықтары арқылы жарық шамынан бастап, «ақылды» үй жүйесіне дейінгі 56 түрлі IoT-гаджетті құрастыра алады. Бүгінде жоба мектепте белсенді түрде іске асырылуда.
Сонымен қатар, әр апта сайын 11 пән бірлестігі бірігіп жүргізетін «Meta Skills» жобасы оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға, сыни ойлау мен әмбебап дағдыларын дамытуға жол ашып отыр.
Мұнан бөлек мектепте «Eco Network» халықаралық ұйымымен әріптестік аясында оқушылардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында іске қосылған «Жасыл мектеп» жобасы да жүзеге асуда. Жоба бойынша мектеп қабырғасында экологиялық қолөнер және сурет көрмелері ұйымдастырылуда. Оқушылар әртүрлі зерттеулер жүргізіп, үй жағдайында сабын жасау, желатиннен, глицериннен және пектиннен биопластик өндіру, сода, тұз және сірке қышқылынан экологиялық жуғыш ұнтақ секілді табиғи өнімдер жасайды.
Бұл оқушылардың өзін де, айналадағы адамдарды да ресурстарды тиімді пайдалануға және экологияға қамқорлықпен қарауға ынталандырады.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек балаларға кәсіптік бағдар беру бағытында «Мамандықтар қаласы» жобасы іске асырылды. Оның аясында оқушылар бағбаншы, гүл күтуші, бағдарламалаушы, іс жүргізуші мамандықтарының қыр-сырын меңгеруде. Экошара ретінде білімгерлер бірі тұқымнан ясин мен емен ағаштарын өсіруде. Сондай-ақ «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тапсырмасымен берілген тұқымдардан 150 шырша өсірілді.
«Мамандықтар қаласы» жобасына ұқсас тағы бір бастама ретінде медицина және ІТ сыныптарын айтуға болады. Оны жүзеге асыру үшін мектеп басшылығы Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасымен, SDU университетімен меморандум жасасқан. Соның аясында болашағын аталған саламен байланыстырғысы келген жоғарғы сынып оқушылары аурухана мен университетке барып, мамандықтармен тереңірек танысып, оң және теріс жақтарын бағалай алады.
Патриоттық жоба
Білімге бағытталған жобалардан бөлек патриоттық тәрбие беретін бастамалар да іске асыруда. Мәселен, 2024 жылы 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысына аттанған аталмыш мектептің алты түлегі мен ұстаздарының ерліктеріне тағзым ету мақсатында мекеме аумағында «Бейбітшілік пен жасампаздық» атты ескерткіш ашылды.
Одан бөлек жастардың бойында патриоттық сезімді ояту бағытында полиция полковнигі Арыстанбек Қисиқов пен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Виктор Ивановтың аты берілген екі жас кадет сыныбы ашылды. Ол білім алушылардың өз құқығын білуге, олардан құқық қорғау органдарының және құтқарушылар ізбасарларын дайындау, сондай-ақ дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ықпал етеді. Кадет сыныбы бесінші және сегізінші сынып оқушыларына арналған.
Бүгінде жас кадеттер патриоттық концерт, шеру секілді шараларға қатысуда. Таяуда кадеттер Қарасай ауданы атынан облыстық «Жас сақшы» байқауына қатысып, жүлделі II орынға ие болды.
Шығармашылық бағыт
2023 жылдан бері В.Белинский атындағы орта мектепте бастауыш сынып оқушылары қатысатын «Сыр сандық» театры жұмыс істеп келеді. Бұл жоба балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, сахна мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоғары сынып оқушыларымен бірлескен «Көлеңке театры» ашылды. Театр сахнасында экология тақырыбына, Ұлы Отан соғысы тарихына және мерекелік қойылымдарға арналған туындылар қойылып жүр.
Бұған қоса «Кемел оқырман» әдеби клубы да өз жұмысын жүйелі жүргізуде. Онда оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы артып, көркем әдебиетті талдау, пікір алмасу, мәнерлеп оқу байқаулары мен авторлармен кездесулер ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстардың барлығы да жас ұрпақтың зияткерлік дамуына жол ашуда.
Спорттағы жетістіктер
Мектеп оқушылары спорт саласында да көптеген жетістіктерге жетіп, биік шыңдарды бағындырып келеді. Мәселен, 2025 жылдың 10-20 қыркүйек аралығында Абу-Дабиде IFMA жасөспірімдер арасындағы Муай-тайдан әлем чемпионаты өткен еді. Оған 112 елден 1200 таланты спортшы қатысып, тартысты дода көрсетті. Аталған жарысқа В.Белинский мектебінің білімгерлері де қатысып, жалпы командалық есепте III орынға ие болды.
Оған қоса халықаралық додада мектептің 8 «И» сынып оқушысы Лола Шарупова қола медаль жеңіп алып, ел намысын абыроймен қорғады. Бұл жетістік оқушының табандылығы мен еңбегінің нәтижесі әрі бүкіл мектеп қауымдастығы үшін үлкен мақтаныш болды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
