Жан-жақты көрсетіліп отырған мемлекет қолдаулары бүгінде еліміздегі кәсіпкерлік саласының дамып, оның қоғамдағы өз үлесін қосуына бірден-бір мүмкіндік тудырып отыр. Соның бірі – 2017 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» «Еңбек» бағдарламасы. Оның басты мақсаты еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін дамытуға бағытталған. Ауданымызда аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз грантқа ие болғандардың қатарында Ұлан ауылының тұрғыны Аян Дүйсебек те бар.
Жаһандану кезінде заман ағымнан қалмай ізденімпаз Аян Жұманазарқызы сән мен сұлулық әлеміне 2010 жылы келген. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Ақбұлақ елді мекенінде 1976 жылдың алғашқы күні, яғни, бірінші қаңтарда дүние есігін ашыпты. Біз тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміз жоғары білімді ұстаз. Оңтүстік Қазақстан облысындағы гуманитарлық университетті «тамақ өнеркәсібінінің технологиясын оқытушы» мамандығы бойынша үздік тәмамдағанымен ішкі сезімі осы сән саласын қалапты. Өз саласы бойынша да жемісті еңбек етіп, мектепте, балабақшада жұмыс істепті. Дегенмен, бала күнгі арманы көкейінде тұрғандықтан сән әлеміне бет бұруды жөн санаған. Алғашында өзі тұратын елді мекенде кәсібін бастап, одан кейін мүмкіндіктердің қаласы, алып мегаполис Алматыға қоныс аударыпты. Мұнда бірқатар жыл жұмыс істеп, біліктілігін жетілдіріп, «шаштараз», «тырнақ күтімінің шебері», «бет тазалау», «бет әрлеуші» сияқты бағыттар бойынша түрлі курстарға да қатысқан. Осылайша 2015 жылы Аян әпкеміз Алматы қаласына жақын Қарасай ауданындағы Ұлан ауылына көшіп келеді. Сол кездегі жатсынбастан құшақ жая қарсы алған ұландықтардың ізгі ниеттері мен көңілдерін қуанышпен еске алады кейіпкеріміз. Нақтылы орны мен ғимараты болмағандықтан, Аян әпкеміз өз үйінде немесе шақырту бойынша барып, өз қызметтерін көрсетіп бикештерді құлпыртуға бар жігерін салған. Оның жұмыстары көпшіліктің көңілдерінен шығатын еді.
– Заман дамыған сайын бет әрлеудің түрлі технологиялары шығуда. Соған сәйкес сұлулыққа жаны құмар бикештердің әрлеуші мамандарға деген сұранысы артып келетінін байқадым. Менің бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 10 жылға жуық уақыт болды. Өткен жылы өзімнің туған әпкемнен, таныстарымнан мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіптерін ашып жатқандарын естідім. Қазір барлық мүмкіндік бар ғой. Ғаламтор арқылы менің салама қатысты көмектердің барлығын іздеп, сарапқа салдым, – дейді кәсіпкер ханым.
Сөйтіп, бүгінгі таңда, әсіресе, жас кәсіпкерлерге жақсы көңіл бөлінетіндігінен хабардар болған ол бірден «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қарасай аудандық филиалына келіп, алдымен іскерлік әлемінің қыр-сырына қанығу үшін қазіргі жағдайға байланысты 21 күндік онлайн курстан өтеді. Қолына сертификаты тиген соң аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша бизнес жобасын сәтті қорғап, 555 мың 600 теңге қайтарымсыз грантқа ие болады. Қазіргі таңда ұландықтардың қолайлығы үшін кішігірім ғимарат жалдап, «Бану» деп қызының атына сән салонын ашқан. Кәсіпкердің бұл бастамасына ауыл тұрғындары дән риза. Қазір мұндағы тіршілік қызып тұр деуге болады. Біз бұл сән салонына барғанда шашын қидырып отырған Ализа Көбеева шебердің жұмысына көңілі толғанын жеткізді.
– Мәселен, біз баяғыда тек шаш қидыртып немесе тырнағымызды жасау үшін аудан орталығы, Қаскелең қаласына барушы едік. Оған, шынымды айтсам, біраз уақыт кететін. Ал, қазір Аян ханымның арқасында өзім қалаған уақытымда келіп, кетсем болады. Бұл тек маған ғана емес, барлық жасқа да, кәріге де ыңғайлы, – дейді Ализа.
Қазір мемлекеттің қолдауымен көмек алып, кәсібін дөңгеліп отырған Аян әпкеміз екі баланың анасы. Қызы Бану 16 жаста болса, ұлы Аңсар тоғызға келген. Кейіпкеріміз өз білгенін жастарға үйретуден де жалықпайды. Осы уақытқа дейін 3-4 жас шеберді дайындаса, қазір Диана есімді қыз көмекші ретінде үйреніп жүр.
Аян Жұманазарқызы «тамақ өнеркәсібінің оқытушысы» болғандықтан бұл саладан да алыс кетуді қаламайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын оның өмірдегі түрлі қиындықтар мен стрестерге байланысты салмағы 120 килограммға жеткен. Бірақ, мойымай бірден есін жиып алып, артық салмақтан арылуға кіріскен. Төрт жыл университет қабырғасында оқыған білімі осы кезде көмегін бергендей. Осылайша дұрыс тамақтану арқылы 8 ай ішінде 50 кг салмақ тастапты. Сонымен қатар, өз нәтижесін артық салмақ қосқан қыздармен де бөлісіп, 40-50 жуық нәзік жандарға септігін тигізген. Алдағы уақытта дұрыс тамақтану саласын кәсіпке айналдырып, өз тәжірибесін әйелдерге де ұсынғысы келеді. Қазір осы орайда жүйелі жоспарды ойлап жатқанымен де бөлісті.
– Елімізде кәсіпкерлерге қолдау шын мәнінде де бар, – дейді Аян Жұманазарқызы сөз соңында. – Тек жоспарың анық, ісің нық болуы тиіс. Бұл ретте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бағыттайтын оқу курстары жақсы жол көрсетеді. Тек қорықпай кірісіп, басын бастап, аяғынан ерініп қолды бір сілтей салмай, алға мақсат қойып ұмтылу қажет. Келешекке деген жоспарларым көп. Алла қаласа, жаңа жұмыс орындарын ашып, осындай қамқорлық көрсетіп отырған мемлекетіміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосқымыз келеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.