Кеген ауданының аумағында Тасашы ауылы бар. Сонау өткен ғасырда Қазақ КСР-нің 50 жылдығы атындағы тәжірибе шаруашылығы құрылып, Тасашы ауылының іргетасы қаланған. Аталған шаруашылықта еңбек еткен жандар, ауыл тұрғындары өткен жылдары ауыл іргетасының қаланғанының жарты ғасырлық мерейлі тойын атап өтті.
Жақында Кеген ауданы әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы Тасашы орта мектебіне қарасты интернаты бар мектепке дейінгі шағын орталығымен және Сарыкөл бастауыш мектебінің жұмысымен танысып, келесі оқу жылына деген дайындықтарын өз көзімен көрді.
Айта кетейік, оқу ордасы 1978 жылы 640 орындық балаға арналып салынған. Бүгінгі таңда 148 оқушы білім алады. Ал балаларға арналған мектеп жанындағы интернат 1986 жылы құрылып 120 балаға арналып салынса, қазіргі уақытта 53 бала жатып білім алуда. Аталған білім ордасы келер жылы күрделі жөндеу жұмыстарына тартылатын болады.
Өңірдің толғантар мәселелері бірте-бірте реттеліп, олқы тұстары бүтінделіп келе жатқан мұндағы ел мен жұрт ертеңге күндеріне үлкен үмітпен қарайды.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.