Кітапхана – рухани азық мекені. Бүгінгі технологиялық революция заманында өскелең ұрпаққа олардың артықшылығы мен маңыздылығын жиі айтып тұру артықтық етпейді. Себебі, кітапты қолға алып, оқығанды сана сезіміңмен түйсініп, көңілге түюдің өзі ерекше шабыттандырады.
Таяуда, осы мақсатта Көксай ауылында орналасқан М.Мәметова атындағы мектепте, Іргелі ауылдық және мектеп кітапханасы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, «Білім көзі кітапта» атты ертеңгілік өтті. Мектептің 1-2-3 сынып оқушылары қатысқан шара барысында кітапханашылар О. Байсартова және осы жолдардың авторы сөз алып, білім алудың қаншалықты маңызды екенін айтып, оқушылармен викторина ойынын өткізді. Атап айтқанда, «Өлең – сөздің патшасы», «Мақал – сөздің мәйегі», «Білім көзі – кітапта», «Тапқыр болсаң, тауып көр» бөлімдерінде кітап туралы өлең жолдарын оқып, мақал айтып, сұрақтарға жауап беріп, оқылған шығарманың үзіндісінен авторы мен шығарманың атын атауға асыққан оқушылар өз білімдерін көрсете білді.
Ертеңгілік соңында «Балаларға базарлық», «Кітап – білім бұлағы» атты көрмеге шолу жасалып, жаңа кітаптар таныстырылып, кейбірін оқуға кеңес берілді.
Қарлығаш РАХЫБАЕВА,
Іргелі ауылдық кітапханасының меңгерушісі.