«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Ел арасында жиі айтылатын осы тіркестің кейде мән-мағынасына көп көңіл бөлмей жатамыз. Дегенмен көпшіліктің құлағына үйреніп қалған бұл сөздің, әсіресе, ауыл әкімдері үшін бекер айтылмағанын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тереңінен түсіндіріп бергендей.
Иә, осыдан бір апта бұрын Мемлекет басшысының қатысуымен ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өткен болатын. Сол жиында ауылдың ахуалын жақсарту, өркендету, ауыл әкімдері институтын жетілдіру сияқты маңызды мәселелер айтылды. Оған қатысты е Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл басшыларына міндеттер жүктеп, Қазақстанның саяси және әлеуметттік-экономикалық дамуына қатысты жұмыстарға кеңінен тоқталды.
Келелі басқосуға біздің ауданға қарасты ауылдық округтердің әкімдері де қатысты. Олар ел Президентінің пәрменіне құлақ түріп, ауылды дамытуға қатысты әріптестерінің ұсыныс-тілектеріне мән берді.
Ауыл әкімдерінің орташа жасы – 43
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жиынның мән-маңызы айрықша екеніне тоқталып, Қазақстан бойынша барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері арнайы шақырылғанын айтты. Мемлекет басшысының айтуынша аталған басқосуға ауыл әкімдерінің көбі жиналған, яғни 80 пайызы келген. Президентіміз мұндай құраммен бір ортада алғаш рет кездесіп отыр.
– Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше.
Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. Жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдадық. Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажет.
Баршаңызға мәлім, 2019 жылдан бері елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу үшін тарихи бетбұрыс жасады. Ең алдымен, елдегі түбегейлі өзгерістердің құқықтық негізін қалыптастырдық. Саяси үдерістерді жаңғыртуға арналған 20-ға жуық заң қабылданды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, атқарушы биліктің жауапкершілігі күшейді. Саяси партиялардың рөлі артып, жұмысы жандана түсті. Сондай-ақ партияларды тіркеу талаптары едәуір жеңілдеді. Нәтижесінде Мәжілістегі саяси партиялардың саны көбейді.
Билік жүйесінде жаңа институттар пайда болды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Кассациялық сот жүйесі жұмыс істей бастады. Осылайша, біз еліміздің саяси өмірінде бұрын-соңды болмаған бірегей өзгерістерді жүзеге асыра бастадық. Қазақстан бұл саяси кеңістікте дәл осындай кең ауқымды реформаларды қолға алған бірден-бір ел деп сеніммен айтуға болады. Соның арқасында азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға белсене атсалыса бастады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы халыққа арнаған Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергені белгілі. Президенттің айтуынша, бұл мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғырту жолындағы аса маңызды қадам болып табылады. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің тірегі саналады. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев орынсыз асығыстыққа жол бермегенін тілге тиек етіп, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырылғанын еткізді.
– Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар.
Ауылдағы сайлау саяси партиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Олар өз үміткерлерін ұсынып, сайлауға белсене араласты. Саяси ұйымдардың 1500-ден астам өкілі әкім болып сайланды. Жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті. Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Ең бастысы, олар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі.
Ауыл-аймақтың дамуына бөлінген бюджет қаражаты да тиімді игеріле бастады. Ауылдардың кірісі көбейді, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға, яғни дотацияға тәуелділік азайып келеді. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкімдеріне сенетіні анықталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жалғасын табады, – деп мәлімдеді Қ.Тоқаев.
Бүгінгі таңда аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Тіпті, бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда екен. Бұл жайында да Мемлекет басшысы сөз етті. Сондай-ақ аталған мәселені бірқатар депутаттар көтерген. Олардың қатарында Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бар. Халық қалаулылары елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн.
– Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек.
Бәріңізге белгілі, елдегі өзгерістердің арқасында мемлекеттік қызметке мүлде жаңа адамдар келіп жатыр. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резервін ерекше атап өткен жөн. Резервке қосылуға өтініш берген 30 мыңға жуық үміткердің ішінен 450 адам іріктеліп алынды. Олардың 72 пайызы басшылық қызметке тағайындалды, – деді Президент.
Иә, қазіргі уақытта республика бойынша кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатқанын байқауға болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, бұл – уақыт талабы, алайда осындай жауапты жұмыста саяси науқаншылдыққа жол бермеу керек.
Әрине, өз ісін жетік білетін кәсіби мамандардың қарым-қабілетін бағалау қажет. Сол үшін ең алдымен, тиімді ұсыныс айтып, пайдалы бастамалар көтеретін, батыл шешім қабылдай алатын азаматтарды, яғни кәсіби тұрғыдан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту қажет. Осыны тілге тиек еткен Президентіміз өз сөзінде мұндай маңызды жұмысты жалғастыра беретінін айтты.
Ауыл басшылары білікті, білімді маман болуы қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндамасында ауылдың ахуалын жақсарту бәріне ортақ парыз екенін жеткізді. Сондай-ақ елді мекендерді өркендетуге қатысты бірқатар негізгі бағыттарды атап өтті.
– Құрметті әкімдер! Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр.
Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі, – деді Мемлекет басшысы.
Еліміз бойынша соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Осы ретте 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданғанын айта кету керек. Ал биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті.
Президенттің сөзінше, ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.
– Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Десе де ел Президенті алдымызда биік мақсаттар тұрғанын нақтылады. Ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейту керек екенін айтып, елді мекендерді дамытуға қатысты жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталып өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең бірінші, ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс екенін алға тартты. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы – осы қызметке алғаш рет сайланғандар. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. Осы ретте Мемлекет басшысы сайлауда жеңіске жету алдағы үлкен жұмыстың басы ғана екенін айтып, «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтынын жеткізді.
Сол үшін лауазымдық қызметке қаншалықты лайықты екенін іспен көрсету қажет. Ол жайында Қасым-Жомарт Тоқаев жеке тоқталды.
– Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. «Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» деп бекер айтылмаған. Нағыз елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек.
Әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті болуы қажет. Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Сондықтан ауыл әкімдерінің басқару ісіндегі шеберлігін арттыру өте маңызды.
Әкімдердің арасында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар бар екенін айттық. Олардың тәжірибесі аз екені түсінікті. Осы бағытта «Amanat» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынды. Әрине, мұндай курстар жоғары білімнің орнын баса алмайды. Сондықтан университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгерту керек, – деп мәлімдеді Президент.
Бүгінгі таңда ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесі назардан тыс қалған. Оған да Мемлекет басшысы жеке тоқтады. Оның айтуынша, бұл жұмыспен ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғылдануы керек. Құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісу қажет.
Ауыл әкімдерінің мәртебесі қайта қаралады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуға қатысты жұмыстардың екінші бағытын ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейтумен байланыстырды. Алайда оны халыққа пайдасы тиетіндей мұқият ойластырып іске асыру керек екенін де айтты.
– Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті. Бұл – менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елдегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйткілдерді шешумен айналысады.
Қазіргі уақытта Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді қарастырып жатыр. Аталған нормалар әкімдерге көше саудасына мониторинг жүргізуге, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, арнаулы техникалар сатып алуға қатысты өкілеттіктер беруді көздейді.
Дегенмен заңнаманың екіұшты тұстары да бар. Мәселен, әкімдерге жергілікті деңгейдегі басқару органдарының жұмысына оң ықпал етуге нақты мүмкіндік берілмейді. Бүгін әкім Ирина Шишкина ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерек қорына қолы жетпей отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу қажет, – деп мәлімдеді ел Президенті.
Ал осындай кемшіліктердің салдарынан бүгінгі таңда әкімдер тұрғындардың талап-тілегін орындай алмай, кейбір жағдайда дәрменсіз күйге түсуде. Президентіміз оған жол беруге болмайтынын айтты. Тіпті, жергілікті мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасындағы жауапкершілік шегі анықталмаған. Ол дегеніміз өңірлердегі жағдайға кері әсер ететіні анық. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл әкімдерінің өкілеттіктері айқын болуы керек деп санайды. Осы мақсатта депутатттарға заңнамалық түзетулерді талқылаған кезде жоғарыда аталған жайттарды ескеруді ұсынбақшы. Одан бөлек жиында айтылған ауылдық округ әкімдері көтерген ұсыныстар да назарға алынатын болды.
– Бүгін сөз алғандар ауыл әкімдеріне функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгені жөнінде айтты. Шын мәнінде, ауыл әкімдері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын міндеттерді неге атқаруға тиіс?! Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, аудан және ауыл әкімдерінің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын және жетіспейтін өкілеттіктерін анықтау мақсатында жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізуге тиіс. Бір ай ішінде оларды түзету, жою немесе жергілікті мемлекеттік басқару сатылары арасында қайта бөлу туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын.
Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ауыл әкімдерінің мәртебесі туралы мәселені айналып өте алмаймыз. Бұл – өте өзекті дүние. Аталған ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, тіпті, Президент Әкімшілігіне тиісті өтініштер түскенін жақсы білемін. Мемлекеттік қызметшілердің санаттарын нақты белгілеу керек. Үкімет Парламентпен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, бір ай ішінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін беруге тиіс. Содан соң шешім қабылданады, – деп түсіндірді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде ауылдағы әкімдіктегі қызметкерлердің еңбегін бағалап, оларға қолдау үшін ерекше көңіл бөлген жөн екенін айтты.
– Әкімдіктерде, әсіресе, ауыл әкімдіктерінде бұрын жұмыс істеген немесе қазір де еңбек етіп жүрген азаматтар мұны мемлекеттік қызметшінің нағыз өмір мектебі деп бекер айтпайды. Бұл баршаға түсінікті. Өйткені әкімдік қызметкерлері билік пен бұқара арасында сенімді әрі сындарлы диалог жүргізуді меңгеріп, нағыз басқару машығын жетілдіреді. Сол себепті ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің жұмыс істеуіне, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау маңызды деп санаймын, – деді ел Президенті.
Жалаң сөздер халықтың сенімін азайтады
Ауылды дамытудың үшінші бағытында әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшеюі керек екені айтылды. Президенттің сөзінше, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда әкімнің сайлаушылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Бұл – дұрыс емес.
Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Дәл осылай айтқан Мемлекет басшысы оны заңмен бекіту керек екенін және уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату қажет екенін алға тартты.
– Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партиялардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс. Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін.
Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауы керек. Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады.
Мемлекет басшысы ретінде менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына айрықша мән беретінімді білесіздер. Елімізде азаматтардың өтінішін қарауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір ауыл әкімі бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тұрғындардың мәселелерін еш қиындықсыз сараптай алады. Өтініш жолдаған әрбір адамның сауалына нақты жауап берілуге тиіс. Әдетте, мұндай хаттардың көбі аймақтағы инфрақұрылым, соның ішінде, жол, аула және балалар алаңы туралы болады. Бұл – жергілікті жерде шешімін табуға тиіс негізгі мәселелер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда бүгінгі таңда әкімдіктер көп жағдайда мұндай өтініштерге атүсті қарайтын көрінеді. Өйткені амалы таусылған жұрт орталыққа, тіпті, Президент Әкімшілігіне шағымдануға мәжбүр болып жүр. Президенттің сөзінше, осыдан-ақ жергілікті тұрғындардың өз әкіміне деген сенім деңгейін осындай хаттардың санынан байқауға болады.
Ал жыл өткен сайын халықтың талап-тілегі артып келеді. Бұл, әрине, қалыпты жағдай, бүкіл әлемге ортақ үрдіс. Сондықтан әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс. Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бұл – Президенттің тікелей пәрмені. Дегенмен бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Оны да Қасым-Жомарт Кемелұлы ескеріп отыр. Сондықтан тқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн.
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Әрине, айтылған ұсыныс-пікірге назар аудару керек. Бірақ әркімнің, әсіресе, іс-әрекеті ерсі, ниеті теріс, тіпті, арандатушы адамдардың ығына жығылмай, жетегінде кетпей, ақылға қонымды ұсынысты ғана қабылдау қажет. Негізі, бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге ортақ ұстаным. Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады.
Мен жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат, – деді Қ.Тоқаев.
Әкімдер ақпараттық платформамен жұмыс істей білуі қажет
Төртінші бағытта төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру мәселесі айтылды. Президенттің айтуынша, әкімдердің өкілеттігін қайта қарау мен жауапкершілігін күшейту экономикалық ресурстарды рационалды бөлумен қатар сауатты жүргізілуге тиіс. Әйтпесе, аталған бағыттағы реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді.
Енді ауылдық округтердің өзін-өзі қамту мәселесі қолға алынбақ. Осы мақсатта бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі беріледі.
– Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды. Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайтып, 130 миллиард теңгеден асты.
Оң өзгеріс байқалады. Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар.
Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл – өте дұрыс. Десек те жергілікті өзін өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс, – деп түсіндірді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн екенін айтты. Оны жүзеге асыру ісін мемлекеттік биліктің жоғары атқарушы органына жүктеді. Яғни Үкімет тарапы өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет.
Кейбір өңір тұрғындары үшін бүгінгі таңда экологиялық айыппұлдарды толық төлеу аса өзекті мәселеге айналған. Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Президенттің сөзінше, олар бұған толық құқылы.
– Байқалған теңсіздікті реттеп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін біз салық-бюджет үдерістерін жүйелі түрде жетілдіре береміз. Бұл – Үкімет жұмысының маңызды бағыты.
Үкімет өңірдегі бюджет деңгейлері арасында қазынадан қаржы алуға лимит қою мәселесін қарастыруы керек. Ауылдық округтер әкімдері өздерінің кеңейтілген өкілеттіктерін толық іске асырып, салық түсімдерін ұлғайту мақсатында қолданыстағы ақпараттық платформалармен жұмыс істей білуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазіргі жаһандану заманында цифрлық бағыт қарыштап дамып жатыр. Әсіресе, жасанды интеллекттің дәуірі басталғандай. Уақыт көшіне ілесіп, оның да мүмкіндіктерін пайдаланған жөн. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес екенін айтты. Осы ретте Президентіміз жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдерін белсенді түрде атсалысуға шақырды. Мұндай бастама елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет. Жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді.
– Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Болашақта еліміздің әлемде алатын орны осыған тікелей байланысты. Сондықтан мұны тіршілік үшін талас десек, артық айтқандық емес.
Осы аптада Президент Дональд Трамп АҚШ-тың технология саласындағы жаһандық үстемдігін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық бастамасын жариялады. Ол үшін жасанды интеллектінің бірыңғай платформасы құрылады. Бұл ғылыми зертханаларды, дата орталықтарды, цифрлық модельдерді және суперкомпьютер желісін біріктіретін ұлттық ақыл-ой алаңы болмақ. Аталған жүйе барлық аса маңызды бағыт бойынша жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеуге тың серпін береді. Ол жартылай өткізгіштерден бастап роботты техникаға дейінгі, ядролық энергетикадан бастап биомедицинаға дейінгі салаларды түгел қамтиды. Бұл арада зерттеу жобасы жайында емес, АҚШ-ты осы салада әлемдік көшбасшыға айналдыратын толыққанды платформа жөнінде әңгіме болып отыр. Мұны іске асыру үшін бір жылға жетер-жетпес мерзім беріліп отыр, – деп айтқан Мемлекет басшысы осыған орай біздің елге де шара қолдану керек екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Кемелұлының әзірге пауымдауынша, әрине, Қазақстан жаһандық ауқымдағы көшбасшылыққа таласпайды. Бірақ өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. Ойланып-толғанып жүруге уақыт аз деп отыр.
Елді мекендегі кәсіпкерлікті дамыту қажет
Ауылды дамытудың соңғы, яғни бесінші бағыты ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге арналды. Президенттің пәрмені бойынша алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі.
Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Ал мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбағандықта, бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға едәуір кедергі келтіріп келеді.
– Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет.
«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
Ауылды дамыту үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдаланған жөн. Қазіргі таңда бұл корпорациялардың ауыл экономикасына еш көмегі тимей тұр. Мен Жолдауымда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыру туралы тапсырма бердім. Үкімет және Президент Әкімшілігі бұл жұмыспен айналысып жатыр. Нақты нәтиже күтемін. Осы корпорациялардың және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ресурстарын ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіру үшін жұмсаған абзал, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінгі таңда көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы. Ол жағынан Президент хабардар екенін жеткізді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысатын және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жөндеп, қызмет көрсететін сервистік дайындау орталықтары жетіспейді.
Ал оңтүстік өңірде суару арналары мен ирригация жүйелеріне қатысты мәселе өте өзекті болып табылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде тиісті инфрақұрылым болса, әкімдердің жергілікті бизнесті қолдауға және инвестор тартуға мүмкіндігі артатынын түсіндірді. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу үшін Аймақтық стандарттар жүйесіне өзгерту енгізу қажет. Президент осыны оңтайлы ету үшін Үкіметке ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Депутат санын көбейтпей, Парламент жұмысын жетілдіру маңызды
– Құрметті жиынға қатысушылар! Мен биылғы Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді. Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсуде. Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар.
Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет, – деді ел Президенті.
Одан бөлек Қасым-Жомарт Кемелұлы заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни өз ісінің майталмандары қажет екенін ескертті. Осылайша, нағыз кәсіби Парламентті жасақтап, жаңа комитеттер құру маңыздылығын сөз етті.
Президенттің пайымдауынша, цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Қазіргі уақытта осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар түсуде екен. Соның бәрін әбден пысықталады және оның нәтижесі кейін жарияланбақ. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің де осы аса маңызды реформа бойынша ұсыныстары бар екеніне тоқталды.
– Жалпы, Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беретін болады деп айтсақ, қателеспейміз.
Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз, – деп мәлімдеді Қ.Тоқаев.
Ауыл – ұлттың өзегі
Жиын соңына таман Мемлекет басшысы ауылды басқарып отырған азаматтарға сенім білдіріп, елді мекендердің дамуына мемлекет әрдайым қолдау білдіретінін айтты.
– Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені көтеріп, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс. Ауыл әкімі осы өте маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы «Таза Қазақстан» қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын. Әкімнің ең басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру.
Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді деген сөз. Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын.
Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет алдында әлі біраз сынақ болуы мүмкін
Бұл басқосуға ауыл әкімдерінен басқа Үкімет мүшелері және облыс әкімдері де қатысты. Осы ретте Президент өз сөзін аталған азаматтарға қарата айтып, Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырғанын айтты. Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданыпты. Президенттің пәрмені бойынша құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек және бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуы тиіс. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат берді.
– Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту қажет; жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыру керек; дайын өнім экспортын көбейту қажет.
Мемлекетіміздің алдында әлі де көптеген сынақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал тұрақты емес, келешегі бұлыңғыр деуге болады. Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, тіпті, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика да құбылмалы күйде. Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет, ішкі даулардан аулақ болып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Жалпы, бәрімізге ортақ аса маңызды міндет – ел мүддесіне тиімді қызмет ету. Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі – бәрінен қымбат. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған ең биік мақсат. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін, – деп Мемлекет басшысы жиынды түйіндеді.
Бұл жиын барысында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев және әр өңірден келген бірқатар округ әкімдері Президент алдында сөз сөйлеп, ауылдың жағдайын жақсартуға қатысты ұсыныс-тілектерін жеткізді. Олардың арасында біздің жерлесіміз, Райымбек ауылдық округінің әкімін Ержас Тоқтасынов та бар. Округ басшысы Мемлекет басшысына ауыл әкімдеріне сенім білдіргеніне және ел үшін еткен еңбегіне ризашылығын білдірді.
***
Елді мекендердің жағдайы сөз етілген Ауыл әкімдерінің диалог-платформасының алаңы арнайы панельдік отырыстармен жалғасты. 1 800-ден аса ауыл әкімін біріктірген платформада Үкімет мүшелері олардың сұрақтарына жауап берді.
Ал одан кейін «Клиентке бағдарланған сервистік мемлекеттік қызмет: диалог, кәсібилік, ашықтық» атты арнайы панельдік сессия өтті. Оны Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырып, оны агенттік төрағасы Дархан Жазықбай жүргізді. Бұл жиынға Парламент депутаттары, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, ауыл және аудан әкімдері, әкімдік қызметкерлері, азаматтық қоғам өкілдері мен жергілікті басқару саласының сарапшылары қатысты.
Дархан Жазықбай өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі азаматтардың ел дамуына ықпал ететін маңызды шешімдер қабылдауға септігін тигізгенін атап өтті.
Осы ретте айта кету керек, елімізде 2021 жылы алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау науқаны өткізілді. Ал 2023 жылдан бері аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін қанатқақты режімде сайлау жүргізіліп, биылдан бастап бұл тәжірибе бүкіл республика бойынша кеңінен енгізілді.
Енді алдағы уақытта оларға қойылатын талаптар да өзгермекші. Қызметке қабылдау, оны өткеру және тоқтату тәртібі жаңа мазмұнмен толықтырылады. Сайланған әкімдер енді өз өкілеттігі кезеңінде сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттердің орындалуы бойынша тікелей халық алдында жауапты болады.
– Жергілікті әкімдердің кәсіби даярлығы мен біліктілігі, лауазымдық міндетін атқарудағы жауапкершілігі мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін анықтайтын факторлардың бірі. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау кезінде саяси партиялар өздері ұсынатын кандидаттардың тұлғалық жауапкершілігі мен кәсіби даярлығына баса назар аударып, олардың болашақта әкім болуға лайықтылығының жауаптылығын өздеріне ала білуі керек. Агенттік өз тарапынан әкімдердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын тұрақты үйлестіруге қашан да дайын, – деді агенттік төрағасы.
Ал Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жұртшылықтың тамыры ауылда жайылғанын айтып, ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болатынын айтты.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Айдос Сарым әрбір қазақтың санасында, әр әкімнің пайымында «идеал әкім» деген ұғым болу керек екенін алға тартты.
– Жақында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік Бердібек Мәшбекұлының өмірі мен еңбегі туралы, өз сөздері мен замандастарының пікірлері жинақталған жақсы кітап шығарыпты. Осы еңбекті оқуға кеңес беремін. Себебі кітапта әкімнің әр сатыдағы жұмысы: халықпен қалай сөйлесу, мәселені қалай түсіндіру, сөзді қалай өткізу сияқты маңызды дүние барынша қамтылып, нақты көрсетілген, – деді А.Сарым.
Сессия соңында жергілікті басқару жүйесінің тиімділігі, мемлекеттік қызметшілердің саясаты, мемлекеттік аппараттың қызметіне қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
