Мектептерде оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамту – өзекті мәселе. Білім саласындағы бұл жүйелі жұмыс Қарасай ауданында қалай жүзеге асырылуда? Қандай отбасынан шыққан балалар аталған көмек түрін алуға мүмкіндігі бар? Осы сауалдардың жауабын білу үшін біз Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркімбаевамен сұхбаттасқан едік.
Оның айтуынша, Қарасай ауданында барлық мектеп оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмеген. Бірнеше санатқа жататын балалар ғана аталған көмек түрін ала алады. Атап айтқанда, бұл санатқа атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, атаулы әлеуметтік көмек алмайтын жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, басқа отбасында тұратын, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар жатады. Бүгінгі күні Қарасай ауданы бойынша 52 мектеп бар, оның ішіндегі 7714 балаға түскі ас тегін беріледі. Әрбір балаға берілетін күнделікті ыстық тамақ үшін 490 теңге бөлінеді. Қарасай ауданы оңтүстік астанамен шекералас болғандықтан, ауданымыздағы мектеп оқушыларының ата-аналары тарапынан: «Алматы қаласында 1-4 сынып оқушыларына 100% тегін тамақ беріледі. Неге біздің ауданда олай емес?» – деген сауалына Әсел Әбілеқызы былай жауап берді: – Иә, расымен бұл сұрақты ата-аналар біздің аудандық білім бөлімі мен мектеп әкімшілігінен де жиі сұрап жатады. Алматы – бұл еліміздегі республикалық маңызы бар ірі қала. Сондықтан бұл шаһардың жергілікті бюджетінің шамасы көтеріп тұрғаннан болар, балалар ыстық тамақпен қамтылған. Ал біздің Алматы облысында бұл мәселе бойынша қаржы қарастырылмаған, тек бес санаттағы оқушыларды тегін түскі аспен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар, – деді ол.
Аудандық білім бөлімінің өкілі өз кезегінде аталған санатқа жататын балалар әлі де тегін ыстық тамақпен қамтылмаған болса, онда мектеп әкімшілігіне барып өтініш қалдыра алатынын да айтып өтті. Өйткені бұл көмектің кез келген басқа түрі сияқты автоматты түрде күшіне енбейді. Оқушылардың тегін тамақтануға өтініш беру мерзімі өңірлік деңгейде белгіленеді, әсіресе, мектеп әкімшілігіне хабарлау арқылы. Бірақ көп жағдайда олар оқу жылының басынан мамырдың соңына дейін созылады. Егерде жыл ортасында отбасында нәресте дүниеге келіп, көп балалы отбасы мәртебесін иеленген жағдайда сол отбасы аталған күннен бастап көмек түріне өтініш бере алады. Тегін тамақтануға өтініш беру үшін ата-аналар мектеп әкімшілігіне келесі құжаттарды ұсынуы керек: білім беру мекемесінің директорына жазылған өтініш; отбасының қазіргі құрамы туралы толық ақпарат беретін анықтама: баланың туылуы және оның өтініш берушімен қарым-қатынасын растайтын құжат; өтініш берушінің ата-анасының немесе қамқоршысының жеке куәліктерінің көшірмесі. Тегін тамақтану үшін мектеп әкімшілігіне ұсынылуы қажет құжаттардың толық тізбесін оқу орнының әкімшілігінен табуға болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.