Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, жылда жоспарға сай аудан әкімі белгіленген уақыттарда тұрғындар алдында есеп беру мақсатында тұрақты түрде кездесулер өткізіп отырады. Дәстүрге айналған бұл есеп беру жиыны биыл аудан орталығы Қаскелең қаласынан бастау алып, Әйтей ауылдық округінде тәмамдалды. Әйтейліктермен кездесу барысында әдеттегідей аудан басшысы Жасұлан Естенов алдымен округ бойынша өткен жылы атқарылған және алдағы уақытта жүзеге асатын жұмыстар жайында баяндады. Мұнан кейін тұрғындар тарапынан қойылған түрлі сауалға жауап берді.
Округ бойынша шешімді қажет ететін мәселелер қаралған жиында тұрғындар тарапынан көбінде медицина мәселесі көтерілді. Аңығырақ айтқанда, сауал қойғандардың бірі бүгінде округке қарасты ауылдарда ауруханалардың жетіспейтіндігін, ал бар фельдшерлік-акушерлік пункттер 2-3 бөлмелі шағын ғимараттарда орналасқандықтан өте ыңғайсыз екеніне шағымданса, енді бірі мұндағы ФАП-тарда барлық қажетті құрал-жабдықтардың, ең бастысы кардиолог, невропатолог, педиатр секілді арнайы бағыттағы мамандардың жоқтығын айтып, балаларын жақсы мамандарға көрсете алмай отырғандарын жеткізді. Тағы бірқатар ауыл адамдары мұндағы медициналық орталықтарда керек кезде, тіпті алғашқы көмекке кезінде салынатын дәрінің жоқ екенін, оған қоса округ дәрігерлері қаралып жүрген науқастарға тегін берілуі керек дәрілерді уақытылы бермейтінін немесе «мүлдем бізде жоқ» деп қайтаратын кездері көп екенін айтып, наразылықтарын білдірді.
Бұған аудан әкімі Жасұлан Естенов ағымдағы жылы Үштерек ауылында 50 келушіге арналған амбулаторияны салуға 300 млн.теңге бөлініп, құрылысын осы айда бастау жоспарланғанын, сондай-ақ Әйтей ауылында істеп тұрған 20 келушіге арналған амбулаторияның қасына қосымша жапсаржай салу мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жіберілгендігі жайлы айтты. Ал мамандар бойынша орталық аурухананың бас дәрігері Алмат Чорманов жауап беріп, қазіргі уақытта әр округке мамандандырылған қызметкерлерді бөлуге мүмкіндік жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде кардиолог, невропатолог секілді мамандар аз, әсіресе оның ішінде өз жұмысын жақсы білетіндер көбінде ақылы ауруханаларға кетіп жатқандығын жеткізді. Ал педиатрларға келетін болса, осыдан 10 жыл бұрын елімізде педиатриялық факультеттер жабылғандықтан олардың саны күрт азайып кеткен. Дегенмен соңғы жылдары аталған факультет қайтадан жұмысын бастап, бүгінде алғашқы түлектер оқуларын аяқтауда. Осыған орай қазіргі таңда жас мамандармен келіссөздер жүргізілуде. Бұған қоса бас дәрігер алдағы уақытта тұрғындарға ыңғайлы болу үшін үлкен ауылдарда дәрі тарататын арнайы пунктер ашу жоспарда бар екенін және осыған байланысты бүгінде фармацевт мамандары іздестіріліп жатқандығын да айтты. Сондай-ақ Алмат Тұрсынжанұлы тұрғындар тарапынан түскен көптеген шағымдарға байланысты қазіргі уақытта барлық округтердегі медициналық орталықтарда аудиттік тексерістер жүргізілуде екенін және де соған сәйкес жұмысын дұрыс атқармай отырғандар қызметтен босатылатындығы туралы мәлімдеді.
Жиында тағы бір көтерілген өзекті мәселе – қоқыс полигонынан тарап жатқан жағымсыз иіс. Тұрғындардың көбі полигоннан келген иіс адам төзгіссіз екенін айтып, оны жауып тастауды сұрады. Бұған аталған полигонның иесі олардың жұмысы барлық талапқа сай жүргізіліп жатқандығын, тоқсан сайын оларды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау тексеріп тұратындығын жеткізді. Екі жақты да тыңдаған Жасұлан Тоққожаұлы округ әкіміне экология департаментіне аталған полигонды тексеру жөнінде хаттама жіберуді тапсырды.
Мұнан бөлек әйтейліктер ауылдарда балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне арналған алаңдар, әсіресе үлкен стадионның қажеттілігі бар екені айтылды. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы қазіргі уақытта ауданның және облыстың барлық назары, қаражаты үшаусымдылықты жою мақсатында салынып жатқан мектептерге бөлініп отырғандығын түсіндірді. Мемлекеттік бағдарлама аясында ауданда салынып жатқан 10 мектептің арқасында үшаусымдылық мәселесі шешілсе, келесі жылдың бюджеті ойын алаңдары, стадион секілді басқа да қажеттіліктерге бөлінетіндігін жеткізді. Мектептер жайлы мәселе көтерілгенде округке жақын орналасқан Текелі саяжайының тұрғындары әкімнен балаларды оқуға апаратын көлікпен көмек көрсетуді сұрады. Тұрғындар өтінішін мұқият тыңдаған Жасұлан Естенов жоғарыда аталған мектептердің біразы биыл аяқталып, қолданысқа берілген кезде осыған дейін тасымалданып жүрген балалар өздеріне жақын мектептерге орналасатынын және бос автобустардың біразы саяжай балаларын тасымалдауға берілетінін айтты. Осы мәселені назарға ұстау жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаеваға тапсырма берді.
Жалпы жиында жоғарыда айтылғандардан бөлек, елді мекенге қарасты саяжайлар, ауыз су, жарықтың дұрыс істемеуі, асфальттың жоқтығы, қоқыстың уақытылы тазаланбауы, қаңғыбас иттердің көптігі секілді өзекті мәселелер сөз етілді. Бұл қойылған сұрақтардың барлығына аудан әкімі жауап беріп, кейбір мәселе бойынша округ әкімі мен тиісті бөлім басшыларына міндет жүктеді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.