Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық өңіріндегі мектептерде бастауыш және әлеуметтік осал санатына жататын басқа да сыныптардың оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту жұмысы міндеттелген болатын.
Білім саласындағы бұл жүйелі жұмыс елдің барлық аймағында жүзеге асырылуда. Десе де халық арасында тамақтану сапасына қатысты екіұшты ойлар туындап жатқанын жасыра алмаймыз.
Ал Қарасай ауданында тамақтану сапасы қандай? Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Бекітілген тамақтың құны қанша? Осы және өзге де сауалдардың жауабын біліп, тақырыпты кеңінен түсіндіріп, талқылау мақсатында жақында Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаевамен тілдескен едік.
– Әсел Әблекқызы, оқушыларды тамақтандырудың негізгі мақсаты неде? Соны нақты түсіндіріп өтіңізші.
– Сұрағыңызға рақмет. Өте орынды. Оқушыларды тамақтандырудағы негізгі мақсат – олардың арасындағы тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Өкінішке орай қазіргі таңда балалардың көбі дұрыс тамақтануды білмейді. Өйткені олар пайдасы жоқ фаст-фуд өнімдерін қолданады. Соның салдарынан созылмалы ауруға шалдығып жатады. Мәселен, біздің ауданда оқушылардың 38%-ы дәл осы дертке душар болған. Ал оның алдын алу үшін, сондай-ақ мектептерде тамақтану мәдениетін қалыптастыру мақсатында тегін тамақтану ұйымдастырылды. Осы ретте ата-аналар қауымы мына бір жайтты түсінсе екен деймін: жалпы мектептегі тамақтандырудың ең басты мақсаты – баланы ыстық тамақ жеуге үйрету, қалыптастыру. Иә, балалардың көбі тек қана бәліш, самса, одан қалса шоколад жегісі келетіні жасырын емес. Сондықтан қазір біз балаларға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Яғни, оқушылардың ағзасына ыстық тамақтың пайдасын айтамыз.
Өткен жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін балалардың тамақтану мәдениеті едәуір қалыптасты. Оқушылар ыстық тамақ ішуге үйреніп қалды. Сонымен қатар, тағы бір мәселе бар. Ол – ата-аналар тарапынан жиі қойылатын сұрақ. Мәселен, «Неге асхананың тамағы дәмсіз?» деп сұрап жатады. Бұл ретте айта кету керек, асхананың тамағы дәмді болу маңызды емес, ең бастысы – оның ағзаға пайдасы, құнарлы болуы. СанПиннің нормалары бойынша бала дұрыс тамақпен қамтамасыз етілу керек. Соған сәйкес асханаларда тиісті тағамдар әзірленеді. Нақты айтқанда, суға немесе буға пісірілген тамақтар болуы қажет. Мұндай тағамдар баланың ағзасына пайдалы болып табылады.
Мектепте балалардың арасында асханада бекітілген ас мәзірі бойынша тамақты жемейтіндері де бар. Оның ішінде біреуі қырыққабатты, енді бірі балықты ұнатпайды. Бірақ бүгінгі таңда олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бәріне жоғарыда аталған тамақтардың пайдасы жайлы айтылуда. Мұндай жағдайды ата-аналар да ескерсе екен деймін. Бала – ол қашанда бала. Нақты әлі түсінігі қалыптаспағандықтан, кейбір жайттарды түсіндіру керек. Ненің пайдалы, ненің пайдасыз екенін жеткізу керек деп ойлаймын. Сол үшін ата-аналар балаларымен жиі әңгімелессе екен деймін.
– Әңгіме барысында балалардың жеңіл тамаққа әуес болғанын айтып қалдыңыз. Қазір уақытта олардың ыстық тамаққа үйренуі қалай байқалуда?
– Ол жағынан көрсеткіш жақсы. Мысалы, оқу жылының басында оқушылардың 10%-ы ғана тиянақты тамақ ішсе, қазіргі таңда 70%-ы мектептегі асхананың тамағына үйренді.
– Әсел Әблеқызы, аудан бойынша мектептердегі асханалардың жағдайы қалай? Еліміздің кейбір аймағында асханасы жоқ білім ошақтары бар екен. Біздің ауданда мұндай мектептер бар ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Қарасай ауданы бойынша 55 мектеп бар болса, оның үшеуінде, атап айтқанда бастауыш мектептерде өкінішке орай ешқандай асхана жоқ. Бұл мәселені шешу мақсатында осы аталған үш шағын білім ошағына жақын орналасқан мектептердегі асханалардың иелерімен келісімшарт жасалған. Олар тасымалдау қызметі арқылы жоғарыда атап өткен асханасы жоқ бастауыш мектептерді буфеттік жағдайда тамақпен қамтамасыз етіп отыр.
– Келесі сауалым асханалардағы тамаққа жауапты қызметкерлердің жұмысы жайында болмақ. Аспазшылардың бәрі өз ісін жақсы білетін кәсіби қызметкерлер ме?
– Жалпы мектептердегі асханаларда тамақтандыру жұмысы мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жүзеге асырылатынын айта кету керек. Оның бекітілген талаптары бар. Ал конкурсқа қатысқан кәсіпкерлер немесе компаниялар асхана жұмысына қатысты шарттарға сәйкес біліктілігі бар аспаздармен, диетсестралармен қамтуы тиіс. Олардың барлығы әр мектепте құрылатын брокиражды комиссия арқылы қадағаланады. Оның құрамында мектептің директоры және орынбасары, медбике, әлеуметтік педагог, ата-аналар қауымынан бір адам сияқты мүшелері болады. Комиссияның басты міндеті – асхананың жұмысын бақылау, тексеру, одан бөлек тамақтың сапасын, өлшемін, ас мәзіріне сәйкес берілуін қадағалау.
– Мектептерде тегін тамақтану жұмысы қолға алынғаннан кейін еліміздің әр өңірінде тамақтану құны бекітілген. Әр жерде бағалары әртүрлі. Біздің ауданда қанша теңге?
– Тегін тамақтануға бөлінетін қаржы жергілікті бюджеттің есебінен қарастырылғандықтан, әр аймақтағы тамақтанудың құны әртүрлі болып келеді. Осыны ескере кету керек. Біздің аудан Алматы облысына қарасты болғандықтан, осы өңірге бекітілген тамақтың құны – қосымша құн салығымен есептегенде 495 теңге.
Ата-аналардың көбі осы бағаны естіп: «Оған қандай тамақ беріледі?», – деп сұрақтарын жиі қойып жатады. Осы ретте айта кетерім, санПиннің нормаларына сәйкес әр тамақтың мөлшерлі салмағы болады және соған сай дайындалады. Сонымен қатар жоғарыда атап өткенімдей, тамақтану мәдениетіне сәйкес оқушының тойып жеуі – мақсат емес. Бала жеңіл-желпі, пайдалы тағамдарды тұтынуы қажет. Сондықтан асханаларда балалардың жас ерекшеліктеріне сай ас мәзірі бекітіліп, соған байланысты тамақ беріледі.
– Әсел Әблеқызы, аудан бойынша мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылған оқушылардың нақты санын айта аласыз ба?
– Әрине. Бүгінгі таңда тегін ыстық тамақпен қамтылған 1-4 сынып аралығындағы оқушылардың саны 41 448 болса, әлеуметтік осал топ санатына жататын 5-11 сынып оқушылардың саны 5138-ді құрайды. Бұл ретте тағы бір маңызды жайтты айта кеткен жөн, белгілі себептерге байланысты өз үйінен білім алатын және диетадағы балалар жоғарыда көрсетілген оқушы санына кірмейді. Себебі олардың дәрігерлер бекіткен арнайы тамағы бар. Ол туралы ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Әркімнің тұрмыс жағдайы әртүрлі екенін білеміз. Осы ретте ата-аналардың тарапынан тегін тамақтан бас тартқандар бар ма?
– Әлбетте мұндай жағдайлар бізде орын алған. Баласын тегін тамақтандырудан бас тартқан ата-аналар бар. Біз олардың әрқайсысынан бас тарту жөнінде қолхат алып, кейін сол оқушыларды тізімнен шығардық.
– Пайдалы ақпаратыңызға көп рақмет, Әсел Әблеқызы!
– Сізге де көп рақмет! Жалпы біздің бүгінгі басты мақсатымыз – тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Осыны ата-аналарға тағы қайталап түсіндіргім келеді. Барлық бала ағзаға пайдалы тамақты ішу керек. Зиянды тағам жайлы олар білгені жөн. Дәмді заттың бәрі пайдалы емес екенін мектеп қана емес, ата-аналар да түсіндірсе екен деймін.
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.