Қазіргі уақытта маркетплейстерде сауда-саттық жасау күнделікті іске айналды. Онлайн-шопингтің мұндай түрі ұнатқан затыңызды кез келген уақытта қиналмай сатып алуға мүмкіндік береді. Алайда, бұл жерде де қырағылық аса қажет, себебі алаяқтардың құрығына түсіп қалуыңыз әбден мүмкін.
Маркетплейстердегі алаяқтықтың кең тараған бес тәсілін және олардан қалайша қорғану жөнінде Fingramota.kz-пен қарастырып көрелік.
Маркетплейс «online marketplace, online e-commerce marketplace» деген ағылшын сөздерінен шыққан және электрондық, виртуалды сауда алаңы деп аударылады. Басқа сөзбен айтқанда, маркетплейс – бұл үшінші адамдардың өнімі немесе көрсететін қызметтері жөнінде ақпарат ұсынатын электрондық коммерция алаңы, электрондық сауда-саттықтың интернет-дүкені.
Тұтастай алғанда маркетплейс өнімдер мен қызметтер ұсыну бойынша оңтайландырылған онлайн-алаңды (интернет-сайтты) білдіреді.
№ 1 схема. Жалған сілтеме бойынша үлкен жеңілдіктер
Мерекелер қарсаңында немесе үлкен жаппай сатылымдар кезінде алаяқтар электрондық пошта арқылы маркетплейстерді пайдаланушыларға бұрын-соңды болмаған жеңілдіктер жөнінде қызықтыратын ұсыныстар жібереді. Және де бұл хабарламаларда ресми дүкеннің жалған ұқсас-сайтына апаратын сілтеме болады, онда сізге нысанды толтыруды сұрайды, оны толтырған жағдайда алаяқтар сіздің картаңыздағы ақшаны иемденіп кетеді.
Кеңес: күмәнді, тым жоғары жеңілдіктерге сенбеңіз және ашатын сайттарды әрқашан тексеріңіз, деректеріңізді көрсетуге асықпаңыз. Электрондық поштаңызға келіп түскен барлық ақпаратты маркетплейстің ресми қосымшасында тексеріңіз.
№ 2 схема. Жалған техникалық қолдау
Алаяқтар әлеуметтік желілер дамыған заманда көңілі толмаған сатып алушылардың дәл сол жерде жағымсыз пікір жазатынын пайдаланып қалады. Мынадай жағдайды елестетіңіз: техникалық ақауларға байланысты маркетплейс тауар үшін сіздің шотыңыздан артық ақшаны есептен шығарады делік. Сіз маркетплейстің әлеуметтік желілердегі парақшасын тауып алып, пікіріңізді қалдырасыз. Сізге техникалық қолдау бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған адам хабарласып, жағдайды жылдам реттеуге ұсыныс жасайды. Бірақ ол үшін сіз арнайы сілтемеге өтіп, картаңыздың деректерін енгізуіңіз қажет. Бұл орайда олар ақшаңызды өтемақысымен қайтаруға уәде етеді. Егер сіз келіссеңіз, ақшаңыздан ғана емес, шотыңызда қалған қаражатыңыздан да айырыласыз.
Кеңес: жағымсыз пікіріңізді ресми қосымшадағы арнайы нысан бойынша ғана қалдырыңыз не тікелей колл-орталыққа хабарласыңыз. Әлеуметтік желілерге сенбеңіз – алаяқтардың арбауына түсу қаупі тым жоғары.
№ 3 схема. Аккаунтты ұрлау
Алаяқтардың байланыстырылған карта арқылы зат сатып алу үшін маркетплейс пайдаланушыларының есептік жазбаларын ұрлауы жиі кездеседі. Сонымен қатар, сатып алу, әдетте, қосымша растауды қажет етпейтін белгілі бір сомадан аспайды.
Кеңес: маркетплейсте құпиясөзді үнемі өзгертіп отырыңыз, ең дұрысы – онлайн сатып алуға азғантай лимит белгілеп қойыңыз және тек сатып алу кезінде ғана кіріңіз. Интернет-сатып алуға арналған шамалы ғана сомасы бар жеке карта ашып қойсаңыз тіптен жақсы. Егер алаяқтар сіздің аккаунтыңызды бұзған болса, техникалық қолдауға жүгініңіз және тапсырыстың күшін жойып, тауардан бас тартқаныңыз үшін ақы төлеуге мәжбүр болмас үшін жағдайды түсіндіріп айтыңыз. Егер Сіздің өтінішіңіз аяқсыз қалса, құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
4-схема. Қосымша табыс
Маркетплейстердің танымалдылығын ескере отырып, адамдар онда жұмыс істеуден күдіктенбейді. Алайда, егер ұсыныс сізге ресми веб-сайттан немесе жұмыс іздеу бағдарламасынан емес, мессенджердегі хабарлама арқылы келсе, сақ болу керек. Әсіресе, егер бос жұмыс орны бойынша біліктілік талаптары көрсетілмесе және жұмыс туралы нақты ақпарат берілмесе, мұқият болыңыз. Әдетте, алаяқтар жақсы ақша төлеуге уәде берген жұмысты ұсынғаннан кейін «депозит» салуды және жалған веб-сайтқа кіруді сұрайды. Алаяқтар ақшаны салғаннан кейін сіз салынған ақшадан 30-дан 70%-ға дейін кіріс аласыз – сома неғұрлым көп болса, пайыз да соғұрлым көп болады деп сендіреді. Алаяқтарға сеніп, деректеріңізді берген жағдайда, оларға сол деректерді енгізу арқылы ақшаңызды алуға жол ашылады.
Кеңес: Жұмыс тәжірибеңіз болмаса да жалақысы көп жұмысқа орналастырам деген уәделерге сенбеңіздер және жұмыс берушіге әлеуметтік желілер және мессенджерлер арқылы байланысқа шықпаңыз. Сізге ұсынып отырған бос жұмыс орнының толық сипаттамасын талап етіңіз, дұрысы бос жұмыс орны жарияланған ресми қосымшалар мен жұмыс іздеуге арналған сайттардың сілтемесін сұратыңыз. Ең бастысы тіркелу немесе сақтандыру қызметі үшін төлем жібермеңіз, жұмыс істеп тұрған, бұрыннан белгілі жұмыс берушілер мұндай әрекетке бармайды.
5-схема. Жақсы жазылған пікірлердің көмегімен жасалатын алаяқтық
Тауарды сатып алу алдында маркетплейс пайдаланушылары сатып алынатын тауар бойынша пікірлерді оқи отырып та алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін. Мысалы, тауарға теріс бағалау бергеннен кейін аферистер «дәл осындай тауарды арзан бағамен таптым, сапасы өте жоғары» деп жазып, астына сілтеме қалдыруы мүмкін. Егер сіз осыған сеніп, бағасы төмен, сапасы жоғары тауар алам деп тапсырыс берсеңіз, тауарды да ала алмай, ақшаңыздан да айырылып қалуыңыз мүмкін.
Кеңес: маркетплейстер күдікті пайдаланушылардың пікірлерін алып тастауға үлгермей жатады, сондықтан тауарды арзан бағамен алу туралы пікір қалдырған авторларға сенбеңіздер. Тауарды әрқашан да тексерілген сайттардан алуға тырысыңыздар, болмаса алаяқтақтардың құрбаны боласыздар.
Алаяқтардың арбауына түспеңіздер! Жақындарыңызға осындай алаяқтық әдістері туралы айтыңыз және Fingramota.kz-пен бірге қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз!